Қаламызды тазалауға қатысайық!

0 106

Астана қаласы бойынша экологиялық тазалық айы басталды. Қала әкiмдiгi «Бұл қаламызға тазалық сыйлайтын игі шара. Ол үшін әрбір елордалықтың еркі мен белсенділігі қажет» деген үндеу жариялап, астаналықтарды айтулы шараға белсендi қатысуға шақырды. Бiз кеше басталған айлыққа байланысты Астана қаласының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Болат АХМЕТОВКЕ хабарласқан едік.

– Экологиялық тазалық айлығы аясында қандай жұмыстар жүргізіледі?
– 20 сәуірде қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жөніндегі экологиялық айлық шеңберінде жалпықалалық сенбілік өтеді. Ағаштар мен бұталарды отырғызумен қатар, гүлбақша мен гүлзарларды тазалау, жасыл желектерді отырғызуға дайындау бойынша көктемгі агротехникалық жұмыстар жүргізіледі. Қоқыс шығарылады, лас орындар, қайта жиылған үйінді толығымен жойылады. Бұған қоса, жалпықалалық сенбілік болардан бұрын, коммуналды шаруашылық кәсіпорындарында сенбіліктер өткізу жоспарланып отыр.

– Сенбілікке қанша адам қатысады деп жоспарлануда?
– Осы жұмыстарды атқару мақсатында жалпықалалық сенбілікке кәсіпорындар, ұйымдар, оқу орындары, республикалық және қалалық ведомстволардан 100 000-нан астам адам қатысады деп күтілуде. Бұған қоса, Алматы ауданында – 1400, Сарыарқа ауданында – 200, Есіл ауданында – 1300 ағаш отырғызу жұмыстары белгіленген. Сонымен бірге, әскери бөлім қызметкерлері, студенттер және «Астана қаласының экология департаменті» ММ және біздің басқарма бірлесе отырып, Ақбұлақ, Сарыбұлақ және Есіл өзендерінің бойын қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізеді.

– Қанша техника жұмылдырылады?
– Жиналған қоқысты дер кезінде алып, жинау мен шығару маңызды мәселе болып табылады. Сондықтан, осы жұмыстарға 500-ден астам тасымалдауға және қоқыс артуға арналған техника жұмылдырылады деп жоспарлануда.

Негізінен, жалпықалалық сенбіліктің негізгі мақсаты қоғамның назарын қала көшелерінің тазалығын сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне аудару болып табылады. Өз кезегімізде қала тұрғындарын әрбір үйдің ауласы мен көшесінде жүргізілетін жалпықалалық сенбілікке белсенді атсалысуға шақырамыз.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + twelve =