Қалтарыста қалған қайраткер

0 83

(Басы №111 нөмірде)
Қазақстан майдан арсеналына айналды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Жұмабай Шаяхметов Гурьев-Орск мұнай құбырын салу, металл сынықтарын жинау жөніндегі Қазақ КСР бойынша МҚК (Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті) уәкілі, Қызыл әскерге жылы заттар жинау жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы болды, Қазақстан аумағы бойынша КСРО батыс аумағынан көшірілген азаматтық жұртшылықты, өнеркәсіптік және қорғаныс кәсіпорындарын, жоғары оқу орындарын, мәдени-ағарту мекемелерін, ғылыми-зерттеу институттарын, қызметкерлерін, мамандарын, олардың отбасы мүшелерін орналастыруға жауап берді.
1941 жылдың күзінде Алматыға институттар, театрлар, «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудиялары, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты – Кеңес театры мен киносының барлық қайраткерлері, жазушылар, ақындар, ғалымдар көшірілді.
Соғыс Қазақстан өнеркәсібінің дамуына себепкер болды. Қазақстанда 100-ден астам көшірілген кәсіпорынды орналастыру – индустрияның жаңа салалары-машина жасау, станок жасау, оқ-дәрі өндіру, химия өнеркәсібі және қара металлургия салаларының пайда болуына алып келді. Соғыс жылдары республиканың жеңіл, тоқыма және тамақ өнеркәсібі 50-ден астам көшірілген кәсіпорынмен толықты. Жеңіл және тамақ өнеркәсібінің жаңа салалары құрылды: кондитерлік, ет-консервілеу, балық-консервілеу, трикотаж, мақта иіру, тері және т. б. жеңіл өнеркәсіптің тігін, тоқыма, былғары, аяқ киім салалары едәуір дамыды.Жауға атылған 10 оқтың 9-ы қазақстандық қорғасын мен мыстан құйылған. Танктердің, ұшақтар мен кемелердің бронында қазақстандық марганец болды. Соғыс күндері Өскемен қорғасын-мырыш зауыты, Балқаш түсті прокат зауыты, Жезқазған марганец, Шығыс-Қоңырат молибден кеніштері мен комбинаттары, байыту фабрикалары іске қосылды. Қазақстан елдің шығысындағы көмір-металлургия кешенінің құрамдас бөлігіне айналды.
Кеңес Одағының «Правда» газеті өзінің бас мақаласында былай деп жазады: «Қазақтар майданда жауға өліспей беріспеді, майдан үшін олардың әкелері, аналары, әйелдері тылда жақсы жұмыс істейді. Қазақстан өз жерінің бар байлықтарымен, өз тауларының барлық қазыналарының қарымды күшімен майданға тіреу болды.
Соғыстың ауыр жылдарында Жұмабай Шаяхметов Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Николай Александрович Скворцовпен тығыз жұмыс істеді.
Отбасы мұрағатында 1945 жылғы 5 тамыздағы Скворцовтың Шаяхметовке өзінің Республика басшысы қызметінен босатылғаннан кейін Кисловодскіде емделу кезінде жіберген хаты сақталған. Ол былай деп жазады: «Сәлем, қымбатты жолдас Шаяхметов! Мен өзімнің онша ұзын емес өмірімнің 1\6 бөлігін Қазақстанда сүрдім, ол қандай жылдар еді, оны тек менің сіз сияқты достарым мен жолдастарым ғана түсініп, сезіне алады, денсаулығымызды аямай қоян-қолтық, Отанымыздың игілігі үшін, туған қазақ халқы үшін, оның одан әрі әл-ауқаты мен бақыты үшін күресіп, еңбек майданында аянбай қызмет еттік. Ал қаншама қиындықтар мен қиыншылықтарды бастан кештік, әсіресе соғыс жылдарында. Иә, біздің бірлесе атқарған жұмысымыз бен достығымызда еске алатын сәттер көп. Мені тағдыр қайда айдап соқса да, әрдайым және барлық жерде туған және менің жүрегіме жақын Қазақстан мен қазақ халқын, Сізді, достарымды және жолдастарымды, ең алдымен осы жеті жыл бойы менімен бірге иін тіресе жұмыс істеген адамдарды алғыс және мақтаныш сезімімен еске аламын».
1945 жылдың мамыр айында БК(б)П ОК Скворцовтың орнына Хабаровск өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Андреевич Борковты жіберді. Шаяхметов пен оның іскерлік қарым-қатынасы қалыптасты, ол көптеген мәселелерде оған сүйеніп отырды. Борков атап өткендей, Шаяхметов – қалыптасқан басшы, партия ОК хатшысы болып жеті жыл жұмыс істеген, Қазақстан халық шаруашылығының барлық салаларын, кадрлық мәселелерді түсінген, оны республикада және одан тыс жерлерде жақсы білді, оған КСРО басшылығы сенім білдірді, сондықтан Борков осы лауазымда бір жыл жұмыс істеп, Мәскеуде былай деген еді: «Онда мен не істеймін? Бәрібір барлық мәселелерді Шаяхметов шешеді емес пе?!».
1946 жылғы маусымда Қазақстан КП(б) ОК XV пленумында Ж.Шаяхметов Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы болып бекітілді. Сол жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар кеңесінің Сыртқы істер жөніндегі комиссиясының мүшесі болды. 1946 жылдың жазында Тушинодағы авиациялық шеруде, Сталин Шаяхметовке жақындай келіп, оны сол жерде отырған ел басшыларына «Жолдастар, бұл Қазақстанның бірінші ұлттық хатшысы – Жұмабай Шаяхметов» деп таныстырды.
Бұл адамзат тарихындағы ең жойқын соғыстан кейінгі елдің есін жинап, қалпына келе бастаған кезеңі болатын. Қазақстанда адамдар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың реэвакуациясы орын алды, олардың бір бөлігі республикада қалды және жаңа салалардың негізі болды.
1946 жылдың 31 мамырында Жоғарғы Кеңес Президиумының, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің және Қазақстанның КП (б) ОК қаулысымен құрылған КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалын ҚазКСР Ғылым Академиясы етіп қайта құру жөніндегі шешім ғылымды дамытуға септігін тигізді. Академияның салтанатты ашылуы 1946 ж. 1 маусымда Абай атындағы опера және балет театрында өтті.
1950 жылдың 12 маусымында үшінші шақырылымдағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында Шаяхметов Ұлттар Кеңесінің Төрағасы болып сайланды, кеңес Парламентінің көптеген тарихи мәжілістерін жүргізді. 1954 жылға дейін осы қызметте болды.
1952 жылдың қазанында БК(б)П XIX съезд делегаты болып сайланды, онда соңғы рет И.Сталин сөз сөйледі. Есеп беру баяндамасымен Маленков сөз сөйледі. Шаяхметов съезд төралқасына сайланды. Д.Қонаев өз мемуарында былай деп жазған: «Сталин президиумға Шаяхметовтің қасына отырып, бір нәрсе туралы онымен сөйлесе бастаған көрінісі қазақстандықтарды жандандырып, рухтандырып жіберді. Сөйтсе, Сталин республикадағы мал шаруашылығының дамуына қызығушылық танытыпты».
Осы әңгіме барысында Сталин 1952 жылдың 21 қазанына Шаяхметовпен кездесуді белгілейді. И.В.Сталин қабылдаған тұлғаларды жазу журналында бұл күні 22.15-те оған Г.М.Маленков, И.А.Бенедиктов, КСРО ауыл шаруашылығы министрі А.И.Козлов, БКП(б) ОК ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, бұрынғы КСРО мал шаруашылығы министрі, Ж.Шаяхметов, Қазақ КСР үкіметінің төрағасы Е.Б.Тайбеков кірді. Әңгіме түннің 23.35 дейін жалғасты. Осы кездесуде Қазақстанда Бүкілодақтық маңызы бар мал шаруашылығы базасын құру, қазақтардың өзінің байырғы ісі мал шаруашылығына қайта оралуы туралы сөз болады.

Ринат ШАЯХМЕТОВ

(Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × one =