Қалижан ЗАҢҚОЕВ, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы: ОРАЗА – ІШІП ЖЕУДЕН АРЫЛУ ҒАНА ЕМЕС, РУХАНИ ТАЗАЛЫҚ АМАЛЫ

0 182

Ертең – қасиетті Рамазан айының алғашқы күні. Ата дініміздің абыройын асырып, қастерлеп жүрген мұсылман бауырларымыз Жаратушының жолында, Тәңір ризалығы үшін ауыз бекітіп, ораза ұстап бастайды. Отыз күнге созылатын осы амалдың иелеріне Жаппар Ием молынан сауап жазып, жұмақтың төрін нәсіп етсін.

Сан жылдар жеке басқа табыну саясатының боданы болған халқымыздың арасында діни сауаты тілерсектен келмейтін мұсылмандар баршылық. Егемендігімізді алып, ес жисақ та, төл дініміздің қарапайым шарттары көп талқыға түсе береді. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Қалижан Заңқоевты әңгімеге тартып, бірнеше сауал қойғанбыз…

– Қасиетті рамазан айының тарихына тоқталасыз ба?.. Исі мұсылманға ораза ұстау қай кезден парыз болып саналды?

– Ағузу бил-ләһи минаш шайтон-ир ражим. Бисмиллаһир рахман-ир рахим. Бәрімізге Аллаһтың нұры жауғай! Жаратушы Иеміз Бақара сүресінің 183-аятында айтты: «Ей, иман келтіргендер, ораза сендерден бұрынғыларға парыз болғаны сияқты сендерге де парыз етілді. Бәлкім, сақтанарсыңдар…» Осылайша, мұсылмандарға ораза ұстау Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мекке шаһарынан Мадина қаласына көшіп барғаннан кейін екі жылдан соң парыз етілді. Дәлірек айтсам, һижраның екінші жылы шағбан айында. Шағбан – рамазан айының алдындағы ай. «Насай хадис» жинағында Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте әз пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рамазан айы келгенде сахабаларына былай депті: قد جاءكم شهر مبارك افترض الله عليكم صيامه, تفتح فيه أبواب الجنة, و تغلق فيه أبواب الجحيم, و تغلّ فيه الشياطين… Өз тіліміздегі мағынасына тоқталсақ, ақиқатында Аллаһ Тағала сендерге оразаны парыз еткен мүбәрак ай келіп жетті. Бұл – жәннат есіктері ашылатын, жаһаннам есіктері жабылатын және шайтандар шынжырланатын ай…

– Ораза сөзінің мағынасын көпшілік біле бермейді және ауыз бекіту кімдерге парыз?

– Қазақ тілінде қолданыста жүрген ораза сөзі арабша «саум» деп аталады. Сөздікте – «тыйылу», шариғи ережесін айтсақ, ораза – балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс мұсылманның ниет етіп, таң атқаннан күн батқанша ішіп-жеу, жыныстық қатынас тәрізді (оразаны бұзатын) істерден тыйылуы арқылы жасалатын құлшылық түрі.

– Мұсылман жұртшылықтың оразаға қатысты ең көп қоятын сауалы пітір садақа төңірегінде болып келеді. Сол жөнінде кеңірек айта кетсеңіз…

– Астана қаласында биыл да жан басына берілетін пітір садақа 150 теңге деп белгіленді. Бидай қала базарлары мен дүкендерінде сатылмауы, сондай-ақ күнделікті қолданыста пайдаланбауы себебімен, пітір оның ұнымен бағаланды. Бір келі ұнның орташа бағасы 75 теңгені құрайды екен. Егер пітір садақа басқа астықтармен есептелетін болса, мейізбен – 2800 теңге, құрмамен 12000 теңге шамасына көтерілетін еді. Мейіздің келісі орташа бағамен 1400 теңге, құрманікі 3000 теңге. Әрине, әркім өзінің шамасына әрі ниетіне қарай береді. Астықпен бере ме, ақшалай үлестіре ме, өз еркінде. Дегенмен, ізгілікке асығу, сауапқа таласу – ол мұсылмандық қасиет.

Құранда «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» деген жолдар бар. «Әли Ғимран» сүресінің 92-аяты – бұл. Расында, адам баласы өзінің сүйген, ұнатқан нәрсесін, дүниесін біреуге бере салуы оңайға соқпайды. Алайда, бұл арқылы ол нәпсі қалауына қарсы шығады. Осылайша ол мұқтаждарға көмектесіп, олардың көңілдерін көтереді. Жоғарыдағы аятта Аллаһ Тағала пенделеріне садақаға өзі сүйгенін, ең жақсы көргенін беруді бұйырады.

Пітір садақа беру – күнделікті қажетінен артық байлығы нисапқа жететін ер мен әйелге, сәби мен қарт мұсылмандарға бірдей міндет. Алайда, дін ғұламалары мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген азаматтар да пітір садақа берулері тиіс деп айтады. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе оның құны.

– Тағы да ел арасында көп талқыланатын сауал: ≪Рамазан айының басында, ортасында, аяғында үш күннен ораза ұстаса болғаны, сол жеткілікті≫ деп жататындар бар…

– Рамазан айының оразасы – бір ай. Осы бір айды толық тұту – парыз. Айдың басында, ортасында және соңында тұтуға болатын ораза ол – нәпіл. Нәпіл – қосымша парыз емес, бірақ сауабы бар ораза құлшылығы. Ал, парыз – міндетті түрде тұтылатын ораза.

Осы жерде айта кететін бірнеше мәселе бар, соңғы жылдары ауыз бекітуші бауырларымыздың саны арта түсуде. Рамазан айы кірмей жатып алдын-ала ораза кестесін сұрап, дайындалып жатқандарды көргенде қатты қуанамыз. Тәуелсіздігімізді алып, еңсемізді тіктегелі дініміздің де діңгегі бекіп, құбыла жаққа бет бұрғандар қатары көбеюде. Бұған шүкір деуіміз керек. Десе де, ораза тұтуды таң атқаннан күн ұясына батқанға дейін су ішпеу және түйірдей болса да тамақ жемеу деп қана ұғатындар бар. Сонымен қатар, оразаны ерікті түрде, әркім өз қалауы бойынша тұтады деген түсінікпен шектелетіндер де жетерлік. «Көш жүре түзеледі». Бірақ, айта кету керек, Рамазан оразасы Ислам дінінің негізін

құраушы бес анықтың бірі. Оразаның дәрежесі намаз, зекет және қажылық ғибадаттарымен тең. Оразаны ешбір үзірлі себепсіз тұтпаған мұсылманға үлкен күнә жазылады. Өйткені, Рамазан оразасы ата дініміздің негізгі діңгектерінің өзегі. Оны қасақана орындамау жаһаннамға жақындатады. Ал, «ораза шал мен кемпірдің, жұмысы жоқтың ермегі» дегенді айтып, жүрегімен мүлдем мойындамайтындар асыл дінімізден емес. Бұлай қатты айтуымыздың себебі, тікелей әмір етілген Құран үкіміне қарсы шығу – адамды иманнан айырады.

Хадис ғалымдарының барлығының еңбектерінде кездесетін пайғамбарымыздың сөзі бар: من صام رمضان إيماناً واحتساباً غفر له ما تقدّم من ذنبه. Яғни, «Кімде-кім Рамазан айында шынайы иманмен және сабырлық танытумен ораза тұтып шықса, оның өткен (кіші) күнәлары кешіріледі». Бұл хадисті Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен. Адам баласы болған соң, пенделіктің, ұсақ-түйек қателіктер болатын жасырын емес. Міне, рамазан тек асқазанға дамыл беріп, денсаулықты түзету ғана емес. Жан дүниемізді тазарту. Рухани денсаулығымызды емдеу.

Сұхбатты жүргізген Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + five =