Қаллекеидің «Мұқағалиі»

0 89

1999 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академия­сын үздік бітірген Сырым Қашқабаев, Асылбек Қапаевтарды КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов өзі көркемдік жетекші болып тағайындалған Қаллеки театрына шақырды. Осы жалынды жігіттердің арасында Жанқалдыбек Төленбаев та бар еді. Міне, сол Жанқалдыбек Төленбаевтың Қаллекидің «Мұқағалиі» атанып, театр көгінде самғап келе жатқанына да, ширек ғасырға жуықтады.

Семей облысы Ақсуат ауданында дүние есігін ашқан Жанқалдыбектің сирек кездесетін есімді иеленуінде де үлкен тарих жатыр. Әкесі Мүфти ауыр дертке шалдығып, ота жасатып, өлім ауызынан қалғанда ұлды болғанын естіп, «Жанқалдыбек» деп ат қояды. Бала кезінен көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, әнге деген құштарлығы артып, мектепті бітірісімен Ақсуаттағы ­мәдениет үйінде киномехник болып жұмысқа орналасады.
Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына арман қуып келеді. Талапкер жігіттің алдынан КСРО халық әртісі Фарида Шәріпова шығып, өзіне білім алуға шақырады. Аса көрнекті актрисадан шақырту алса да, «музыкалық театр актері» мамандығына келіп түседі. Ұстазы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рахилям Машурова Жанқалдыбекті топтың старостасы етіп тағайындайды. Осылайша Жанқалдыбек үшін қызыққа толы студенттік кезең басталды.
1999 жылы үздік бітіріп, режиссура барометрі, КСРО халық әртісі Әзірбайжан Мәмбетовтің арнайы шақыртуымен елордаға тартып, Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрына қабылданды. Классик режиссердің қойылым­дарында ойнап, актерлік шеберліктерін шыңдады. Театр сахнасындағы дебюттік рөлі Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» трагедиясындағы жыршы еді. Одан соң «Қара Қыпшақ Қобыланды» – Көклән, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» – Жантық, «Түлкі бикеш» – Осипов, «Қаракөз» – Дулат, «Ғасырдан да ұзақ күн» – Сәбитжан, «Мұқағали» – Мұқағали сынды бейнелері көрермен жадында. Осылардың ішінде ерекшелініп тұратыны – Сәбитжан.
«Адамзаттың Айтматовы» атанған Ш.­Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасы мәңгүрттенген қоғам жайында кеңірек қозғайды. Актер бейнелеген Сәбитжан бүгінгі тас бауыр, қатыгез ұрпақтың жарқын көрінісі. Оның бойында әкеге, бауырға деген махаббат емес, өзінің қамын ойлаған өзімшілдік жатыр. Сәбитжан – Жанқалдыбектің көзіне көзілдірігін киіп, сулығын қағып, көзін бақырайтуы актер тарапынан табылған ерекше деталь.
Сахнада орындаушы үшін әр рөлі бір-біріне ұқсамайды. Солардың бірі – М.Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Жиренше. Ата салттан аттаған екі жастың теріс қадамына жанұшыра айғайлаған Жиренше көрермендер үшін сахнадағы ерекше қаһарман. Шариғат пен ұлттық болмысымызды қолдау үшін, келер ұрпақ қате қадам баспау үшін жүгірген Жиренше екені рас. Міне, актер өнерінің биіктігінің дәлелі осында.
Жанқалдыбек Төленбаев трагедияны да, комедияны да, драманы да, түрлендіріп ойнай алатын актер. Бір сөзбен айтқанда жанр талғамайды. Актер бейнелеген әр кейіпкерді сан түрлі құбылтып, сахна алаңында ерекше көзге түседі. Е.Жуасбектің «Үйлену» комедиясындағы Терек – осы сөзіміздің айғағы.
Өнер өріндегі Жанқалдыбек Төленбаев – кемелденген актер. Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасындағы оның Қалдан Церен бейнесі – дала философының жарқын прототипі. Актер нұсқалаған жоңғар қонтайшысы елінің бірлігін, болашағын ойлаған кейіпкер. Жанқалдыбек Төленбаев ойынында бұл образ қатыгез жоңғар емес, керісінше бар күш-жігерін ақыл мен ойға салатын жан. Актер сомдауында Қалдан Церен тек қана сыртқы келбеті ғана емес, сондай-ақ, ішкі жан-дүниесі де кейіпкерімен сабақтасып жатыр.
Актердің әр жанрдағы актерлік шеберлігі, дайындық барысындағы ізденісі, көрермен алдындағы талпынысы бүгінгі жас актерлерге үлгі. Сахнадағы әр кейіпкері бір-біріне ұқсамайтын дара, ерекше. Ш.Айматовтың «Ақ кеме» – драмасындағы Оразқұл актер шығармашылығында ерекше көрінген бейне. Әртіс бұл кейіпкерінің ойынында бірнеше мінез іздеуді мақсат тұтқан.
Әзірбайжан Мәмбетов бірде­ ­Жанқалдыбекке: «Білесің бе, сен Нұрмұхан Жантөринге ұқсайсың. Даусын, ойының бәрі Жантөринен айнымайды. Жарайсың» деп арқасынан қаққан еді. Көрнекті режиссерден осындай мақтау есту әркімге бұйыра бермейді. Төленбаев өнеріне мемлекет және қоғам қайраткерлері Фариза Оңғарсынова, Әбіш Кекілбаев, Қуаныш Сұлтанов және театр сыншысы Әшірбек Сығай сынды майталман тұлғаларымыз оң бағасын берді.
Бір күні Қуаныш Сұлтанов Қаллеки театрының режиссері, Болат Ұзақовқа: «Жанқалдыбекке жағымсыз роль неге бересіңдер, ол Мұқағали ғой» деген болатын. Ал Фариза Оңғасынова актер Жанқалдыбек Төленбаев сомдаған «Даланың күйші Динасы» деген шығармасындағы Ахмет Жұбанов бейнесіне: «Міне, Жанқалдыбек Ахмет ағаны керемет алып шықты» деп батасын берген еді.
Жанқалдыбек Төленбаевтың басқа актерлерден ерекшелігі сахнада дауыс мәнерін, кейіпкердің мінез-құлқына қарай дұрыс қоя білуі. Сахнада өзінің бейнесін сыртқы және ішкі жан-дүниелеріне терең бойлап, жанын салып, темпераментін аямайтын өнер иесі. Жанқалдыбек Төленбаев тек қана театр актері ғана емес, сондай-ақ болашақ әртістерді тәрбиелеп жүрген кәнігі ұстаз. Шәкірттерінің алды еліміздің театрлары сахнасында еңбек етіп жатыр. Ерсін ­Айтмұқаш, Айкөркем ­Тұранова, Қобыланды Болат, Инабат Әбеновалар Қаллеки театрының, ал Данияр Тұранов, Абылай Сәлімхановтар «Астана Мюзикл» театрының жас жұлдыздары. Дулат Оқасов, Жақсылық Бағдатов, Мәдина Бексейітова, Нұрсұлтан Есеттер облыстық театрларда еңбек етіп жүр. Шәкірттерінің өмірде, де, өнерде де өз жолдарын тапқаны актер-ұстаз Жанқалдыбек Төленбаевты қуантады.

Бахтияр ТҰРСЫН,
театртанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 1 =