©2020 Астана Ақшамы
Қалдықты сұрыптаудың пайдасы мол
Астанада тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап тастау жобасы маусым айының соңында жүзеге асырыла бастаған болатын. Нәтижесінде тұрғын үйлердің аулаларына сары және жасыл түсті контейнерлер орнатылуда.
Жоба бойынша сары контейнерге қағаз, пластик, әйнек сияқты құрғақ заттар тасталса, жасыл контейнерге дымқыл тартатын органикалық қалдықтар салынады. Қанатқақты жобаның нәтижесінде қайта өңдеу зауытында тұрмыстық қалдықтың 45 пайызын пайдаға жарату көзделуде. Ал бұған дейін қалдықтың тек 10 пайызы ғана өңдеуге жарамды болып келген.
Сары контейнерлердегі қалдықтарды «Clean City NC» ЖШС компаниясына тиесілі 25 Iveco маркалы арнайы жүк көліктері «KazRecycleService» ЖШС-ке тасымалдайды. Онда қалдықтар қосымша сұрыпталып, шикізат дайындалып, одан отандық кәсіпорындар шелек, қар тазалауға арналған күрек сияқты тұрмыстық заттар жасап шығарады.
«ӨКМ Операторы» ЖШС мамандарының мәліметінше, шілде айында елордадан 265,38 тонна қалдық қала сыртына шығарылыпты. Оның 45 пайызы қағаз болса, 28 пайызы – пластик, 17 пайызы – әйнек, 10 пайызы жалпы қалдық көрінеді.
«Тұрғындардың басым көпшілігі қоқыс жәшігіне қағаз бен пластикті көп тастайды екен. Ал қалдықты сұрыптап тастау жағынан әзірге Есіл ауданының тұрғындары белсенділік танытуда. Өйткені бұл жоба ең алғаш рет осы ауданда жүзеге асырылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілген болатын. Жобаны жүзеге асырудағы алғашқы айдың нәтижесі жаман емес. Астаналықтар сұрыптап тастауға қолдау білдіріп жатыр. Дегенмен бұл туралы насихат жұмыстарын әлі де жалғастыру керек» дейді «ӨКМ Операторы» ЖШС мамандары.
Қазіргі таңда Астанада 404 жаңа контейнер орнатылған. Оның 128-і Есіл ауданының еншісінде болса, Байқоңыр ауданында – 75, Сарыарқа ауданында 201 контейнер қойылған. Ал Алматы ауданына мұндай контейнерлер 7 тамыздан бастап орнатылмақ. Жалпы, жыл соңына дейін қала бойынша 6 мыңнан аса жаңа контейнер қойылатын болады. Осы бағатқа 1,72 млрд теңге қаржы бөлініпті.