ҚАЛТА ҚАҒАТЫНДАРҒА «ҚАҚПАН»

0 149

Автобустардағы абыр-сабырда айласын асырып, қалта қағатындардың қарасы азаймай тұр. Қазіргі таңда қаламыздағы жаңарған қоғамдық көлік­терде қауіпсіздік барынша қамтамасыз етілген. Мәселен, автобустардың көбіне орнатылған бақылау камералары қолының жымысқысы барларды құрықтаудың тиімді құралына айналды. Осы құрылғылардың көмегімен жыл басынан бері Астанада 40-тан астам қалта ұрлығы әшкереленді.

20160512055055

Көлігі сапырылысқан шаһарда күн сайын 886 автобус жолға шығады. Осы автобустар кеп­теліске тап болғанда, қалтақағарлардың «жұ­мысы» қыза түседі. Өйткені жұрт жұмысқа барар және қайтар кезде көшелер көліктерге ғана емес, автобустар адамдарға лық толады. Бұл сәтте құнды затын қолды етіп, опық жеп қалатындар жетеді.
Өзіміз жолаушылап жүріп, мұндай бейбастықтың талайы­на куә болдық. Бірақ әлгі камералардың арқасында ұн­жыр­ғасы түскен біраз адам ұрлатқанын тауып, қуанып та жатады. Алдымен осындай жағдайларға жиі ұшырасатын кондуктордан бейнебақылаудың кәдеге жараған кезін сұрап көрдік.
№50 бағытта қатынайтын автобуста қызмет көрсететін ерлі-зайыпты Қинаятовтар осыдан бір-екі ай бұрын бір қыз әмиянын ұрлатып алып, кейін полиция қызметкерлері бейнежазба арқылы ұрыны ұстағандарын айтып берді. Олардың айтуынша, ұрылардың көбі камерадан кәдімгідей сескенеді. Сондай-ақ, бұл камералар арқылы жүргізушілер мен кондукторлардың дұрыс жұмыс істеуі бақыланады екен. Оған қоса, түрлі жол-кө­лік оқиғаларында айыптыны анықтауға да септігі мол.
Содан соң автобустардағы бейнекамералар арқылы қанша құқық бұзушылық ашылғанын білмекке Астана қаласының Ішкі істер департаментіне жүгіндік.
– Қоғамдық көліктердегі бей­не­­­бақылау камералары Астана қаласының Ішкі істер департаментінің бастамасымен қалта ұрлығы қылмыстарының алдын алу және болдырмау мақсатында орнатылған. Нәтижесінде бейнебақылаулар қылмысты анықтауда тиімді­лігін көрсетті. Ағымдағы жы­лы қоғамдық көліктерде ка­мералардың көмегімен 40-тан астам қалта ұрлығы әшкереленді. Мысалы, 25 маусым күні 66 жастағы егде әйелдің сөмкесінен әмиян мен ұялы телефон ұрлаған деген күдікпен 34 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Тергеу барысында оның тағы да осындай 5 қалта ұрлығына қатысы бары анықталды. Қазіргі уақытта қолға түскен азамат тергеу изо­ляторына қамауға алынып, сот отырысын күтуде, – дейді қалалық ІІД Криминалдық полиция басқармасының Жедел-іздестіру бөлімшесінің басшысы, полиция майоры Қайрат Әшірбеков.
Ол қауіпсіздік шараларының жасалғанына қарамастан, аза­маттарға адам көп шоғыр­лана­тын жерлерде: сауда үйле­рінде, базарда, қоғамдық көлікте жеке мүлкіне мұқият болуды ескертті.
Астана қаласының Көлікті диспетчерлеу орталығының басшысы Бауыржан Сейітов бүгінде елордалық 700-ден астам автобусқа бейнебақылау камералары орнатылғанын және алдағы уақытта бұл бастама жалғасатынын айтты.
Халық саны көбейген сайын қалта ұрыларының мәселесі өрши түсуде. Әйткенмен, осындай шаралар арқылы оларға тосқауыл қойылатыны анық. Қанша жерден тісқаққан болса да, ондай әккілердің ұрлығы автобустардағы «көзден» таса қалмайды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 8 =