Қаланың дамуы үшін аянбай еңбек етеміз!

0 74

 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні. Ертең тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері кәсіби мерекелерін атап өтеді. 2002 жылдың 20 желтоқсанында БҰҰ-ның 57-сессиясы өтіп, бұл күнді Мемлекеттік қызметкерлер күні деп бекітті. Еңбегі терең біліктілікті, үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін маман иелерін мереке қарсаңында сөзге тартып, атқарып жатқан жұмыстары мен мемлекеттік қызмет жайлы ой-пікірлерін сұрап білдік.

Жанар МҰХАМЕДЖАН, Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының бас маманы:

– Мемлекеттік қызмет үшін беделдің функционалдық және мәртебелік маңызы бар. Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметтің оң беделін қалыптастыру үрдісі атқарушы биліктің имидждік саясатымен тығыз байланысты. Мемлекеттік қызметкер – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев атап көрсеткендей, елді тиімді басқару үшін мемлекеттік қызметкердің бойында билік пен өз өкілеттіктерін қолдана білуі және адалдық қасиеттері болуы қажет. Мемлекеттік қызметкерге үлкен жауапкершілік, кәсіби білім, әділдік, адалдық, белсенді өмірлік позиция қажет. Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет, сондықтан да осы саланы таңдадым. Мықты маман болу үшін кәсібилікпен бірге адамгершілік қасиеттерді қатар алып жүру керек.
Мемлекеттік қызметке көңілім толады. Жаңа бағыттармен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік қызмет жүйе­сінде көптеген өзгерістер болып жатыр. Еліміздің әрбір өңіріндегі әріптестерімді бүгінгі кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Зор денсаулық, еңбекте табыс тілеймін!

Руслан ФАРИТҰЛЫ, Инвестициялар мен кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы:

– Мемлекеттік қызметте жүргеніме 9 жыл болды. Мен осы саланы өзім таңдадым. Еліміздің және қоғамның дамуы үшін өз үлесімді қосқым келді. Біз азық-түлік бағасының қымбаттамауын қадағалаймыз. Бағаның тұрақталуы – бақылауымызда. Мен оқу бітірген жастарға мемлекеттік қызметті ұсынар едім. Себебі түйіп алар тәжірибесі көп қызмет деп білемін. Жан-жақты дамуға мүмкіндік береді, тәртіпке бағынуға, елдің дамуы үшін еңбек етуге бағыттайды. Қоғамдағы күрмеулі мәселелердің шешімін табуға атсалысып, соның оң нәтижесін көргенде, сөзбен айтып сипаттай алмайтын тәжірибе аласың. Халықтың әл-ауқатын көтеруге үлесіңді қосуға мүмкіндік аласың. Алғашқы еңбек жолымды Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінен бастадым. Кейін Ұлттық экономика министрлігінде жұмыс істедім. Қазір қала әкімдігінде қызмет етемін.
Ел мүддесінің үдесінен шығуды алдымызға миссия ретінде қойсақ, әркім өзі қызмет етіп жүрген салада үздік, білікті маман болса, елдің де келешегі кемел болады. Сөз соңында, барша әріптестерімді кәсіби мерекелері – Мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтаймын!

Ерұлан ҚАРАБАЕВ, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:

– Мемлекеттік қызметтің беделі бізде әрқашан жоғары болған деп ойлаймын. Мемлекеттік қызмет нәтижесі елдің дамуын көрсетеді. Бұл жұмыстың дұрыс атқарылып жатқанын көрсетеді.
Мемлекеттік қызмет баға жетпес тәжірибеден бөлек, жеке қасиеттерімді дамытуға, ал ең бастысы, жақсылық жасауға итермелейді. Сондай-ақ достар мен тәлімгерлер табуға көмектеседі.
Еліміздің барлық мемлекеттік қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің даму жолында биік белестерді бағындырып, жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін!

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + twenty =