Қалдырған iзi мәңгiлiк

0 96

Әрбiрiмiздiң ой-санамызда осы өмiрде бiр адамды iштей құрмет тұту сезiмi болады. Оны сол адамыңа айтудың қажетi де жоқ. Жүрек түкпiрiндегi сол бiр ризашылық сезiмi сенiң бойыңда өмiр бақи таза күйде қалғанын қалайсың. Тура бiр пендешiлiк деген ұғымның оған қатысы жоқтай болып көрiнедi. Сырттай оның амандығын, бақытын тiлеп отырасың. Тегiнде, адам баласы өзiнiң еңбегi арқылы танылады. Менiң пайымдауымша, еңбек жүрекпен iстелсе, нәтижесi таңқаларлық болмақ.
Әңгiменi әрiден бастайын. Менiң туған жерiм – Қарақалпақстанның Әмудария ауданы. Сол ауданның Өзбекстанның Хорезм облысымен шектесетiн өзбегi мол аймағы. Бiздiң тарихымыз туралы бiлгiсi келгендер болса, жазушы С.Елубаевтың «Ақбоз үйiн» оқыса жетiп жатыр.
Бiр ғасырға жуық сол жердi мекен ет­кен аз ғана қазақ қалың өзбек ағайындар арасында өмiр сүрiп, болмыс бiтiмi кiшкене өзгергенiн жасырғым келмейдi. Сексе­нiн­шi жылдары, тiптi, кейбiр бауырлары­мыз­дың тiлi де шұбарланып, ойлау шеңберi өзбектене бастаған қиын кез болатын. Ор­таның әсерi ме екен, жоқ әлде сол жыл­-дар­дың өзiнде-ақ «өзбектену» саясаты жүрдi ме, ол жағына талдау жасай алмаймын. Бiлетiнiм, Әмудария ауданы бойынша қазақтың сол кездегi үлес салмағы небәрi 4-5%-ға әзер жететiн.
Ауылдағы жалғыз орта мектепте  қа­зақ балаларына арналған 4-5 шақты қазақ сыныптары болды. Тiптi, аралас деп айтуға аузың бармайды, себебi, өзбек сыныптары бiз қазақ балалары оқитын сыныптардан 4-5 еседей көп болатын. Таза қазақ тiлiнде сабақ жүргiзетiн мұға­лiм жоққа тән едi, сол себептен қазақ сыныптарында балалар аз оқыды. Оның өзiнде сабақ жартылай өзбек тiлiнде жүретiн. Сол жылдары кейбiр қандас­тары­мыз қазақша толыққанды бiлiм ала алмайтын болған соң амалсыз балаларын өзбек сыныптарына бере бастады. Бұл, әрине, ассимиляцияға апаратын жол еке­нiн бiлсе де, көпшiлiк солай етуге мәжбүр болды.
Жаңылыспасам, 8-9 жастағы кезiм, ауылға сонау қиырдағы Қоңырат ауданы­нан келiн түстi. Қоңырат ауданы ол кезде қазағы мол, қазақы салт-дәстүрге берiк, талай жыраулар, ақындар туған iргелi қазақы аудан саналатын. Балалық аңғал­дықтан болар, мен сол кезде ол ауданды Қазақстанның құрамында деп ойлайтын­мын. Сол Қоңыраттан түскен келiннiң аты – Зәуреш екен. Нөкiс университетiнiң фи­ло­ло­гия факультетiн үздiк тәмамда­ған Зәуреш шын мәнiнде бiзге келген құт болды.
Кiшкентай ғана ауыл мектебi, оның iшiндегi елеусiз қалған қазақ сыныптары Зәурештiң мұғалiмдiкке келуiмен түлеп сала бердi. Ол қазақ тiлi мен әдебиетiнен сабақ берген күннен бастап өзге ұлттан құралған мұғалiмдердiң бiзге деген көз­қарасы күрт өзгердi десем, асыра айтқа­ным емес. Қазақ сыныптарын, қазақ бала­ларын менсiнбейтiн, негiзiнен, өзбек ұлты­нан құралған ұстаздар құрамы Зәуреш келген аз ғана жылдың iшiнде бiзге бас­қаша көзбен қарайтын деңгейге жеттi. Қазақ балаларының белсендiлiгi артты.
Шынын айту керек, сондағы аз ғана қа­зақ өзiнiң рухының әлсiреп бара жат­қанын сезетiн. Сондықтан да қолдарынан келсе балаларын Қазақстанда оқытқы­лары келiп тұратын. Бiрақ жартылай өзбекше оқыған бiздiң ауылдағы әпке­лерiмiз бен ағаларымыздың осында келiп таза қазақша емтихан тапсырып, оқуға түсуi қиын болатын. Сол жылдары Зәу­реш Абдуллақызы бiзге келмесе, онсыз да қаптаған қалың өзбектiң iшiнде қалған мына бiздердiң болашақ тағдырымыз қалай өрбiр едi, ол жағын айту қиын.  Кей­де маған Жаратушының өзi Зәуреш Абдул­лақызы арқылы ауылдағы аз ғана Алаш баласының рухын қайта көтерген­дей  әсер қалдырады. Өйткенi, шын мәнiнде де болмысы өзгерiп, өзбектене бастаған шағын топ  оған үйiр бола бас­-та­дық. Күнделiктi сабақтан бөлек, ол жүргiзген қосымша сабақтардан қал­майтынбыз. Оның айтуымен қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын iздеп жүрiп оқитын болдық.  Бұрын балаларын өзбекше оқытқысы келетiн ата-ана ендi қазақ сыныбын төңiректейтiн халге жеттi. Өйткенi ол кiсi тек қана өзi жүргiзетiн  қа­зақ тiлi мен әдебиетiн ғана емес, өзге пән­дердiң де қазақша жүргiзiлуiн қада­ғалайтын.
Ол даярлаған оқушылар респуб­ли­ка­лық олимпиадаларда жүлделi орындар­ға ие бола бастады. Оның басшылығы­мен қазақтың белдi жазушыларының қаншама шығармалары ауыл клубында сахналанды.
Әлi есiмде – жазушы С.Көбеевтiң «Қалың мал» романын, С.Торайғыровтың «Қамар сұлуын» сахнаға дайындау барысында маған басты кейiпкерлердi ойнауымды өтiнгенi. Сол жолы осы қойы­лымдарымызды тамашалаған көпшiлiк көпке дейiн менi «Ғайша», «Қамар» деп атап жүрдi. Бұдан бөлек, оқушыларының бойындағы қабiлеттерiн тез аңғарғыш ұстаз оларды өлең жазуға, домбырамен күй тартуға баули бастады. Олар жазған тырнақалды дүниелердiң газет бетте­рiнде жариялануын қалады. Егер оның бiр оқушысының өлеңi не болмаса кiш­кентай ғана бiр әңгiмесi газет-журнал бе­тiне шыға қалса, баладай шын қуанатын. Сонымен бiрге Зәурештiң адамды өзiне тартатын, өзiне бағындыра алатын қа­сиетi болды бойында. Ауылдағы қазақ қыздары ол кiсiге қарап бой түзейтiн, тiптi, ұлты бөлек өзге ұлт өкiлдерiнiң өздерi оны көргенде қазақша тiлдескiсi келiп тұратын.
Зәуреш Абдуллақызы айналдырған 7-8 жылдың iшiнде ауылда ғана емес, ау­дан­да беделдi, абыройлы тұлғаға айналып үлгердi.
1991 жылы 11-сыныпты аяқтаған соң мен арман қуып Алматыға, одан Қара­ғандыға кеттiм. Апайымның берген бiлiмi, ақыл-кеңесi менiң осы жерге тез сiңуiме, оқуымды одан әрi жалғастыруыма, өмiр жолымды қиналмай табуыма септiгiн тигiздi. Сол оймен бiраз жылдардан кейiн Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетiнiң филология факультетiне оқуға түсiп, ой­да­ғыдай аяқтадым. Өзiмнiң атаме­кенiмде мәңгiлiкке тұрақтап қалдым.
Қуанатыным, менiң сүйiктi ұстазым да ол жақтан көп ұзамай ата қонысқа көшiп келiптi. Жамбыл облысы Меркi ауданы­ның «Оқушылар сарайында» мұғалiмдiк қызметiн жалғастырып жүр деп естимiн. Екi ұл, екi қыз тәрбиелеп, бүгiнгi күнi неме­ре сүйiп отырған Зәуреш апайдың ажар­лы, ойлы келбетiн уақыт шiркiн бiраз әжiм­деген де болар. Бiрақ ол бәрiбiр менiң санамда жалындаған өр мiнезiмен, сұлу да асқақ бейнесiмен қалған. Өзгеше елестеткiм келмейдi.

Жұлдыз НҰРМҰХАНБЕТҚЫЗЫ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң оқытушысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 11 =