«Қалдырған ізің мәңгілік…»

0 211

Бұл күндері мемлекет және қоғам қайраткері, ірі ғалым және еліміздің жоғары білім саласының ұйымдастырушысы Әшімжан Сүлейменұлы Ахметов 70 жасқа толар еді. Алланың жазуымен, нағыз күші кемеліне толған кезде өмірден өтті, одан бері 8 жыл болыпты. Қайраткер ғалым жайлы достары мен әріптестері жазған естеліктерін ұсынамыз.Адам – қоғам байлығы, еңбек әміршісі. Міне, осындай қағиданы жадына берік ұстаған тұлға-техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академияның академигі – Әшімжан Сүлейменұлы Ахметов.
Зерделілік пен зиялылығы, парасаттылық пен қарапайымдылығы, білімділігі мен біліктілігі жоғары тұлғалармен таныс болмасаң да, әр уақытта қоғамның көшбасшысы ретінде танитынымыз белгілі. Әшімжан Сүлейменұлы есімін мен де осындай адамдардың қатарынан танып, естіп жүретінмін. Ал онымен үзеңгілес, қызметтес, аға-іні болып, бауыр басып, аралас болған уақытым 1997 жылдары басталды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бірінші вице-министрі болып қызмет етіп жүрген кезімде ол кісі министрдің орынбасары қызметіне тағайындалған еді. Қазақ елінің тарихы жаңа мыңжылдыққа бет бұрып, елорда, бас қаламыз Астана бой көтеріп, жаңа ғасыр ғұмырын бастап кеткен кез болатын. Ұлттық инженерлік академияның кезекті кеңесі болып, академик Ө.Жолдасбеков мені аталмыш академияның академиялық ке­ңесшісі ретінде сайлады. Міне, осы жерде бұрынғы Білім және ғылым ми­нистрі Б.Жұмағұлов мені инженер-экономист ретінде осы тау тұлға ағамыз Әшімжан Сүлейменұлымен таныстырып еді. Ленсовет атындағы Ленинград технологиялық институт түлегі, гидромилерация – құрылыс ғылымына ғылыми тың жаңалықтар енгізген ғалым, басқару мектебін мықты меңгерген білікті басшы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Мәжіліс Парламентінің депутаттық дәрежесі бар ағамыз бізді өзінің іскерлігімен, ақжарқындылығымен, ақкөңілдік қасиетімен бірден баурап алып, әрқашан министірліктегі бастама істеріміздің ақылшысы бола білді.
Әшімжан Сүлейменұлының ең басты қасиеті – жаңа істің жаршысы, қойылған мәселеге терең пайым, нәзік сезіммен ден қойып, әділ де тура шешім қабылдай білетін ақиық мінезімен ерекшеленетін.
Өзінің жасампаздығы мен тынымсыз еңбегінің арқасында Әшімжан Сүлейменұлы қоғамның түрлі кезеңдерінде ұрпақ тәрбиесі хақында сүбелі іс жасап, өз дәуірінің биік сатысына көтерген арқалы ғибратты істеріне талай куә болдық. Жоғары мектептің жаңа заман талабына сай қызмет ету турасында үлкен жаңғырту жасады. Мемлекеттің іргесін қалау, нарықтық экономикада серпіліс жасау, әлеуметтік мемлекеттің негіздері мен қоғамдық сананы қайта қалыптастыру жолында еңбегі ересен зор болды.
Әшекеңнің адами табиғатында батылдық рухы биік болды. Жасқану, айналасына алаңдау, біреудің сөзіне қосыла салу – ол үшін жат мінез болатын. Үлкен жауапты істе болсын, бір сәттілік істе болсын ол ыждаһаттылық пен зеректілік қасиетімен, әр жұмыстың мазмұнын кәсіби деңгейде істейтін, тиянақтылық танытып, зор идеялардың авторы болатын және оның міндетті түрде жүзеге асырылуын қадағалайтын.
Ер қазақтың нары, саңлақ ірісі болған Әшімжан Сүлейменұлы – еліміздің батысы мен шығысында, Арқа мен оңтүстігінде жоғары мектепті басқарып, оң өзгерістер әкелген іскер басшы болды. Әсіресе, ол студент жастар қамын көбірек ойлайтын, олардың күш-жігерін солардың саналы тәрбие алуына жұмсаған жан. Жастар мен ғалымдардың терең білім, ұлттық эстетикалық тағылымы жоғары маман болуы үшін жаңашылдықпен еңбек етіп, жасаған қызметі жасампаз болды. Ол – төрт монография, 200-ден аса ғылыми мақалалардың авторы.
Ел, жер аралап, шет елге барғанды қатты ұнататын. Шет жердің жаңалығын, табысын көріп келіп, елімізде жүзеге асыруға, ұлттық тұрғыда жаңғыртып дамытуға жаны құмар, еліне берері әлі мол ұлтжанды азамат болды.
Әшімжан Сүлейменұлының сәулелі қызметін, яғни еңбектегі және қоғамдық-саяси жоғарғы қызметіне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дән ризашылық білдірсе, ҚР Үкіметі тарапынан да жоғары бағаға ие болды.Ол «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Астана», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Алтын барыс», «А.Байтұрсынов атындағы сыйлығының иегері» атты медальдармен марапатталды.
Әшімжан Сүлейменұлы ұлдары Бақытжан мен Ғалымжанды үйлендірген асқар таудай әке, немерелерінің тәтті күлкісіне жаны рахаттанып қуанатын абзал ата, жары Дина Смайылқызына махаббаты ақ жарқан асыл жан болды. Киім киісі, жүріс-тұрысы байсалды, сұлу, тектілігі жоғары, келбетті заман тұлғасы еді.

Ерлан АРЫН,
экономика ғылымдарының
докторы, профессор

ОЛ ОСЫНДАЙ ЖАН ЕДІ

Кеше ғана жаныңда жүріп, саған әрі дос, әрі жолдас ретінде қымбат болған адам туралы естелік, арнау сөз айту өте қиын.

Қатарымыздан о дүниеге кетіп қалған адамдарды әдетте тек қана жақсы тұрғыдан еске аламыз. Ол туралы осы естелікті бастамай тұрып, мен өзара қарым-қатынас­тырымызды ойша есіме түсірдім. Сондағы түсінгенім, ол кісінің өз іс-әрекетімен немесе сөзімен біреуді ренжіткен, көңілін қалдырған кезі болмаған екен. Ол өзге туралы ешқашан да жаман айтпайтын.
Әшімжан Сүлеймен­ұлы­мен мен 1999 жылы біз­дің жаңа елордамыз Астана қаласында, Парламенттегі депуттаттық қызметінен кейін Білім және ғылым вице-министрі болып тағайындалған кезінде таныстым. Мен ол кезде министрліктің кадр қызметін басқаратынмын. Бір күні, кешке қарай сол кездегі министріміз
Қ.Е.Көшербаев Ә.С.Ахметовке таныстыру парағын дайындауды тапсырды. Келесі күні ол кісі келіп, қарапайым түрде өзін Ахметов деп таныс­тырды.
Сол сәтте ол да, мен де жай ғана әріптес қана емес, жақын көрші, үлкен достар болатынымызды білген жоқпыз.
Алғашқы әсер жалған деп дұрыс айтылған. Бұл, әсіресе, Әшімжан Сүлейменұлымен таныстығымызда айрықша білінді, ол кісі сырт көзге қарағанда қатаңдау, аздап қабағы түйілген, сөзге сараң кісі болып көрінгенімен, онымен жақын қарым-қатынаста болғандардың бәрі оны ашық-жарқын, жомарт адам ретінде есіне алады.
Ол кісінің есте қалған ерекшеліктері көп еді.
Біріншіден, адамгершілігі. Бұл қасиетті дүниенің байлығына сатып ала алмайсың. Бұл қасиет Әшекеңе тән еді. Ол жолдасына кез келген уақытта қолдан келетін көмегін ұсынуға әзір еді. Достары мен әріптестерінің арасынан өзіне ғана тән сүйкімділігі мен тартымдылығы мен ерекшеленетін. Ол бос уақытын ешқашанда жалғыз өткізбейтін. Түскі немесе кешкі ас, бильярд немесе кешкілікті серуендеулердің барлығын ол әрқашанда дос­тары үшін ұйымдастырып жүретін.
Оның жымиып күлгені қандай еді десеңізші?! Сондай әдемі жымиыс тек сонда ғана болатын. Егер оны қысқаша ғана сипаттау керек болса былай деуге болады: «Өмірді жақсы көретін және өте ақылды адам болатын».
Екіншіден, оның дос­тықтағы тұрақтылығы, жолдастары мен әріптестері арасында сенімді қарым-қатынас орнатып, тез тіл табысу да оған тән ерекшелік еді.
Оның достарының ұлты да, жасы да, жұмыс істейтін саласы да әртүрлі болатын…
Сонымен қатар, жоғары деңгейдегі кәсибілік, жұмысқа деген жауапкершілікпен қарайтын қасиетін айтуға болады. Қазақстандағы жоғары білім саласын дамытуда Әшімжан Сүлейменұлының еңбегі зор. Халық арасында «Адамды білгің келсе, қолына билік бер» деген сөз бекер айтылмаған. Студенттік кезінен ол өзін тамаша ұйымдастырушы, мақсатына сай еңбек ететін ғалым және педагог ретінде көрсете білді. Оған үлкен ұжымдарды басқару сеніп тапсырылатын және де ол оны абыроймен атқара білді. Бірақ осы ұжымдарды басқару кезінде бірде-бір кісі дұрыс шешім қабылдамадыңыз, дұрыс істемедіңіз деп айтқан емес. Керісінше ол Ақтауда, Өскеменде, Тараз бен Астанада өз мұрасы тәрізді тамаша оқу корпус­тарын, студенттік жатақханалар мен заманауи зертханалар мен кітапханалар қалдырды, олар профессорлық-оқытушы құрам мен студенттердің есінде ұзақ уақыт сақталады деп сенемін.
Ол кісінің өмір жолына көз жүгірте отырып, отандық ғылым мен білім дамуының тұтас бір кезеңі оның есімімен байланысты деп айтуға болады. Студенттерді мазалап жүрген мәселелердің барлығын жақсы білетін, оларды тәрбиелеуге өзінің барлық күш-жігерін жұмсайтын. Оларға деген қамқорлығын аямайтын, оларды тәрбиелеуде жаңа іс-тәжірибеден қашпайтын. Көп жылғы жоғары білікті ғалым-педагогтық тәжірибесі мен білімінің нәтижесінде ол ұлттық деңгейдегі профессор, бірқатар ғылыми қауымдастықтардың профессоры мен академигі болды.
Сондықтан оның беделі әріптестерінің арасында, көп жыл бойы студент-түлектер арасында жоғары болып қала беретіндігіне күмәніміз жоқ. Оның тәрбиесін көрген қаншама шәкірттері белгілі мамандар мен басшыларға айналды. Санына жету қиын. Ал қаншама педагогтар мен ғылымдарды даярлады десеңші?! Олардың өздері бүгінгі күні жас буын мамандарды даярлауда және де өздерінің ұстазын әрқашанда тек жақсылықпен еске алады деп ойлаймын.
Әшекеңнің өмірлік жос­парлары көп еді. Есімде, «Нұр Отан» ХДП атынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлер тізіміне енгізілгенде қатты қуанып еді. Ол парламенттік қызметке қайта келіп, тәжірибесін іске асыруды армандап еді. Іс жүзінде бұған бір қадам қалған, біз бәріміз сеніп, үміттеніп едік.
Ашуланған жағдайда да, тез қайтатын, қателіктерді кешіре білетін және әрқашанда біреуге ашуын сақтамайтын. Сол кісінің арқасында біздің бірге өткізген жылдарымыз ұмытылмастай болып есте қалды. Дастарқан басында әрқашанда есте қалатын тапқыр және қайталанбас тілектер айтушы еді.
Мен Әшекеңнің отбасымен және оның тамаша жұбайы Дина Смайыл­қызымен жақсы достық қарым-қатынас орнағаны үшін тағдырыма ризамын. Ол кісінің Мейрамгүл мен балаларыма қалай ықылас-құрметпен қарайтыны есімде. Кездескен сайын ол ғажайып жылы сөздерді тауып айтатын. Ондай нәрселер ешқашанда ұмытылмайды.
Оның нар тұлғасының жарығы уақытқа берілмей, біздің жүрегімізде қала беретініне сенімдімін!

Серікжан ҚАНАЕВ,
саяси ғылымдарының
докторы, профессор

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды