«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қалдықты қайта өңдеу қашан қарқын алады?

0 20

Елордадан тәулігіне шамамен 380 тоннадай тұрмыстық қоқыс пен қатты құрылыс қал­дықтары шығарылатын көрінеді. Осы тұрмыстық қалдықтардың тек 40 пайызы ғана сұрып­талып, 18 пайызы өңделеді екен. Бұл – еліміздің бас қаласы үшін өте татымсыз көрсеткіш.

1626188795_35-kartinkin-com-p-pererabotka-fon-krasivo-40

Сенімнен күдік басым

Мамандардың айтуынша, шаһарға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап салу үшін арнайы сары, көк, қызыл түсті 70 мың контейнер қойылған. Дегенмен, осыны мақсатты пайдаланып, қалдықтарды сұрыптап салатын қала тұрғындары тым аз көрінеді.

Нұр-Сұлтан қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт  бар. Алайда шаһардан шыққан қоқысты өңдеп, қадеге жаратуға дайындайтын бұл кәсіпорын да толық қуатында жұмыс істей алмай келеді. Оған басты себеп – құрылғанына жеті-сегіз жыл болған кәсіпорынның өзін-өзі ақтай алмай отырғандығы. Мұнда тұрмыстық қатты қалдықтар аэробты биотермия­лық компосттау арқылы сұрыпталады. Бірақ одан шыққан өнімге әзірше сұраныс аз болып отыр. Бұған қоса, қатты тұрмыстық қалдықтарды жаппай өңдеуге заңнаманың жетілмегендігі, бірыңғай ақпараттық базаның болмауы, нормативтік-құқықтық актілердің сақталуына бақылаудың әлсіздігі мен қаржыландырудың жеткіліксіздігі қолбайлау болуда.

Енді осы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдеуге қатысты қиындықтардан қалай шығуға болады? Бұл тұрғыда еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2025 жылға дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Өскемен, Шымкент және Қарағанды қалаларында қоқыс өртейтін зауыт салу жоспарын ұсынған еді.

Министрлік мамандарының бұл ұсынысына елорданың экобелсенділері үзілді-кесілді қарсы шықты. Олардың айтуынша, қоқысты өртегені үшін кететін электр қуатының әр квт сағаты 172,71 теңгеге шығады екен.

«Мұны салыстырмалы түрде айтар болсақ, күн қуатына – 17 теңге,  жел қуатына – 21 теңге, көмір жаққанға 13 теңге шығын шығатын көрінеді. Бұған қоса қондырғының сүзгілерін уақытында ауыстырып отыру үшін де қыруар қаржы керек. Ал оған да келісе қояр едік, бірақ бұл қоқыс полигондары мәселесін түпкілікті шешпейді. Қоқысты өртегенде әр тоннасынан 40 пайыз улы күл-шлак қалдығы бөлінеді. Оны қайда жібереді? Тағы жаңа полигон ашуға тура келе ме дейді экологиялық қозғалыс белсенділерінің жетекшісі Құралай Әлиева.

– Басында елордада қоқыс өртейтін зауыт салу құны 30 миллиард теңге көлемінде белгіленіп еді. Ал қазір оның бағасын 50 миллиардқа дейін шарықтатып отыр. Осыншама ақшаға кәсіпорын салып, қоршаған ортаға зиян келтіретін болсақ, оның кімге пайдасы бар? – дейді Құралай Әлиева.

Айтса айтқандай, «қалада әлі тұрмыстық қалдықтарды тұрғындардың өзі сұрыптап, тиісті контейнерлерге бөліп салу дәрежесіне әлі жеткен жоқ. Ал мұны қатаң қадағалауы, үгіт-
насихат жұмыстарын дендеп жүргізуі тиіс жергілікті әкімшілік органдар жауырды жаба тоқып, мәселеге мән бермей келеді. Сосын ертең пешке пластик те, резина да, полимер де, басқа да жанбайтын, жанса да қоршаған ортаға орасан зор көлемде улы заттар бөлетін  қалдықтардан зардап шегетін боламыз» деген экобелсенділер уәжінің де жаны бар.

Үйренетін үрдістер аз емес

Ал енді елордада қоқыс өртейтін зауыт салынбаған жағдайда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптайтын басқа қандай балама мүмкіндіктер бар? Міне, осы төңіректе білікті мамандардан құралған бастамашыл топ дөңгелек үстел мәжілісін өткізді.

Біздің бас қалаға әкелейін деп жүргеніміз Батыс Еуропаның ескірген технологиясы екен. Тіпті, 2024 жылдан бастап бұл үдерістен олардың өзі бас тартқалы отырған көрінеді. Біріншіден, ол өте қымбат әрі экологияны бүлдіретін улы газды көбірек бөлетіні тағы бар.

Эколог Ермұрат Жармағамбеттің айтуынша, қазір бірқатар Еуропа елдері мен Батыс Азия  қоқыс қалдық­тарын сұрыптап, утилизациялап, қайта өңдеп, қадеге жаратады екен. Бірақ мұны ТМД елдерінің бірде-бірі әлі қолдана қоймапты. Қолданбақ түгілі, қызығушылық танытып, зерттеп көрген адам бар ма екен?!

Ал Германия, Швеция, Канада, Америка, Жаңа Зеландия сияқты елдерде табиғат пен қоршаған ортаны аялауға баланы мектеп қабырғасынан бастап үйретіп, оқытатын көрінеді. Оны айтасыз, әр үйдің ауласында түрлі-түсті контейнерлер тұрса, тұрмыстық қоқысты салатын сондай түсті арнаулы  ыдыстар ас үйге де қойылатын көрінеді. Сосын мектепте, отбасында ас қалдықтары мен қоқыстардың қайсысын қай ыдысқа салу керектігі жөнінде балалармен тәрбиелік жұмыстар жүргізіліп, экология тақырыбына әңгіме өрбітуден мұғалімдер де, ата-аналар да еш жалықпайды екен.

Оларда жасыл экономикаға баланы бесіктен белі шықпай жатып тәрбие­лейді. Еуропа елдерінде кез келген бала пластикалық бөтелкені әкеліп, тапсырса, 25 цент алады. Ал қаңылтыр банкілер мен шыны ыдыстар арнайы орындарда қабылданып, 50-75 центтен бір долларға дейін береді екен. Қазір 1 доллар біздің ақшамен – 4 теңге. Сонда 10 пластикалық, 10 шыны, 10 қалбыр бөтелке тапсырсаңыз, 50 мың теңгенің үстінде ақша алады екенсіз.

Сондықтан Еуропа елдерінде көшеде немесе қоқыс жәшігінде пластикалық ыдыс та, шыны ыдыс та, қалбыр да шашылып жатпайды.

Ал қоқысқа тасталған тұрмыстық қалдықтардың барлығы да міндетті түрде сұрыпталып, қайта өңделеді. Өйткені оларда экологиялық тазалық пен тәртіпке жұртшылықты ынталандыру мен түсінік, тәрбие жұмыстары қатар жүргізіледі.

Ал бізде қалай?

Бізде экология, қоршаған ортаның тазалығы туралы әңгіме айтқан адамды сирек кездестіресің. Бұрынырақ, эколог Мэлс Елеусізов ағамыздың дауысын аракідік естіп қалатын едік. Кейінгі кезде ол кісі де көрінбей кетті. Ал заңға келетін болсақ, бізде «Қазақстан Рес­публикасындағы тұтыну және өндіріс қалдықтарын  қадеге жарату туралы» заң ғана бар. Бірақ оның өзі әлсіз. Қаншама айыппұл салынса да айналаға ретсіз төгілген күл-қоқыс­тан аяқ алып жүре алмайсыз. Бір айта кетерлігі, елімізде тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін 160 кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда елдің экологиясы бір жақсармай қойды. Оны айтасыз, кешегі «COVID-19»-ға байланысты елімізде орын алған карантин кезінде адамдардың үйде отырып қалуы салдарынан Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты үлкен мегаполистерде тамақ қалдықтары мен қатты тұрмыстық қалдықтардың уақытында жиналмауынан  үлкен мәселелер туындағанын біреу біліп, біреу білмейді.

 Тұрмыстық қалдықтар мен қоқысты өңдеп, қадеге жарату үшін жекелеген арнаулы кәсіпорындар қажет. Ол тұрақты түрде жеткілікті қаржыландырып тұруы тиіс. Бізде осы салаға әзірге нақты қаржы табылмай-ақ келеді. Ал жекелеген бизнес өкілдерінің қызығушылық танытқандары болғанымен, мемлекет дендеп қолдамағасын ақшамыз желге ұша ма деген қауіппен әліптің артын бағып, бел шешіп кіріспей отырған жайлары байқалады.

Қалдықтарды басқару жүйесі: бөлек жинау, тасымалдау, сұрыптау, заласыз­дандыру және қайта өңдеу сияқты бірнеше сатыдан тұрады.  Алдағы уақытта бас қала Нұр-Сұлтанда осы сұрыптау мен қайта өңдеуге, қоқыс полигондары мен оның санитарлық жағдайына, айналасындағы қоқыс үйінділеріне мемлекеттік органдар ерекше көңіл аударып, тиімді шаралар қабылдаса дейміз. Тұрмыстық қалдықтар орналасқан орындарды бақылауға алып, оның қоршаған ортаға әсеріне мониторинг жүргізген жөн. Содан соң тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпкерлік қызметті дамытуға кеңінен қолдау көрсетсе,  іс оңға басар еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды