«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қалдық қалай қайта өңделеді?

0 278

Бұдан былай Астанада да қатты тұрмыстық қалдықтар контейнерге бірден сұрыпталып тасталады. Дүние жүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Астана қаласы әкімдігі мен «ӨКМ Операторы» ЖШС-тің ұйымдастыруымен қанатқақты жобаны іске қосуға арналған «Қайта өңдеуге» атты экологиялық асар өтті.

«Қазақстан» спорт сарайының алаңында өткен шара барысында қатты тұрмыстық қалдықтар қабыл­данып, қайта өңдеуден шыққан өнімдер жұртшылық назарына ұсынылып, балаларға арналған танымдық бағдарлама ұйымдастырылды. Сонымен, елордада тұрмыстық қалдықтарды екіге (құрғақ және ылғалды) бөліп тастаудың пилоттық жобасын енгізу қолға алына бастады. Енді шілде айынан бастап қаладағы 2070 қоқыс алаңына (Астана алаңдары 100 пайыз­ға қамтылады) 6 275 контейнер қойылады. Сары және жасыл түсті контейнерлерге тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып тасталады. Мысалы, сары түсті контейнерге металл, пластик, қағаз, шыны сияқты қайта өңдеуге жарамды қалдықтар тасталса, жасыл контейнерге тағамнан қалған органикалық және басқа да өңдеуге келмейтін қалдықтар салынады.
«Жыл сайын Қазақстанда 5,5 миллион тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдық жиналса, Астананың өзінен бір жылда шығарылатын қалдық көлемі 300 мың тоннаға жетіп жығылады. Яғни, күніне қаладан 1 мың тоннаға жуық қалдық шығады деген сөз. Осы ретте қалдықты бөлек тастау қоқыс полигонына түсетін көлемді азайтады. Сонымен қатар табиғи ресурс үнемделіп, елімізде қайта өңдеу саласының дамуына жол ашады» дейді «ӨКМ Операторы» ЖШС баспасөз хатшысы Жомарт Рақымжан.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан экологиялық шараға белсенді қатысқан жүздеген қала тұрғыны 300 келі электр және электронды құралдар мен 405 кг макулатура, 120 келі пластикалық бөтелке, 100 келі шыны, 14 келі батарея, 85 келі сынапты шам, 20 келі киім-кешек қалдығын тапсырды. Шара соңында 1 тоннадан аса қалдық қаладағы қайта өңдеу зауытына жіберілді.
Аталмыш шара аясында істен шыққан тұрмыстық электр техникаларын тегін алып кететін жаңа экологиялық «Cleаn taxi» жобасы таныстырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды