Қаламымды ұштаған ұстахана

0 289

…«Ақшамға» (ол кезде «Ақмола ақиқаты») ақшам жоқ кезде келіппін. Несін жасырайын, қалтасына қара бақыр қонбайтын қуаяқ студент кезім ғой. Тілші атану түсіме де кірмесе керек. Ара-тұра университеттің газетіне шыққан бірді-екілі дүнием болмаса, өзге жерде өмірі басылып көрмеппін. Әй, сабаз-ай, десеңізші! Тіпті бала болып «Балдырған» мен «Ұланға» да бірдеңе түртпеппін ғой…Онда бұл салаға қалай келген деп отырған болар ойыңыз?! Орынды! Жолай қосылдым ба, жоқ әлде жанай қосылдым ба, қалай демесек те мені еліткен Ерлібай досым еді. Ол кезде Ерекең (Ерлібай Қадырбай) «Ақшамның» түкірігі жерге түспей тұрған білдей бір тілшісі. Төртінші курсты тәмамдап, бәріміз жапа-тармағай каникулға тартқанда, Ерекең жатақханада жалғыз қалып, жұмысқа тұрып, онымен қоймай қарындасын да оқуға түсіріп үлгеріпті.
Жазу-сызуға аз-маздап еп-септігім болғанын жасырмаймын. Елгезектігі басым Ерекең соны ертерек аңғарып, мені сүйрегіштеп жүр екен ғой… Нығарлап ноқта салмаса да, жетектеп жүріп журналистиканың аламанына қосты.
…Содан мен де «жарты ставкалық» журналист атандым. «Ақиқаттың» есігін алғаш ашқаным да дәл осы кез-тұғын. Бұл 1995-тің қоңыр күзі еді. Босағадан имене басқан мендей сары ауызды «балапансынбай», бала сағымды сындырмай, мехнаты мол жазу өнеріне машықтандырған сондағы аға-­апаларымның бәріне мың алғыс! Жазған-сызғанымның «мұртын басып», «мынауский» мақала етіп, жұмысқа қабылданарда мақтауымды жеткізген Ғалекеңе (Ғалым Қожабеков) әлі күнге шейін ризамын. Бір ауыз сөзге келмей, жұмысқа қабылдау туралы бұйрыққа қол қойған тұңғыш редакторым Кенже Жұмағұловтың менің өмір жолымдағы алар орны ерекше. Содан шығар, жүрген жерімде ылғи «Тоғыз ағам бір төбе де, Кенже ағайым бір төбе» дейтінмін…
Әлдекімдермен әңгімең жарасып, шүйіркелесе қалсаң, «мектебін» айтып мақтан қылатындары бар. Кім не десе о десін, менің мектебім – «Ақшам»! Жылға жуық жұмыс жасауым мұң екен, «Отан алдындағы азаматтық борышыңды өте!» деген шақырту тиді қолыма. Әй-шәйға қарамай «әскерге кеттік» деп жүрген де әлгі Ерлібай. Керзі етік киіп аршындаған арадағы жалғыз жылда дүние түгел «төңкеріліп» кетеді деп әсте ойламаппын. Шинелімді сүйретіп қайтып келсем, Ақмола астана атанып қойыпты. «Ақшамда» да жаңа басшы. Тіпті қонысын Бейбітшілік көшесінен Желтоқсанға да көшіріп үлгеріпті…
«Бұрын осы жерде жұмыс істеп едім» деп міңгірлесем, жаңа басшы Жұмекең (Жұмагүл Берденқызы) «өзіңізді дәлелдеңіз» деп кесіп салды. Содан көзді жұмып, «біссіміллә» деп іске кірістік. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін аға-апаларымның арасындағы жастауы да өзім сияқ­тымын. Сол кісілерден көп сабақ алдым. Жақсы жандарды жанай жүргеннің де пайдасы сол шығар. Аллаға шүкір, ағаның бәрі адалынан жолықты. Соларға ілесіп, қал-қадірімше шапқан да болдым. Тақырыбы тастай Тәкеңнің (Талғат Батырхан ағамның) орнына «таласып», сары шәпкемді бос үстеліне шиіріп тастап, «бұрқыратып» жатқан менің аңғалдығымды да кешірген осы «Ақшам» еді. Бір сайысқа Айтекең (Айтқадыр Тілеуов) төреші болып, жазуға Бекеңді (Бекен Қайратты) ертіп апарыпты. Содан келесі жолғы «төрешілік» Бекен ағама қарай ойысып, жазуын мұрнымды терлетіп маған жаздырған «дедовщинасы» да қоса жүретін еді. Жұмагүл апамның «Бұл нөмірде оқылатын екі мақала бар болса, біреуі – Амангелдінікі» дейтіні де тап осы тұс.Түріктермен «тірескенде» жел жағыма шығып, пана бола білген Жәкеңнің (Жанболат Аупбаевтың) ағалық қамқорлығын қалай ұмытарсың?! Жазумен қоса, сызуға да ептілігімнің барын алғаш аңғарған сол кісі еді. «Қара баланың жазуы қыздың жиған жүгіндей жинақы» дейтін марқұм Дидағаң да (Дидахмет Әшімханұлының) жарқын кейпімен жадымызда қалды. Одан кейінгі бастығым болған Мәкеңнің де (Мағжан Садыханның) менің өмірімде салған ізі сайрап жатыр.
Ауыз толтырып айта алмасам да, Алла берген ғұмырымның алты жылын «Ақшамға» арнаппын. Шүкіршілік! Мен сол шаңырақта қайралдым. Осы орта мені өсірді. Шимай-шатпағымды ширықтырып, «төске салып» төзімді етіп шыңдаған да осы бір шығармашыл ұжым еді…
Отыз жыл бойы оқырманына ойлы сөз ғана ұсынған үнпарақ ұжымына шығармашылық шыңдалу мен шынайы жетістіктер тілеймін. Айтарларыңыз анық, бояуларыңыз қанық бола берсін!

Амангелді ҚИЯС,
«Егемен Қазақстан» газеті жауапты
хатшысының орынбасары,
«Астана ақшамы»газетінің 1995-2002
жылдар аралығындағы қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =