Қалаулардың қалауы қымбат

0 160

Осы біздің депутаттар да тыныш жүрмейді-ей!.. Ішкен-жегендерін тура Ораза кезінде жариялатып… Амал жоқ, оны да қазір айтпасақ, 30 күннен кейін тым кеш болып қалады. Мақаланың мәні кетеді сосын. Бар қызық былай болған…

Жақында Парламент ішіндегі шаруашылық басқармасының асханасы депутаттар тамақтанатын жерге «кемінде 21 жыл сақталған, әрқайсысы 50 мың теңге тұратын виски мен 550 бөтелке қымбат арақ-шарап керек» деп тапсырыс берген ғой (Бәсе, палатада отырып алып, неге дәл камера алдында ұйықтайды десем…). Сөйтіп, ішімдіктің қымбатынан ғана қылқылдататын қалаулылардың қалауы бір тапсырыс бергенде 1 220 000 теңгені құрайтын болып шықты. Өтірік десеңіз, Мемлекеттік сатып алу порталына жарияланған тапсырысқа көз жүгірте салыңыз… Онда тағы да депутаттарға сақталу мерзімі 3 жылдан кем емес жеңіл-желпі шараптың керектігі көрсетілген. Елдегі ең арзан саналып келген парламенттік асхана 20 бөтелкенің әрқайсысын 40 мың теңгеден сатып алмақшы. Тіске басар шоколодтардың да ең қымбатын, кеңседе иіс шығармай жүру үшін сағыздың 3 мың қорабын, «ішкен кезде кете береді, кете береді» делінетін 14 мың қорап темекіні сатып алып жатыр қазір. Бұлардың өзіне 7 миллион теңге жұмсалады. Қойшы әйтеуір, «байдың асын байғұс қызғанады» дегендей болып қалмайық!.. Ішсін, шексін! Олар да адам ғой. Тек жұрт ауыз бекітіп жүргенде неғылғандары ыңғайсыздау… Рамазан айының 30 күніне 30 тілек айтқан Рамазаннан (Стамғазиев қой) үлгі алу керек сияқты. Сенсацияның осындай да түрі болады негізі.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + 7 =