Қаланы бірге дамытамыз

0 18

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында «Birge» сайты іске қосылғанын, енді осы арқылы елорда тұрғындарынан ұсыныстар қабылданатынын мәлімдеді.

«Өздеріңіз білетіндей, елордамыздың аудандарын полиорталық қағидаты бойынша дамытудамыз. Бұл дегеніміз – қадамдық жақын жерде орналасқан әлеуметтік нысандар, уақыт өткізуге арналған абаттанған орындар, инфрақұрылымы дамыған, жасыл бақтары бар қала. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы қаланы дамыту бойынша ұсыныстарыңыз келіп түсуде. Бұл бізді қатты қуантады. Осы жұмысты жүйелеу және елорданы сіздермен бірге дамыту үшін «Birge» сайты іске қосылды» дейді Алтай Көлгінов.
Сайтқа қала тұрғындары әртүрлі бағыт бойынша ұсыныстары мен пікірлерін қалдыра алады. Апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерді сүру, экология, газдандыру, көгалдандыру, қоғамдық кеңістік, көшелерді жарықтандыру, жануарларды қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, білім беру, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, урбанистика – қалалық орта, бизнес, көлік, санитарлық тазарту секілді санаттар жеке қарастырылған.
Платформаның жұмыс істеу процесі қарапайым: бірінші – идеяны ұсыну, екінші – іріктеу, үшінші – жобаны жүзеге асыру батырмаларын бассаңыз болғаны. Тұрғындардың ең маңызды мәселелері мен тиімді ұсыныстарын әкім өз қадағалауына алып, жүзеге асыратын болады.
Еске сала кетсек, Алтай Көлгінов бұған дейін елорданың «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» жобасы аясында дамитынын айт­қан еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 8 =