ҚАЛТА ҰРЛЫҒЫ ҚАЙТСЕ АЗАЯДЫ?

0 500

Ұрлық – адамдыққа жатпайтын арам тірлік. Қазіргі таңда біреудің адал еңбегімен тапқан ақшасын немесе ұялы телефонын ұрлап, оны «кәсібіне» айналдырғандар көп.

qalta-urlyghy

Бүгінде ірі дүкендерде, сауда орындарында, тіпті қоғамдық көліктерде «Абайлаңыз, ұры!» деген сақтандыру тақталары ілін­ген. Ұрылардың суретіне қарасақ, олардың қатарында жасы да, жасамысы да, әйелі де, еркегі де бар. Бір қарағанда ұры екенін тап басып тану қиын.
Астанада жыл басынан бері 16 мыңнан астам ұрлық тіркелген. Оның 1,4 мыңы – қалта ұрлығы. Қалта ұрлығы көбіне халық жиі жүретін қоғамдық орындарда немесе қоғамдық көліктерде кездеседі.
«Бір айдан бері елордалық автопаркке автобус жүргізушісі болып жұмысқа тұрдым. Осы уақыт аралығында екі адамның сөмкесі тоналғанына куәмін. Бірі ақшасын ұрлатса, екіншісі ұялы телефонынан айрылды. Не себепті екенін білмедім, екеуі де ішкі істер орындарына барып арыздануға уақыты жоқ екендіктерін айтты. Оның үстіне автобуста бейнебақылау камерасы болмады» дейді елор­далық жүргізушінің бірі Абылай Ескермесов. Бұдан байқа­ға­ны­мыздай, ресми тіркелмеген ұр­лықтың саны қанша?!
Дәл қазір ұрлықтың өршитін кезеңі. Лық толы автобуста қалың киінген адамдар арасында арам тірлігін жасап жүргендер жоқ деп айта алмаймыз. Оның үстіне қалта ұрлығының 80 пайызы қоғамдық автобустарда тіркелген. Ішкі істер департаментінің құрылымында қалта ұрлығына қарсы арнайы бөлімше жұмыс істейді. Оның көмегімен жыл басынан бері 200-ден астам ұрлық ашылған. Ұрлықтың ашылуына көп жағдайда бейнекамералар септігін тигізеді. Десек те, бейнебақылау орнатылмаған көліктер көп. Жыл соңына дейін автобустарға 230 бейнебақылау орнату көзделген.
Қалта ұрлығы демекші, ұстал­ған ұрылардың көбі – бұған дейін де бірнеше мәрте істі бол­ғандар. Заңның осалдығы сол, қылмыс орта деңгейлі санатқа жат­қызылғандықтан, оны қарау прокурормен кері қайтарылады. Тек үшінші рет ұсталған жағдайда ғана қамауға алынады. Осы ретте Астана қаласы Ішкі істер департаментінің қызметкерлері қоғамдық орындарда жасалатын ұрлықтың алдын алу үшін азаматтарға жеке заттарына абай болу керектігін ескертеді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − fourteen =