Қалдырған ізің мәңгілік…

0 22

Білім мен ойдың қазығы болар мұғалімдер күні де келіп жетті. Ұстаздар алдындағы жауапкершілік жыл өткен сайын арта түседі.

Қазіргі таңда елордада 17 мыңнан астам педагог бар. Олардың әрқайсысы өсіп келе жатқан ұрпақтың білім алуына қажырлы еңбек етіп жүр. Бүгінде ұстаздар алдына қойылып отырған міндет зор. Өйткені кеңінен белең алған пандемия бүкіл әлемнің білім беру жүйесі үшін ауыр сынаққа айналып, балалардың мектеп қабырғасында дәстүрлі форматта білім алуына кедергі жасайды. Ал жаңа оқу жылынан бері бастауыш сыныптар кезекші топтарда білім алып жатыр. Сондықтан ұстаздар екі бірдей «тылда» еңбек етіп жүр деуге болады. Әрине, қазіргідей карантин жағдайында оқушыға қашықтан білім беру де үлкен біліктілікті қажет етеді. Осындай сын сағатта мұғалімдерге артылатын жауапкершілік жүгі аз емес. Биыл тамыз айынан бастап 9958 мұғалім «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» «Педагогикалық шеберлік орталығы» әзірлеген «Қашықтан оқытуды үйренемін» атты онлайн-курстан арнайы білімдерін жетілдірді. «Цифрлық педагогика: оқыту және тәжірибе» тақырыбындағы онлайн-оқуға 12 480 педагог қатысқан. Міне пандемия кезіндегі қашықтан оқыту мұғалімдердің одан әрі дамуына серпін бергендей. Қиындыққа қарамастан білімді әрі салиқалы ұрпақтың болашағы үшін аянбай еңбек етуде. Қажырлы еңбек иелеріне қандай құрмет көрсетсе де, көп емес. Осы тұста елорда әкімдігі мұғалімдерді барынша қолдап, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, сондай-ақ педагог мәртебесін арттыру бойынша қолдау көрсетеді. Айта кетейік, былтыр 242 педагогикалық қызметкерге 7-20-25 мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін құны 1 миллион теңге болатын тұрғын үй сертификаттары табысталған болатын. Мұндай әлеуметтік көмек биыл да беріледі.
Қазақстан Республикасының Білім беру саласының қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін – Мұғалімдер күнін жыл сайын қазан айының бірінші жексенбісінде атап өтеді. Бұл күні педагогикалық қызметтегі жетістіктері үшін астаналық ұстаздар марапатталды. Пандемия кезіндегі педагогтардың еңбегі жоғары деңгейде атап өтілді. Ең лайық­ты 100 педагогқа қала әкімінің Алғыс хаттары тапсырылса, екі мұғалім «Білім беру құрметті қызметкері» марапатын иеленді. Ы.­Алтынсарин атындағы төсбелгімен 22 мұғалім және бірнеше педагог Құрмет грамоталары мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаттарымен мараптталды. Сондай-ақ теле-сабақтың барлық қатысушылары ақшалай сыйақы алды.
Биыл алғаш рет ең лайықты 17 педагогқа 830 мың теңге көлемінде біржолғы ақшалай сыйақы беріліп, «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогы» медалімен марапатталды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің үш бірдей гранты «Үздік мектеп», «Үздік колледж», «Үздік мектепке дейінгі ұйым» аталымы бойынша білім беру ұйымдарына берілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 5 =