Қалтарыста қалған қайраткер

0 30

Өкінішке қарай, бұл бағдарлама жүзеге асырылмады. Сталин дүниеден өткен соң партия мен Үкіметтің жоспарлары қатты өзгерді. Мал шаруашылығының орнына Н.Хрущев елдің шығысында астық базасын құруды ұсынды. 1953 ж. қыркүйек айында КОКП ОК Пленумында ол тың және тыңайған жерлерді игерудің ауыл шаруашылық бағдарламасын жариялады. Брежневтің алғашқы батыс биографтарының бірі Джон Дорнбергтің «Брежнев: Личины власти» атты кітабында «Сол сәттен бастап Қазақстан Компартиясының басшыларымен, атап айтқанда, ОК бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовпен текетіресі басталғаны жазылған».
Шаяхметов тың игерудің мұндай қарқынымен, ауқымымен және тәсілдерімен келісе алмады. Олардың жеке кездесуі өтті. Шаяхметов Хрущевке республика өз жерлерін жоғалтатынын, егін шаруашылығы былай да қауіпті жағдайда тұрғанын, құнарлы көң қабаты тек бірнеше сантиметрді ғана құрайтынын, жер жырту кезінде сол ғана топырақты ұстап тұрғанын, даланың әлсіз екені, мал шаруашылығына баса назар аударуды, өйткені қазақ жері тарихи тұрғыда соған лайықты жаралғанын түсіндіреді және бұл соңғы сталиндік съезд кезіндегі кездесуде сөз етілген еді.
Бірақ Хрущевті бұл дәлелдер қанағаттандырмады, оның мақсаты ауыл шаруашылығы айналымына миллиондаған гектар жаңа жерлерді жыртуды енгізу еді. Өз естеліктерінде Хрущев былай деп есіне алады: «…Шаяхметов аз санды көрсетуді жалғастырды. Мен одан кейін оның позициясын талдап, Қазақстанның барлық мүмкіндіктері туралы білгенін түсіндім. Неліктен обком хатшылары басқа ұстанымда болды? Бұл жерде саяси, дәлірек айтқанда, ұлтшылдық себептер орын алды деп түсіндім. Шаяхметов астық алқабын ұлғайтса, оны қазақтар өздері өңдей алмайтынын түсінді. Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері, негізінен, украиндар мен орыстар өмір сүрді. Ол мұны түсінді және ешкім де тың жерлерді игеруге барғысы келетін еріктілерді көмекке шақыруға тура келетінін жасырмады. Біз олардың қажетті саны табылатынына сенімдіміз, ал ол мұны мүлде қаламады, өйткені сол кезде Қазақстанда тұрғылықты халықтың үлес салмағы одан ары төмендейді. Ал обкомдардың хатшылары коммунист ретінде бұл мәселені қазақ халқының мүдделерін барлық кеңестік адамдардың мүддесінен өзгеше етпей, неғұрлым дұрыс ұстанымда қарап шықты».
Хрущев Шаяхметовті көндіре алмайтынын түсінді, сондықтан ол шешуші шараларға көшті. «1954 жылдың 30 қаңтарында Шаяхметов пен Қазақстан Компартиясы ОК бюро мүшелері Мәскеу қаласына Хрущев, Брежнев, Пономаренко және ОК хатшылығы мүшелерімен кездесуге шақырылады. Онда олардың мінез-құлқы қатаң сынға ұшырап, сол кезде Шаяхметов және екінші хатшы Иван Афонов өз орындарынан алынып тасталды. Брежнев пен Пономаренко бір аптадан соң Алматыға Қазақстан Компартиясының ОК Пленумында Мәскеуде қабылданған шешімді заңды мөрмен бекіту үшін келді. Пленум Пономаренко мен Брежневтің «сайлануымен» аяқталды.
1954 жылдың ақпан айында өткен Қазақстан Компартиясының VII съезінде Шаяхметов есеп беру баяндамасымен сөз сөйледі, онда қалыптасқан партиялық рәсімге сәйкес өз қателіктерін мойындады. Бремен университетінің қазіргі заман тарихы мен мәдениетінің профессоры Сюзанна Шаттенберг өзінің «Леонид Брежнев. Величие и трагедия человека и страны» кітабында былай жазады: «Шаяхметов үшін сын мен өзін-өзі сынаудың ащы уақыты әлі аяқталмады: Пономаренко Шаяхметовтің есепті баяндамамен сөз сөйлеуіне пәрмен етті, өйткені осылайша «кемшіліктерді жақсы ашуға болады». Сол жерде Шаяхметов тың жерлерді игеруге шындап қарамағанына өзін-өзі кінәлады, тек Мәскеуден ОК-тің қысымымен ғана әрекет етті, қажетті бастама жасамады және ауыл шаруашылығы ұйымдарына қажетті қолдау көрсетпеді».
Шаяхметов қызметінен төмендетіліп, 1954 жылдың сәуірінде Қазақстан Компартиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне ауыстырылды. Оның алдында Шаяхметовті оның үлкен жұмыс тәжірибесін, халық пен партия органдарының беделін ескере отырып, ОК салалық хатшысы етіп қалдыру мәселесі талқыланған еді, бірақ Хрущев бұл ұсынысты қолдамады.
Оңтүстік Қазақстан облыстық партия ұйымында жұмыс істеген кезде Шаяхметовтың бас ауыруы басталып, ми ісігінің алғашқы белгілері байқалды, сондықтан ол үнемі жұмыста бола алмады және уақытының көп бөлігін үйде өткізді. Ал Хрущев пен Брежневке оның волейбол ойнауға және театрға баратынын жеткізіп отырды.

Ринат Шаяхметов

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + 6 =