Қаламыз қалай қазақыланады?

0 104

Астана арқаға көшкенде ел аузында «бұл қала орыстанып кеткен» деген сөз жиі айтылатын. Сөздің шыны керек, сол кездегі ахуал солай еді. Алайда, бұл – Ақмолада қазақша сөйлейтін бір адам болмады деген сөз емес. Жетпіс жыл бойы үстемдік құрып, келмеске кеткен кеңестік кезеңнен  бізге «мирас» болып қалған мұраның бірі – орыс тілін көксеген, біздің мәдениетімізге, тұтас түсінігімізге қарсы келетін небір атаулар еді. Атап айтсақ, көшелерден бастап қала тіршілігіне қажеттілердің бәрі орысша аталып еді. Ал, соңғы он бес жылдың ішінде елорда мүлдем өзгерді. Себебі, қаланың кейпі қазақыланды.

Алғашқы қадам қандай-ды?!

Арқа төсіндегі жаңа әрі жас Аста­на­ның қалыптасуын әркім әрқалай топшылайды. Басын бүтіндеп алғаннан кейінгі басты міндет – қала­ға қазақы қан жүгірту еді. Себебі, бұл қала – жай емес, қазақтың кін­дік қаласы. Аста­наның ажарынан қазақылық лебі есіп тұруы тиіс. Әйтпесе, ол біздің ұл­ты­мызға, тұтас тәуелсіз­­дігіміз­ге сын болар еді. Сонымен, нақты мы­салмен айтайық. Тәуелсіздік ал­ған­нан кейін таза қа­зақша оқытатын жал­ғыз-ақ мектеп болды. Сол кездегі қарадо­­ма­лақ оқу­шы­лар қаланың бір шетінен екін­ші шетіне са­былып жүре­тін. Әйт­пе­ген­де, ана тілінде білім алу мүм­кін емес. Ұлтының бола­шағын ойла­ған ата-ана ұл-қызын қазақ мек­тебіне бергісі келетіні айтпаса да түсінікті. Дегенмен ата-аналардың ішінде бала­сының ресми тіл­де білім алғанын қалап, орыс ті­лін қол­­да­нушылар да жетерлік еді. Ондағы ойлары – болашақта баламыз тіл­­ден қи­нал­масын деген болар. Ал бүгінде бұл мәселеге көз­қарас мүлдем басқа. Өйткені, бү­гінде қазақ тіліне деген сұраныс біртіндеп артып келеді. Мәселен, он бес жылдың ішінде ашыл­ған 70-ке жуық мектептің бәрі қазақ тілінде білім беретін болды. Бұған қоса, мектепке дейінгі білім беру мекеме­лерінің дені ұлт тілінде сөйлеп тұр.
Тіпті, ондағы топ атауларының өзі әр қазақтың өз баласын еміре­не иіскеп, еркелетіп айтатын «құлын­шақ», «ботақан», «айналайын», «жанарым», «қарақат» сынды құлаққа майдай жағатын сөздермен айшықталған.

Көшелердің көркі кірді

Осыдан бес жыл бұрын қала басшылығы бір батыл қадамға барды. Бір мезгілде қаланың 300-ден астам көшесінің атауы ауыстырылды. Бұрынғы «ский», «ова»-мен аяқталатын атаулар қазір атымен жоқ десек болады. Мәслихат депу­тат­­тары бірауыздан көше атауларын қазақы­лан­дыратын құжатты қабыл­дағанда, «байырғы «тарихи» атаудан айырдыңдар» деп айқайға аттан қосып, қарсы болғандар да бой көрсетті. Бірақ, біз үшін оның қажеті шамалы. Себебі, біз бүгінгінің Астанасын, ертеңгі ұрпаққа аманат болып қалатын бас қа­ланың тарихын жасап жатыр­мыз. Егер біз қазірден бастап ұлты­мыз­­дың ұпайын түгендемесек, ертең кейінгі тол­қынның алдында ұятқа қаламыз. Болашақтың қамы­­на бү­гін­нен кірі­су қа­жет. Осыны ескеріп, бір мез­гілде бүкіл қа­­­ла көше­сі­нің атауын ал­мас­­­тырдық. Жай атау емес, көр­сең – кө­зің қуанып, есті­сең – құла­ғың сүй­­сі­не­­тін атаулар. Ұлты­­мыз­дың кіл қай­­­мағы­ның аты аталып, тү­сі түс­тел­­ді. Ес­ке­ріл­­ме­ген жер-су мен тау-тас қал­­ма­ды. Алтай мен Аты­рау­дың ара­сын­­да­ғы игі жақ­сының есімі елордада жаң­ғырды.

Ел ескерткішімен мақтанады

Қаладағы қазақтың атын шығар­ған тағы бір құндылығымыз ұлт мақта­ныштарына қойылған ес­керт­кіштер екені даусыз. Керей мен Жәнібек ханнан бастап, Кенесары, Бөгенбай, Бауыржан, Абай, Жамбыл бабаларымыздың ескерткіштері ел еңсесін көтеріп тұр. Бұл – жердің иесі де, киесі де қазақ екенін айғақтағандай. Айт­пақшы, елордадағы ескерткіш­тердің тең жартысын аймақтар әке­ліп орнатты. Батыр Әлияның ескерт­кішін – Ақтөбе облысы, жыр атасы Жамбылдың тас мүсінін – Алматы облысы, ал баһадүр батыр Бауыржан ата­мыздың ескерткішін Жамбыл облысы сыйға тартқан еді. Елорданың есебі еселене түсуі­не аймақтардың үлес қосып жат­қанын айтуымыз керек. Ал, мемлекетіміздің басты ес­керткішіне айналған «Қазақ елі» монументінің атауы айрықша тап­қырлықпен қойылған.

Мәде­ниеттің мәйегі

Жердің иесі қазақ болған соң, ондағы бар тірлік ұлттық реңге боя­луы керек. Иә, бірінші кезекте қа­ла мәдениеттің ордасы бо­луы тиіс. Бұған қатысты айтарым, ша­һар­дың шамы жағылған күннен бас­тап небір салтанатты сарайлар есік ашты. «Қазақстан», «Шабыт», «Тәуелсіздік», «Тілеп» деп аталатын зәулім са­рай­лар өз сахнасында дүйім жұртты ауызына қа­рат­қан дүл­дүл­дерді сайратты. «Мың­жыл­дықтар тоғысындағы Астана», «Астана-Арқау» сынды шаралар сан ғасырлар бойы қазақ­пен жасап келе жатқан ұлт өнерін ұлықтап, алаштың абыройын шарта­рапқа асқақтатып отыр. Өнер­дің, тұтас мәдениеттің туын қазық еткен зиялы қауым Астанаға қоныс теуіп, орта толтырып жатыр. Орта демекші, елордалықтардың саны 700 мыңнан асып түсті. Қуаныштысы, келушілердің көбі – өзіміздің қандастарымыз.

Көлік те қазақша сөйлейді

Сенесіз бе, осыдан жиырма жыл бұрын қазақша сөйлесең, өзге ұлт «орысша айт!» деп дүрсе қоя беретін. Ал қазір ше? Жоқ, олай талап ете алмайды. Қызмет көрсету саласы да қазақылана бастады. Тіпті, қалыпты деңгейге жетті. Бәрін болмаса да, бірін мысалмен айтайық. Қоғамдық көліктегі қызмет қазақ тілінде көрсетіледі. Бұл – жай сөз емес, арнайы қабылданған қаулының нәтижесі. Аялдамалар алдымен қазақша айтылады. Мейрамхана мен мейманханалардағы мәзірде бәрі бар да, тек қазақтың тілі болмайтын. Қазір, алдымен өзіміздікі, одан соң өзгенікі деген принципке көштік. Қуанбағанда қайтеміз.

Ә дегенде қаланың қазақы келбетіне сын айтушылар көп болды. Бүгінде сол сыннан қорытынды шығып жатқанын іс жүзінде көріп, көзіміз жетіп отыр. Астана алты Алаштың айбынды кіндігіне айналды. Қалаға қарап, таң қалып, таңдай қағып жатқандар көп. Қазақтың қуанышына айналғанын мақтан тұтамыз. Ендеше, қуанышымыз көп болғай дейміз!..

Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + 13 =