Қалдықтар қайта өңделеді

0 200

Болат АХМЕТОВ, Астана қаласының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы

– Болат Изатоллаұлы, осы аптада қаладағы тұрмыстық қал­дықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу зауыты іске қосылды. Жобаның қуаты қандай?

– Астана қаласының страте­гиялық жоспарында 2030 жыл­ға дейін қалдықтарды азайту және тазарту коммуналдық ша­руашылықтың басты міндеті болып белгіленген. Дәл қазіргі күні өндіріс пен тұтыну қо­қыс­тары – 164, ал коммуналдық шаруашылық қалдықтары 154 пайызға өскен. Тіп­ті, 2010 жылы мұндай үйін­ділерді жоюға қала­лық бюджеттен 20 миллион теңге бөлінді. Сон­дықтан, қала басшылығы міндеттелген межеге дейін жойылатын қалдықтарды 80 пайызға дейін азайтуды қарас­тыруда. Соның бір айғағы – қо­қыс қалдықтарын өңдейтін зауыттың пайдалануға берілуі. Жалпы, зауытты салуға 36 млн еуро жұмсалды. Жылына 250 мың тонна қоқыс өңдейтін қуаты бар.

– Бас қалада лайықты өмiр сүру көбiне комму­налдық қыз­меттің күш-жiгерiне байланысты. Алайда, құрылыс қарқынды жүріп жатқан елордада шаруашылық қалдықтар мөлшерден артық шығар?

– Қалада сағатына 18,5 тонна тұрмыстық қалдықтар жиналады. Полигонда жиналатын қалдықтардың орташа тәулiктiк көлемi – 800 тонна. Оның 200 тоннасы – құрылыс және өнеркәсiп қалдықтары болса, қалған 600 тоннасы қатты-тұрмыстық қал­дықтардың үлесiне тиедi. Оның қолданыстағы жинақталу нормасы бiр адамға жылына 2,16 текше метр ғана болуы тиіс.

Айту керек, аталған зауытта қоқыс қалдықтары су өтпейтін, иісі шықпайтын, шірімейтін брикет түрінде нығыздалып, полигонға шығарылады. Кәсіпорынның 350 адамды жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндігі бар.

– Зауыт технологиясының артықшылығы неде?

– Енгізіліп отырған қалдық өңдеудің технологиясы қатты-тұрмыстық қалдықтарды көму технологиясымен салыстырғанда, бірқатар артықшылықтарға ие. Біріншіден, қоқыс полигонына берілген жер көлемі азаяды. Екіншіден, жерасты сулары мен атмосфералық ауа ластанбайды. Үшіншіден, екінші реттік өнім және соңғы өнім алынады. Бір сөзбен айтқанда, құрылыс материалдары, қаланың санитарлық тазалығы бюджеттің дотациялық жолынан тиімді өндіріске айналады. Зауыт кешені бірегей кәсіпорын. Әзірге ТМД мен Орталық Азияда оның баламасы жоқ. Сонымен қатар қаланың қа­жеттілігін толықтай өтеуге қауқарлы.

Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + 4 =