©2020 Астана Ақшамы
Қаланы абаттандыру барысымен танысты
Бірнеше әлеуметтік және инфрақұрылым нысандарын аралап көрген қала әкімі нақты тапсырмалар берді. Ең алдымен шаһар басшысы Шалкөде, 2/1 көшесіндегі «Промышленный» тұрғын алабына ат басын бұрды.
Әсет Исекешев түрлі тиісті басқармаларға және де «Астана ӘКК» АҚ-на гүлзардың айналмалы алаңын кеңейту құрылысының жоспарын жасауды тапсырды. Сондай-ақ, жылы аялдама, «1000 орын» бағдарламасы бойынша павильон, гүлзар салу үшін Шалкөде көшесінің оң жағы мен Шарбақты көшесінің қиылысындағы жер учаскелерін қайтарып алуды қарастыру керектігін айтты.
Аудан әкіміне жергілікті тұрғындардан келіп түскен өтініштер бойынша көпфункционалды балалар алаңы таныстырылды. Әкім осы ретте аудандағы үйлердің алдын көркейту керектігін де еске сала кетті.
Әрі қарай аралау Қобыланды батыр мен Бурабай көшесінің қиылысындағы жол салынуы тиіс жерде жалғасын тапты. Әкім бұл жұмыстарды аяқтауды жауапты тұлғаларға табыстады. Бұдан кейін Күйші Дина мен Абылай хан көшелерінің қиылысына келіп, жол құрылысын аяқтауда барлық шараны қолдану қажеттігін пысықтады. Әкім Пушкин көшесіндегі «Социум» тұрғын үй кешеніндегі көшені де жөндеу керектігін тапсырды. Осы орайда, Алматы ауданы әкімі құрылысты жүзеге асыру үшін жақын арада өзінің жоспарын ұсынуы тиіс.
Бұдан соң Алаш тасжолындағы қалалық базарлардың жауапты тұлғалары мен басшыларына сауда орындарын тәртіпке, ретке келтіруін тапсырды әрі ол жерлерге жаяу жүргіншілер үшін жол белгісін орнатып, автотұрақ салуды тапсырып, оны қалай орындалғаны жөнінде есепті күтетінін айтты.
Қысқасы, әкім берген барлық тапсырма Астана қаласының сыртқы келбетін жақсартуға, елордаға келген қонақтар мен тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін жасалынып жатыр.
«Ақшам-ақпарат»