Қаллеки театрының қуанышы

0 188

Өткен аптада Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры 30 жылдығын кеңінен атап өтті.

269745824_1115028822369652_7530472734478519437_n

Тәуелсіздік және өнер ошағының мерейтойлары аясында «Алтайдан ауған ел» спектаклінің премьерасы, «Режиссер Жақып Омаров» кітабы мен фотоальбомның таныстырылымы, театр музейінің ашылуы өтті. Театр директоры Ернар Жұматаевты Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын тапсырды.

Бірінші күнгі шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова арнайы қатысып, Тәуелсіздік және театр мерейтойымен құттықтады. Ұжымға мемлекеттік марапаттарды тапсырды. Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов «Халық алғысы» медалімен, бірқатар қызметкерлер «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Спектакль Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» және Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» шығармалары желісімен қойылды. Қоюшы режиссері – Фархад Молдағали. Сахналық нұсқасын жасаған – Мирас Әбіл.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қытайдың қол астындағы Шығыс Түркістан қазақтары сол елдің озбыр саясатына шыдамай, бас көтерді. Бір қауым ел, барлығы 18 мың адам отырған орындарын тастап, Үндістан жаққа үдері көшті. Такламакан шөлінен өтіп, Гималай тауын асты. Сол жолда қаншама қиындықтарды көрді. Қаншама жан құрбан болды. Ақыры елуінші жылдары Түркия мемлекеті Пәкістан және Үндістандағы қазақтарға көмек көрсетіп, өз елдеріңде қабылдау туралы арнайы құжат қабылдады. Бірақ Стамбулға ақыр аяғында 1400-ге жуық қазақ қана жетіп, бір-бірімен қауышты.

Қойылым осы қасіретті тарих туралы сыр шертеді. Онда бас­ты орын осы көшті бастаған Қалибек Райымбекұлына берілді. Оның бейнесін белгілі әртіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев сомдады. Жалпы спектакльге мықты актерлік құрам қатысты. Атап айтқанда, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұркен Өтеуіл, Айнұр Бермұхамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алтынай Нөгербек, Тәуелсіздік мерейтойына орай «Құрмет» орденімен марапатталған Ержан Нұрымбет, т.б. белгілі әртістер тартылды.

Қойылым лейтмотивіне Алмахан Кенжебекованың музыкасы мен Ермұрат Зейіпханның туған жерге сағынышқа толы «Күнес-ай» әні алынды. Осы музыка оқиғалар желісімен қабысып, сай-сүйекті сырқыратады. Қазақтың әлемге тарыдай шашылуы да әдемі көрсетілген. Жалпы сәтті режиссерлік шешімдер жетерлік. Мәселен, осы көш барысында Қалибек Райымбекұлының қыздарынан айырылуы, ұлт болашағын тұспалдайтын бесіктің сахнаға шығарылуы сияқты көріністер бейжай қалдырмайды. Сахнадан осы көш барысында шейіт кеткендерге оқылатын дұға әсерді күшейте түседі. Осы спектакль мыңдаған құрбандар рухтарына тағзым іспеттес туынды. Жалпы театрға ғана емес, киноға сұранып тұрған шығарма.

Екінші күнгі шаралар театрдың негізін қалаған Жақып Омаровтың басына барып, құран бағыштаудан басталды. «Режиссер Жақып Омаров» кітабының таныстырылымына Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған қонақтар, өңірлердегі театрлардың басшылары қатысты. Ал кітапты театрдың «Қоғаммен байланыс және маркетинг» бөлімінің меңгерушісі Әсем Намазбекова құрастырды. Оған режиссердің сұхбаттары, ол туралы естеліктер топтастырылған. «Астана ақшамы» газетінде жарық көрген осы жолдар авторының «Жақыптың жүрегі» мақаласы да енді. Таныстырылым барысында да көз көргендер естеліктерін айтып, театр өнерінің өзекті мәселелерін қозғады. Ал фотоальбомда театрдың жарқын сәттерінен суреттер топтастырылды.

Театр музейінде Қалибек Қуанышбаевтың қолданған заттары, спектакльдерде және кинода рөлдерді сомдау кезінде киген киімдері,өнер ошағы тарихынан сыр шертетін құжаттар, Жақып Омаровтан қалған жәдігерлер, өмірдің соңғы жылдары театр директорының кеңесшісі қызметін атқарған сыншы Әшірбек Сығайдың портфелі сияқты мұралар жинақталды. Ерекше атап өтерлігі, «Ақмола ақиқаты» (қазіргі «Астана ақшамы») газеті 1991 жылдың 14 қарашасында шыққан нөмерінде «Қазақ музыкалық драма театры шаңырақ көтерді» деп жұрттан сүйінші сұрады. Бұл газет беті де театр музейі төрінен орын алды. Тағы бір құжат – ҚазКСР Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Қанат Саудабаевтың қолы қойылған Жақып Омаровты Целиноград облыстық қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі қызметіне тағайындау туралы бұйрық. Бұл бұйрық 1990 жылдың 17 тамызында шыққан. Театр тарихын содан бастауға болады.

Отыз жылдық тарихында Қаллеки театры талай белестен өтіп, көп жетістікке жетті. Былтыр өнер ошағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен бой көтерген жаңа, кең, еңселі ғимаратқа көшті. Осылайша ұжымның талай жылғы арманы орындалды. Демек, алда да шығармашылық өрлеуге негіз бар. Соны тілейміз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 19 =