«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қаланы газдандыру барысы қалай?

0 49

Елорданы газдандыру жобасы 2023 жылға дейін үш кезеңге бөлінген. Қазірге дейін 600 шақырымнан астам газ тарату желісі салынды. Оның 500 шақырымы бюджет қаржысы, ал 100 шақырымы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ есебінен тартылды. Осы уақытқа дейін 9 тұрғын алап газға қосылды. Бұл – «Железнодорожный», «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық», «Промышленный», «Оңтүстік-шығыс», «Күйгенжар», «Мичурин» және ­«Интернациональный» тұрғын алаптары.

210923191741475e

2678 АБОНЕНТ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Елорданы газдандыру барысына арналған Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының отырысында бұл туралы баяндаған «ҚазТрансГаз­Аймақ» АҚ елорданың өндірістік филиалының директоры Дәулет Арықбаев қазірге дейін 5100-ге жуық техникалық шарт беріліп, 2678 абонент газға қосылғанын, соның ішінде 2611 тұрғын үй мен 67 коммуналдық-тұрмыстық мекеме газдандырылғанын айтты. Филиал 20 мың абонентке кеңес беріп, 14 мың абоненттің үйіне дейін газ тартып берді.

– Газ тұтынушыларға қаладағы 10 тарату желісінен таратылады. Осы желілерден шығып, 57 шкаф арқылы үйлерге жеткізіледі. Күзде алғашқы аяз соққанда, газдың қатып қалу жағдайы орын алды. Бұл мәселені шешу үшін 21 конденсат жинағыш қондырғы орнатылды. Қазір осы проблема шешілді. Апатты жағдайларды шешуге 5 бригада жұмылдырылады. Қазір олардың санын 10-ға жеткізіп жатырмыз. Қажет болғанда, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе қалаларынан апаттарды жою бригадаларын шақыртамыз, – деді Д.Арықбаев.

Мәслихат хатшысы тұтынушыларға газ қосу бағасы 400 мың теңгеден басталып, 800 мыңға баратынын айта келе, әлеуметтік әлжуаз топтардағы тұтынушыларға бұл тараптағы жәрдемақы 275 мың теңге болып бекітілгенін айтты. Оның айтуынша, биыл бұл соманы 400 мың теңгеге жеткізу ұйғарылды

ОРТАША БАҒА – 802 808 ТЕҢГЕ

Оның айтуынша, газды қосудың орташа бағасы 802808 теңгені құрайды. Бұған қажет жабдықтарды сатып алу, құрылыс-монтаждау жұмысы кіреді. Ал газды белгілі бір үйге қосу 22808 теңге тұрады.

Қазір бас қалада тұтынушыларға газ қосумен 60 компания айналысады. Осының алдында да қалалық мәслихатта бұл мәселе бірнеше рет қаралды. Атап айтқанда, өткен жылдың 11 наурызында мәслихат депутаттары бірнеше ұсыныс әзірледі. Бұл туралы айтқан мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов сол ұсыныстардың орындалу есебін сұрады. Соның ішінде барлық компанияға бірдей келісімшарт әзірлеу талабы қойылды.

Отырыс барысында анықталғандай, тұрғын үйлерге қызмет көрсету бойынша типтік келісімшарт бірдей. Мұны тиісті министрлік бекітті. Ал құрылыс-монтаждау жұмыстарына келісімшарт әр компанияда әркелкі.

ҚОСЫМША ҚҰЖАТТАРДЫҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?

Газдандыру мәселесіне қатысты қалалық мәслихатқа тұтынушылардан көптеген шағым түскен. Ерлан Каналимов дұрыс қызмет көрсетпеген компанияларды лицензиядан айыру, жалпы бұл нарықтағы компаниялар рейтингін түзу керектігін айтып өтті.

– Рейтинг түзудің еш қиындығы жоқ. Белсенді тұрғындармен жұмыс істеу керек. Солар қай компания жұмысын адал жасап отырғанын анықтап береді, – деді мәслихат хатшысы.

Тұтынушылардан газ қосу туралы өтініш түскеннен кейін үш күн ішінде қосылуы керек. Сондай талап бар. Алайда бұл жұмыстың 5-7 күнге созылып кету жағдайлары кездесті. Осыған назар аударған Е.Каналимов осы жағын да тиянақтау керектігін айтты. Дәулет Арықбаев қазір бұрынғыдай емес, бұл талап сақталып отырғанын жеткізді.

Ерлан Каналимовтың айтуынша, газ қосу үшін тұтынушылардан қосымша құжаттар сұралады. Бұл жағдай газдандыру барысын тежеп отыр.

– Мен жақында қаланың үш ауданының тұрғындарымен кездестім. Алдағы аптада Байқоңыр ауданы тұрғындарымен жүздесемін. Кездесулердің барлығында тұтынушылардың бәрі бірдей газ қосу өте қиын болып кеткенін жеткізді. Бұл кездесулерден кейін Алматы қаласындағы және басқа шаһарлардағы әріптестерімізге телефон шалып, олардағы жағдайды білдім. Бұл қалаларда газдандыруға біздегідей талап жоқ. Бізде қораға да техникалық паспорт сұрайды. Бұлай істеуге болмайды. Тұрғын үйдің құжаты бар ғой. Басқа ештеңе сұралмау керек, – деді Е.Каналимов.

ЖӘРДЕМАҚЫ КӨЛЕМІ АРТАДЫ 

Мәслихат хатшысы тұтынушыларға газ қосу бағасы 400 мың теңгеден басталып, 800 мыңға баратынын айта келе, әлеуметтік әлжуаз топтардағы тұтынушыларға бұл тараптағы жәрдемақы 275 мың теңге болып бекітілгенін айтты. Оның айтуынша, биыл бұл соманы 400 мың теңгеге жеткізу ұйғарылды.

– Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бір ай көлемінде тиісті ережеге өзгеріс енгізеді. Ал алдағы наурыз айындағы мәслихаттың сессиясында біз жәрдемақының жаңа сомасын бекітеміз. Бұл белсенді тұрғындардың өтінішімен іске асырылады, – деді Е.Каналимов.

Мәслихат отырысына белсенді тұрғындар да қатысып, арыз-шағымдары мен ұсыныс­тарын жеткізді. Соның бірі «Агроқалашық» тұрғын алабының тұрғыны Бауыржан Берден газ құбырын тартқанда жер бедері зерттеле ме деп сұрады. Оның айтуынша, «Агроқалашықта» бір метр жерден су шығады.

– Мен үйіме газ өткізгенде соны өз көзіммен көрдім. Құбырға су толып кетті. Көп арыз-шағым содан туындайды. Медеу, Герцен, Карбышев, Бөкеев, Чехов көшелерінде мұндай жағдай орын алады. Апатты жағдай туындап, газды өшірген кезде бізге хабарлама келмейді. Тұрғындарға алдын ала хабар жіберу керек қой, – деді ол.

САПАҒА КӨҢІЛ БӨЛІНСЕ…

Тарифке және газ есептегіш құралдарға қатысты да мәселелер бар. Яғни әр айдың соңында келетін түбіртекте әртүрлі баға көрсетілген. «Агроқалашықтың» тағы бір белсенді тұрғыны Сәуле Усинаның айтуынша, осы тұрғын алапта газға байланысты апат жиі болады. Сосын тариф те бастапқы 34 теңгеден 38 теңгеге қымбаттаған. Газдың сапасына да көңіл толмайды. Көгілдір түсі қызылға айналып кетеді. «Агроқалашықта» кейбір үй иелерінің жерге құжаттары болмаған соң, газ тарту қиындық тудырып жатыр.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ елорданың өндірістік филиалының директоры Дәулет Арықбаев өткен желтоқсан және қаңтар айларында әртүрлі баға көрсетілгенін растап, мұны түсіндірді.

– Жаңа жылдың алдында, 26 желтоқсан күні есептегіш құралдың көрсеткішін алдық. Тұтынушылар онда 26 күнге төледі. Қалған күндердің көрсеткіші қаңтар айына көшті. Қаңтарда 31 күн бар екенін білесіздер. Бұған желтоқсанның күндері қосылғанда айырмашылық шыға келді, – деді Д.Арықбаев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды