«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қаллеки театрындағы «Отелло»

0 373

11 сәуір күні Бейбітшілік және келісім сара­йында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік ака­демиялық Қазақ музыкалық драма театрының кезекті премьерасы – У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясы өтеді. Әлемдік классика жауһары саналатын туындыны аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, профессор Талғат Теменов сахналады.

Спектакльдің алдын ала көр­сетілімін тамашалаған соң, көрерменді өте әсерлі қойылым күтіп отырғанын қазірдің өзінде айта аламыз. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов аударған, қазақ театры сахнасынан өткен ғасырдың отызыншы жылдарының аяғында алғаш көрініп, дүркін-дүркін жаңғырып отырған туындыда Отеллоның бейнесін бірінші болып Қапан Бадыров, кейіннен Шәкен Айманов, Елубай Өмірзақов, Ыдырыс Ноғайбаев сынды сахна саңлақтары сомдады.
Қаллеки театрында бас кейіп­кердің рөлі сахна өнерінің бүгінгі үздіктері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қуандық Қыстықбаев пен Сырым Қышқабаевтың еншісіне тиді. Дездемонаның бейнесі Теменов ашқан талантты актриса Ақмарал Танабаеваға берілді. Оның әкесі Брабанцио болып Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов ойнайды. Бар пәлені бастаған Яго – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов. Әмір – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Боранбай Молдабаев.
Өзге рөлдерді айтпағанда, атал­ған үздік әртістік құрам спектакльдің сәтті шығуына өзінен-өзі жетелейді. Әсерді күшейту үшін сахнадағы шайқас әрекеттерін қоюға ресейлік маман Михаил Вишневский шақырылды. Сахнаның безендірілуі де қойы­лымға сай. Бұл тұрғыдан қоюшы-суретші, Қазақстанның мәдениет қайраткері Қанат Мақсұтовтың еңбегін атап өтуге тиістіміз. Шынар Елембаева дайындаған кейіпкерлердің киімдері мен Салтанат Жолымбаева қойған би, қоюшы режиссер таңдаған музыка да көңілімізден шықты.
Ал трагедия желісін кең тарқату­дың қажеті жоқ. Мұнда сол адамзат жаралғалы жабысқан дерт – сатқындық, қызғаныш қатар жүреді. Мұның соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі. Ақыры спектакль бас кейіпкерлердің өлімімен аяқталады.
Қазақ театрында көрермендерді жалықтырып жіберетін қойылым­дар көп. «Отелло», керісінше, тұң­ғиы­ғына тартып әкетеді. Спектакльде театр өнеріне қойылатын басты талаптар динамика да, тартыс та бар. Талғат Теменовті лирик режиссер ретінде білеміз. Кезекті спектаклінде онысы тағы жақсы көрінеді.
Әрине, салмақтың көбі кейіп­керлерді сомдаған актерлерге түседі. Осындай классикалық қойылымдарда әртістерге бар өнерін салуға тура келеді. Әртүрлі театрларда көп ойналған рөлді әр актер өзінше алып шығуға тырысады. Қуандық Қыстықбаевтың ­Отеллосы ержүрек, сөйте тұра жаны өте нәзік болып шыққан. Бірақ қызғаныштан жүрегі өртенгенде артық қимылдайтын тұсы бар. Қаллеки театрының көркемдік кеңесінің отырысында рөлімен әлі де шамалы жұмыс істеу керектігі туралы ескерту айтылды.
Сондай-ақ, оқиға Отеллоның айналасында өрбуі тиіс екендігіне назар аударылды. «Сен тұр, мен ата­йын» әртістер ойнағанда, бұл қиын да секілді. Себебі Ягоның болсын, Отеллодан өзге кейіпкерлердің болсын бейнесі қойылым бойы тартады да отырады. Режиссердің ұтқан тұсы да осы болса керек. Ол спектакльде бірінсіз-бірі кем көрінетін тамаша ансамбль құра білген. Бір сөзбен айтқанда, «Отеллоны» көру керек. Ендеше, театрда кездескенше, ағайын!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды