Қалтаға қонымды ма?

0 143

Астана қаласы әкімдігінің алдындағы алаңда әр демалыс күндері оқушыларға қажетті кеңсе тауарларын, мектеп формасын қолжетімді бағамен сатып алуға болады.

Әкімдік жәрмеңкені «Мектепке жол» республикалық шарасы аясында ұйымдастырып, мектепке керек-жарақты нарықтағы бағадан төмен сатылымға шығарды. Мәселен, 12 беттік дәптер 5-12 теңге шамасында, қалам 30-60 теңге аралығында, ал ұл-қыз­дарға арналған форма 13500-15500 теңге тұрады.
Шараға кеңсе тауарларын, мектеп формасын сатушылармен қатар отандық өндірушілер де қатысады. Өңірден келген кәсіпкер Жұмабек Тұрынтаев Қарағанды қаласының шұлық шығаратын фабрикасы арнайы көрме үшін тауарларды көтерме бағамен ұсынғанын айтты. «Бүлдіршіндер шұлығының бағасы 250 теңгеден басталып, 500 теңгеге дейін барады» дейді ол.
Ал жәрмеңкедегі шымкенттік дүңгіршекте ұлдардың жейдесін 3500 теңгеден, ал қыздардың көйлегін 3000 теңгеден, шалбарды 5500 теңгеге сатып ала аласыз. Трикотаждан тігілген костюмді бірге алсаңыз, бірнеше мың теңгеңізді қалтада қалдырасыз.


Әңгімеге тартқанымызда әке-шешелер кейбір киім-кешектердің сапасы көңіл көншітпейтінін айтып қалды. Эльмира Ергалина есімді ата-ана «Жейделер Түркиядан екен, маған ұнады. Ал 3000 теңгелік шалбар сапасыз қытай материалынан жасалғаны көрініп тұр. Шымкенттік Golden Nomad фабрикасының шалбары одан қымбаттырақ, 6500 теңгеден ұсынылған» деп мектеп формасына қатысты пікірін білдірді.
Келесі жәрмеңкелер Бейбітшілік көшесі, 11 мекенжайы бойынша 25-26 тамызда және 1-2 қыркүйекте өтеді. Сауда жасаймын дейтіндер үшін дүңгіршектер таңертеңгі сағат 10:00-ден кешкі сағат 18:00-19:00-ге дейін жұмыс істейді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + eight =