Қаланың дамуына тікелей қатысамыз

0 24

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында төрт тұрақты комиссия белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл комиссиялардың әрқайсысының өз бағыты бар. Депутаттар да мамандықтары мен қызметтеріне қарай бөлінген. Біз осы жолы заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты Қайырлы ТАУКЕНДІ әңгімеге тарттық. Ол аталмыш комиссияның бір жыл ішінде атқарған істері жайында айтып берді.– Қайырлы Ке­ңес­­бек­ұлы, өзіңіз басқаратын комиссия құрамымен таныстырсаңыз…
– Заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия құрамына депутаттар Ерлан Сыдықов, Мұхтар Төлеутаев, Зәуре Жүсіпова және Гүлнар Данбаева кіреді. Тұрақты комиссия мүшелері қалада өтетін барлық іс-шараларға белсенді қатысады. Үйлестіру кеңестерінің, қала әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың мүшелері бола отырып, қаланың дамуына тікелей атсалысады. Елорданың әлеуметтік-экономикалық өміріне, қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартуға үлкен үлес қосады.
– Әлемді жайлаған індет биылғы көктемде елімізге де жетті. Міне, жарты жылдан асты, карантин жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Пандемия жұмыстарыңызға кедергі келтірген жоқ па? Жалпы, күз – қорытынды жасаудың кезеңі ғой. Аяқталуға жақын қалған жылда атқарған істеріңізді бір қорытындылап өтсеңіз…
– Рас, осы жыл бәріміз үшін ауыр болды. Бірақ қысылтаяң шаққа қарамастан, жұмысымыз қалыпты жағдайда жүргізілді. Былтырғы қыркүйектен осы қыркүйекке дейін өзім жетекшілік ететін комиссия 14 отырыс өткізіп үлгерді. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жастарды шақыру қалай ұйымдастырылып жатқанын, «2023 жылға дейін Нұр-Сұлтан қаласында аула клубтарын дамыту» тұжырымдамасының жобасын қарадық. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу, елорда аумағында көші-қон процестерін реттеу мәселелері назарымызда болды.
– Осы жұмыстарда қандай мәселелерге көңіл бөлдіңіздер?
– Депутаттар әскерге шақырылушыларды үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етуге бастама көтеріп, кейбір аула клубтарының тұрғын үйлердің жертөлелерінде және астыңғы қабаттарында орналасуы салдарынан санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға қайшы келетіндігіне назар аударды. Аула клубтарының кадрлық құрамындағы дағдарысқа да тоқталып, сенбі мен жексенбі күндері орта мектептерде клубтардың жұмысын ұйымдастыру­ды ұсынды.
– Елорда халқының саны жылдан-жылға артып келеді. Бас қалаға көшіп жатқан адамдардың саны өте көп. Көші-қон мәселесін қарағандарыңыз бар екен. Қандай қорытындыға келдіңіздер?
– Көші-қон қызметі 73266 адамды ұлттық паспорт және жеке куәліктермен құжаттандырған. 686 азаматқа Қазақстан ­Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға рұқсат берген. 948 адам Қазақстан Республикасының азаматтығын алып, 904 шетелдік елімізде тұрақты тұруға қалдырылған. Олардың 643-і – қандастарымыз.
Қаланың қызмет көрсету орталықтарында Қазақстан Республикасының азаматы ретінде 68598 тіркелді. ­Қазақстан Республикасының азаматтығынан 14622 адам шығарылды. 18838 азамат тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеуге алынды. 2020 жылдың 6 айында шетелдіктердің Қазақстанға кіруі бойынша 1947 шақыру қағазы ресімделді. Соның ішінде 1 809 – заңды тұлға, 138 – жеке тұлға. Әртүрлі санаттағы 2838 виза ресімделіп, берілді.
Көші-қон қызметінің әкімшілік және материалдық-техникалық базасы қазіргі заманғы стандарттар мен талаптарға сәйкес еместігін, жұмыс бөлмелерінің жоқтығын және елорданың Көші-қон қызметі орталығы ғимаратында негізгі санитарлық-гигиеналық нормалардың бұзылғандығын анықтадық.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесін қарадық деп айттыңыз. Бұл тарапта қандай түйткілдер бар?
– Біріншіден, мектеп инспекторларының жетіспейтіндігінен «қиын» жасөспірімдерге бақылау әлсірегенін байқадық. Бүгінгі күні елордада 182 мыңнан аса оқушы бар. Олар жалпы білім беретін 117 мектепте оқытылуда. Соның ішінде 17 орта білім беру орынында мектеп инспекторы мүлде жоқ.
Екіншіден, профилактика мәселелері бойынша ведомствоаралық ынтымақтастық әлі тиісті деңгейде жолға қойылмағанын айту керек.
Үшіншіден, ұрлықтың алдын алу және болдыртпау мақсатында барлық білім беру ошақтарында бейнебақылау жүйесі мен турникеттер орнатылмаған.
Тұрақты комиссияның бастамасымен қалалық мәслихаттың сессиясында Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мәселесі қаралды. Оның алдында осы мәселе бойынша «Депутат күні» ұйымдастырылды. Сессия­ға дайындық кезеңінде елордадағы «Жасқанат», «Шағала» және «Бәйтерек» секілді бірқатар аула клубтарын, «IHUB», «IQ» және «ASTANAHUB» коворкинг орталықтарын араладық.
– Аула клубтарының түйткілдерін айттыңыз. Коворкинг орталықтарының жағдайы қалай екен?
– Коворкинг орталықтарына барған кезде жаңа құрылымдық алаңдардың меншік формасымен және қаржыландыруымен, осы құрылымдардың жастарға беретін мүмкіндіктерімен таныстық. Ғимараттардың жайлылығы мен әмбебаптығына, қызмет көрсетудің жоғары деңгейіне көзіміз жетті. Бірақ жастардың көпшілігіне коворкинг орталықтарының қызметтері қолжетімді емес екен.
– Жастар саясатын іске асыру бағытында қандай жетістіктер бар? Олқылықтар ше?
– Қазақстан Президентінің Жарлығын іске асыру аясында елордада «Нұр-Сұлтан жастары – 2019» өңірлік жол картасы әзірленді. Оған 11 негізгі бағыт бойынша 136 жоба енгізілген.
Бірақ жастардың өмір сүру сапасын арттыру бойын­ша қабылданған шараларға қарамастан, оларды жұмыспен қамту бойынша мәселелер туындады. Аула клубтары болса, әлі де жеткіліксіз. Қаланың шеткі аймақтарында спорт алаңдары жоқтың қасы. Бұған қоса мемлекеттік органдардың жастардың қоғамдық бірлестіктерімен өзара үйлесімді әрекеттері тиісті деңгейде емес.
–Тұрақты комиссия мүшелері қандай бастамаларды көтерді?
– Елорданың депутаттық корпусы атынан тұрақты комиссия мүшесі Ерлан Сыдықов студенттердің өмір сүру сапасын жақсарту бойын­ша идеяларын жеткізді. Атап айтқанда,жолақысы екі есеге азайған жағдайда студенттерге жол жүру құжатын беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып, осы мәселе бойынша бірқатар нақты ұсыныстар айтты.
Жалпы бір сессияда студент жастардың тұрмыстық жағдайын жақсарту, студенттер үйін салу үшін жер телімдерін бөлу мәселесін шешуді жеделдету, қалада студенттер емханаларын ашу мәселесін зерделеу, жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорт алаңдарын салу бойынша шаралар қабылдау, Нұр-­Сұлтан қаласының шекарасында орналасқан тұрғын жайларға ерекше көңіл бөлу керектігі айтылды.
– Қаланың инфрақұры­лымына келейікші. Бұл тарапта қандай мәселелерді шешуге атсалыстыңыз­дар?
– Ең өзекті және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді талқылау үшін тұрақты комиссия өз қызметінде жұмыстың тиімді формаларын қолданады. Мәселен, жол қауіпсіздігі жағдайы мен оны қамтамасыз ету шаралары мәселесі көпшілік тыңдауларда қаралды.
Қалада көлік кептелісін азайту және өткізу қабілетін арттыру мақсатында жол желісі бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілгенін атап өткен жөн. 90 шақырым жаңа жолдар салынып, 183 көшеде 99,5 шақырым қолданыстағы жолдар жөнделді. 13950 шақырымды қамтитын қаланың жолдар желісіне 465 зерттеу жүргізілді.
Көпшілік тыңдауларға қатысқан қала тұрғындары депутаттардың назарын қоғамдық көліктің жұмысына аударды. Олар автобус жүргізушілері жүру кестесін сақтамайтындығын, автобуста ақаулар пайда болса немесе қоғамдық көлік айтарлықтай жөндеуді қажет етсе де, желіде жүретіндігін жеткізді. Жолаушылардың айтуынша, салонда автобус маршруттары туралы ақпарат, аялдамалар көрсетілген сызба жоқ. Қоғамдық көліктерде орталықтандырылған хабарлау жүйесі жиі жұмыс істемей қалады, аялдамалар туралы ақпарат кешігіп немесе тым ерте айтылады. Бұл жағдай жолаушыларға белгілі бір қолайсыздықтар туғызады.
– Айтылған жұмыстар­дан басқа, қандай мә­се­лелерді шешуге қа­тыстыңыз­дар?
– Тұрақты комиссия елорда бюджетін бекітуге және қала бюджетінің атқарылуы туралы есепті қарауға ерекше көңіл бөледі. Комиссияның маңызды бағыты – мәслихаттың қабылданған шешімдеріне өзгерістер мен толықтыруларды уақытында енгізу және құқықтық мониторинг жүргізу. Елорданы кеңейту және жаңа аумақтарды абаттандыру мен әлеуметтік нысандар салу үшін жер телімдерін сатып алу туралы шарт жобаларын қарау да міндетімізге жатады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 1 =