Қаламыздың қақпасы

0 180

Астана вокзалы бүгінде 84 жолаушылар пойызы мен 20 қала маңына жүретін теміржол көлігін қабылдап, жөнелтеді. Тәулігіне 5 мыңға жуық жолаушы бас қаланың қақпасынан сапарға шығады.

Тоғыз жолдың торабы

Баяғыда вокзалға алғаш рет келген бір әжеміз қаптаған жолаушыны көріп: «мені қойшы, балама бара жатырмын, мына адамдар сонша сабылып, қайда барады екен, ә?!» деп таңғалған екен. Сол айтпақшы, Астана вокзалы – нағыз қарбаластың қайнаған ортасы. Біреу алыс сапардан келіп, енді бірі кетіп жатады. Осындайда адамның бәрі жолаушы болып кеткендей сезінесің.

Астана вокзалы 1990 жылы қайтадан жаңғырып, оған 9 қабатты қосалқы ғимарат салынған болатын. Кейін Астананың елорда болуына байланысты жолаушылар ағымы күрт көбейгендіктен, 2003 жылы теміржол қақпасы қайтадан кеңейтілді. Сыртқы кескін-келбеті де Астанаға сай айшықталды.

Қазіргі вокзал 1800 жолаушыға лайықталған. Бұл да қарқынды дамыған қалаға тарлық етіп тұр. Сондықтан, Есілдің сол жағалауында тағы бір теміржол вокзалы бой көтермек.
Жалпы, жолаушы пойыздарын жөнелту және қабылдау Астана стансасы бас паркінің үш жолы арқылы өтеді. Бағыты – төртеу: біріншісі – Астана-Алтыншоқы бойынша Ресейдің Оңтүстік-Орал темір жолына қосылады. Екінші бағыт – Астана-Петропавл, үшіншісі – Астана-Құлынды және төртінші бағыт – Астана-Мойынты-Саяқ стансалары бойынша Қырғызстан мен Қытай Халық Республикасына шығады. Соған қарамастан Астанадан қозғалатын пойыздардың өзі жолаушыларға аздық ететін көрінеді. Әсіресе, мейрам кезінде халық теміржол көлігіне билет таба алмай қиналған күндері қосымша вагондар тіркеуге тура келеді екен. Осы жылдың 8 наурыз мейрамы қарсаңында пойыздарға жоспардан бөлек, қосымша 60-тан астам вагон тіркелсе, 22 наурыз күндері 100-ден астам вагон жолға шыққан.

Алғашқы әсер – вокзалдан басталады

Келімді-кетімді кісілер елорданың бітім-болмысын Астана арқылы танып-біледі. Ал Астана туралы алғашқы әсер жолаушының алғаш табаны тиетін жері – вокзалдан бас-талатыны анық. Сондықтан, елорданың теміржол қақпасы қай жағынан да Астана мәртебесіне сай болуы керек. Вокзал ұжымы да соған лайық болуға тырысып келеді.
– Біз ең алдымен вокзалда тазалықтың, тәртіптің болуын қатаң қадағалаймыз. Жолаушыларға қызмет көрсететін қызметкерлеріміздің сыртқы көрінісінен бастап, киім киісі, жүріс-тұрысы, жұртшылықпен қарым-қатынасы түзу болуы тиіс, – дейді бізбен әңгімесінде вокзал басшысының орынбасары Орынбасар Ынтықбаева.

Вокзалдың жолаушыларға қызмет көрсететін 120 шақты қызметкері бар. Олардың 90 пайызы адамдармен тікелей жұмыс істейді. Олар: вокзал кезекшілері, анықтама бюросының мамандары, дикторлар, кассирлер. Басым көпшілігі – вокзалда ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандар. Мысалы, Орынбасар Шамбайқызының осындағы еңбек өтілі 35 жылға жуықтаған. Ал вокзал басшысы Күміс Сейдиеваның жұмыс тәжірибесі одан да көп. Екеуіне де вокзал туған үйіндей болып кеткен. Ұңғыл-шұңғылын жақсы біледі. Бірі – басшы, бірі – орынбасар, екеуі де қызметін қатардағы маманнан бастаған. Сондықтан, оларға вокзалдың қай жұмысы да етене таныс. Басшылар қарамағындағы қызметкерлерден де осыны талап етеді.

– Біздің жұмысымыз бір-бірімен тығыз байланысты. Вокзалдың ішінде отырып, жолаушылармен жұмыс істегеннен кейін қай пойыздың қашан келу керектігінен, қай жолға қалай жетуге болатынынан әр қызметкер хабардар болуы керек, – дейді Орынбасар Ынтықбаева.

Вокзал басшысының орынбасары айтқандай, мұндағы қызметкерлерге қо­йылатын тәртіп қатал. Олардың атына жолау­шылардан шағым келіп түспеуі керек.

– Мен вокзалда жұмыс істегеніме 7 жылдан асты. Осы уақытқа дейін жолаушылардан шағым естіген емеспін. Бұл бізде жетістік деп бағаланады, – дейді бізге жолсерік болған қыз Зарина Тоғжанова. Ол вокзалда кезекші болып жұмыс істейді. «Кезекшінің міндеті не?» деген сұрағыма ол «жолаушыларға жол көрсету, вокзал ішінде тазалық пен тәртіпті қадағалау» деп түсіндірді.

Билет сататын терминалдар

Заринаға ілесіп, алдымен ескі және жаңа вокзал ғимаратын шарлап шықтық. Соңғы жылдары Астана вокзалы тың технологиямен «қаруланып» жатқанға ұқсайды. Бұрыннан бар поездардың келіп-кету уақыты мен ондағы орындар жөнінде ақпарат беретін «Ұжымдық пайдалану таблосынан» бөлек, мұнда өзіне-өзі қызмет көрсететін транзакциялық терминалдар пайда болыпты. «Билет алатын осы заманауи құрылғы келгелі кассаларға кезек едәуір азайды» дейді Зарина.

Терминалдар маңайында адам қарасы көп. Шеткері орналасқан терминалдан билет алып тұрған орта жастағы әйел мен жас қызды әңгімеге тарттық.

– «Астана-Маңғыстау» пойызымен Тобылға баратын едім. Қызым терминал дей ме, әйтеуір, мына бір қондырғыдан билет алып беріп жатыр, – деді өзін Зибаш деп таныстырған әйел. – Ыңғайлы сияқты. Бірақ толтыратын нәрселері көп екен, құрғыр. Әңгімемізді қыздың дауысы бөлді:

– Қай орын сізге ыңғайлы. Үстіңгі ме, астыңғы ма? – деді ол. Бұл терминалда пойыздардағы бос орынның бар-жоқтығы, келу, кету уақыты, бәрі де көрсетіледі. Тек өзіңіз туралы мәліметтерді қатесіз, дұрыс толтыруыңыз керек.

Егер терминалдың тілін түсінбесеңіз, онда вокзал кезекшілерінің көмегіне жүгінуіңізге болады. Кассирлер де кезекпе-кезек осы жерден табылады. Біз барғанда Найля Сахина атты кассир кезекшілікте екен.

– Алғашында жұртшылық үйренген кассадан билет алуға ұмтылатын. Терминалдарда кезек болмайтын. Ал қазір терминал арқылы билет алатындар көбейді.

– Бұл касса кезегін азайтты ма?

– Иә, кассирлердің жұмысын едәуір жеңілдетті.

– Терминалдан барлық бағыттағы пойыздарға билет алуға бола ма?

– Жоқ, тек «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға қарайтын пойыздарға ғана.

– Солай ма? Бәсе, кассаларда бәрібір кезек көп сияқты. Жалпы вокзалда қанша билет кассасы бар?

– 16. Соның ішінде біреуі – №3 касса мүгедек жандарға қызмет көрсетеді.

Жол азабын жүрген біледі

Вокзалдың жаңа ғимаратындағы кассалар маңынан ұзап, ескі ғимаратқа қарай шықтық. Жолай балалары бар жолаушыларға арналған күту залына бас сұқтық. Мұнда пойыз ауыс-тырып мінетін, жас баласы бар жолаушылар уақытша демалады екен.

Біз барғанда бөлмеде екі кішкентай баласы бар әйел тынығып жатыр екен. Қос балдырған бөлме ішіндегі ойыншықтармен ойнап, асыр салып жүр. Өзін Анна Николаевна деп таныстырған жолаушы Новосібірден келе жатқанын айтты. Қостанайдағы анасының туған күніне бара жатқан беті екен.

– Екі кішкентай баламен жол жүру оңай емес. Әсіресе, пойыз ауыстырған кезде жолдың қиындығын анық сезінесің. Қайта осында келіп, біраз тынығып алдық.

– Пойызыңыз қашан?

– Бүгін кешке кетеміз, бұйыртса.

– Мұнда кіру тегін бе екен?

– Иә, пойыз билетін көрсетсеңіз жеткілікті.

Жалпы, Астана вокзалында осындай күту залдарынан басқа, ана мен балаға арналған демалыс залы, үш жүк сақтайтын орынжай, банкоматтар, валюта айырбастайтын пункт, дәріхана, намазхана, дәмхана, шағын маркет, VIP-зал, қонақ үй бар.

ДикторЛЫҚ – жауапты жұмыс

Жолаушыларға пойыздың келгенін, қашан жүретінін, олардың қайсы жолға тоқтайтынын хабарлап тұратын – дикторлар. Олар отыратын бөлмеге қарай бет түзедік. Микрофонның ар жағындағы жағымды дауыс иесінің кім екендігі бізге таңсық.

Дикторлар бөлмесінің есігін ашқанымыз сол, кезекші диктордың пойыздарды хабарлап жатқанын естідік: «Тыңдаңыздар, құрметті жолаушылар! №83-ші «Қарағанды-Мәскеу» бағытындағы жолаушылар пойызы екінші жолға келіп тоқтайды. Вагондардың сан реті пойыздың басынан басталады. Пойызға шығу теміржол вокзалының екінші қабатында орналасқан өтпе жол арқылы немесе жертөледе орналасқан туннель арқылы жүргізіледі. Тасымалдаушы – «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы….».
Диктордың алдында 6 телефон тұр. Соның ішінде үлкен сары телефон ерекше көзге түседі. «Маңызды мәліметтерге арналған телефон болу керек деп жобаладық. Диктор қызбен амандасқаннан кейінгі алғашқы сауалымыз да осы жөнінде өрбіді.

– Астана стансасы бас паркінен соғылған қоңыраулар осы сары телефонға келіп түседі. Бір сөзбен айтқанда, пойызбен тікелей байланыстыратын телефон. Пойыздың келу уақытын, кешігу жағдайын осы телефоннан білеміз. Ал мына қара телефон Қарағанды жолы арқылы келетін пойыздар туралы хабар береді. Енді бір телефоннан Атбасар бағытындағы пойыздарды білеміз.

Телефон шыр етті. Диктор Ардақ Бекмағамбетова бірден алдындағы пернені басып жіберіп, микрофонға: «Астана – Қарағанды» электропойызы үшінші жолға келіп тоқтады…» деп хабарлап үлгерді.

Қала маңына жүретін пойыздар жөнінде хабарлау кезінде сол жердегі ауа райы мәліметі де қоса беріледі екен.

Ардақ бұрын анықтама бюросында жұмыс істеген. Біз барған күні диктордың орнында отыр.

– Теміржол вокзалында «сіздікі, біздікі» деген жұмыс жоқ. Кейде ауыс-түйіс болып отырады. Басты міндетіміз – жолаушыларға қызмет көрсету болғандықтан, қай жұмысқа да икемді болуымыз керек, – дейді ол.

Вокзал дикторының таңертеңгілік жұмысы – сол күні келетін пойыздардың кестесімен танысудан басталады. Теміржол көліктерінің келіп-кету уақытына көз жүгірткеннен кейін, қолдағы мәліметтерді анықтама бюросына жібереді. Дикторлар тек пойыздар жөнінде ғана емес, вокзалдағы жолаушыларға қажет жылт еткен жаңалықтарды хабарлап отырады.

«Жолаушыға жөн сілтеуге міндеттіміз»

Диктордың аузынан «Мәскеу-Қарағанды» бағытындағы жолаушылар пойызы келіп тоқтайтынын естіп, вокзалдың перронына шықтық.

Мұнда адам қарасы көп көрінді. Олардың көпшілігі қарсы алушылар тәрізді. Бірі – жақынын, бірі – досын, бірі әке-шешесін тағатсыздана күтеді.

Вокзал – кездесу мен қоштасудың мекені. Адамдар осы жерде бір-бірімен қуаныса табысып жатады. Ақындар әспеттеп жырлағандай, тек вокзалдағы қауышулар мен қоштасулар ғана шынайы секілденеді.

…Пойыз көп күттірген жоқ. Көлік келіп тоқтасымен сыртта тұрған жұртшылық бірден солай қарай ұмтылды. Алдында пойыз келгенше шойын жолдың жиегінде қызыл белгі ұстап, қаққан қазықтай тұрған бір әйелді көзіміз шалған еді. Пойыз келіп тоқтағаннан кейін ол есік маңайына келіп, түсіп жатқан жолаушыларға көмектесіп жатты.

Бұл – вокзал басшысының кезекші көмекшісі Айгүл Жамбылова екен. Оның міндеті – пойыздарды қарсы алып, шығарып салу.

– Жолаушыларды отырғызу ешқандай кедергісіз, оқыс оқиғасыз жүргізілуі керек. Мен соған жауапты адамдардың бірімін, – дейді ол. Айгүл Нұрмұхамедқызының жұмысы мұнымен шектелмейді. Ол вокзал қызметкерлерінің техникалық қауіпсіздікті сақтауын қадағалайды. Пойыздардың жүру кестесінің дикторға, анықтама бюросына дер кезінде жеткізілуін қамтамасыз етеді. Тазалық пен тәртіпті назарда ұстайды. Адасып жүргендерге жол көрсетеді. Сұрағандарға жөн сілтейді. Вокзал қызметкерлерінің сыртқы түр-келбеті мен киім киісі тартымды болуына да мән береді.

– Біз Астананың вокзалында жұмыс істейміз. Сондықтан, атымызға затымыз сай болуы керек. Жолаушылар елорда туралы жақсы әсер алуы тиіс. Мұны әр қызметкерден талап етеміз, – дейді ол.

Айгүл Нұрмұхамедқызының айтуынша, жолаушылар әртүрлі. Біреулердің мінезі жайлы. Енді біреулері мәселенің байыбына бармай жатып, ашуға берілгіш. «Бірақ өз басым бәрінің де тілін тауып, сыпайы сөйлесуге тырысамын. Біз әр жолаушыға жөн сілтеуге міндеттіміз. Ертең менің де жақыным жол жүріп, күні біз сияқты адамдарға түсуі мүмкін. Сондықтан, бәрін де жақынымдай тартып, жылы сөйлескенді жөн көремін» дейді ол бізге жымиып.

Иә, «адам үйінен қырық қадам ұзаса – мүсәпір» дейді. Өзіне беймәлім жерде сапарлап жүрген жолаушыға жөн сілтеп, ел, жер туралы хабардар ету – сауапты іс. Елорда вокзалы да жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуді көздеп келеді. Бүгінде тұрғындар үйінен ұзап шықпай-ақ, жол жүру билеттерін ғаламтор арқылы рәсімдей алады. Келешекте жолаушыларға қолайлы заманға бейімделген бұдан да басқа қызмет түрін енгізетіндеріне сенім білдірді басшылар.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − twelve =