Қаламы – қарымды, талабы – танымды

0 133

Жазу өнерінің мөрмен таспаланған нақты қағидасы мен ережесі жоқ. Әр қаламгер өз танымына қарай қалам сілтеп, икемді дүниесін иіріп-шиырып қағаз бетіне түсіреді. Оның тағдырының ұзақ не келте болуы да шығармашылық адамының қамау терінің қаншалықты ащы шыққандығымен байланысты. Сондықтан да тоғыз тараулы дүниенің толғамды арнасын сұлу сөзбен кеңейтіп, дала пейілді қалпынан айнымай, қаршадайынан қаламға серт еткен Нұржан Қуантайұлына бұрдық.Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытар жомарт жұрттың қалам ұстаған арда азаматтары алдыңғы толқынға ақтілеулі асыл сөзін арнап, кейінгіге кенді кеудесінен ғибратты сыр ұсынып, бағыт сілтеуде. Бірі кешегі өткен толағай тұлғалардың шығармашылығынан кең ауқымда хабар берсе, бірі жазылған туындыларын жарқырата көрсетуге, оқырманға өзгеше қырынан танытуға ден қойған. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз ескіден жаңа ой түзген, жазуы жүйрік дарын иесі екенін дауыстап айтқымыз келеді.
Кезінде жыр сүлейі Әбділда Тәжібаев: «Менің Фариза өлеңдерінен бірінші алған әсерім – өлеңшімен емес, ақынмен кездестім. Кездестім де шексіз қуандым» деп ағынан жарылған екен. Сол айтқандай, біз де ең алғаш Нұржан Қуантайұлының өлеңдерін оқығанда дәл сондай сезімге бөленгеніміз рас. Ол алғашқы жырларының өзінде-ақ:
«Асыл сөз – зәмзам судың
тамшысындай,
Таптырмас Доспамбеттің
қамшысындай.
…Іздедім бабам айтқан
сол бір сөзді,
Із кескен баяғының аңшысындай» деп жырлап, елді елеңдетіп келді. Оның ­поэзиясы батыл ой, нәзік те нәркес иірімге, адам көңілін толқытар татымды тіркес, тұңғиықтан тұндыра тартқандай терең теңеулер мен ғажайып баламаларға толы. Ақын шабыты шалқыған шақтарда:
«үуілдейсің нені жоқтап,
қайран жел
сарыуайым сарын салып
сақарада түр үрлеп
сандал таудан, сайран
бел еңселім,
уайым емес, жел сенім
әкелмей ме, қайталанған
жәйт неше
бұ жалғанда екі туып
бір қалғаның мен сенің
неге келдім әйтпесе!..
Бұл өлең Жұмекен Нәжімеденовтің:
Мен кідірсем терім сүртіп бір сәтке,
Бүкіл дүние тұрып қалар секілді, – деген жырымен үндеседі. Сол ойды толықтыра түседі. Міне, ақын осындай терең ойлы шығармалары арқылы қалың елі – қазағымен қауышып, әдебиет алыптарының назарына ілікті. Сөйтіп, әдебиет табалдырығын еркін аттап, төрге озды.
Әлем әдебиетінде «Поэзияда тек тіл, сөз ғана көркем емес, ой да көркем, бейнелі» деген сөз бар. Сол айтпақшы, ақынның өлеңдерінде өрілген сөз ғана емес, ой да, образ да, сурет те, теңеу де көркем. «Қолшатыр» өлеңін алып қараңызшы:
Шайдай ашық көк аспан –
Қолшатыры ғаламның.
Көк аспанға жол ашқан,
Бәсiн қара шамаңның…
Қолшатырдың шегi жоқ,
Тiреуi жоқ, тiреуi!
Жарық барда көбiрек
Шайдай ашық нұр өңi.
Немесе:
«Алматы таңы»
Ақ жауын жуған ақ бура
басын тұр сүртiп
Алатау маңғаз қашанғы.
Ұйпа шаштарын ұйысып
қалған бiр сiлкiп,
Үйелеп жатқан ұйқысын
әрең ашады…
Ұялшақ ұлдай сығалап
тұрған есiктен
Жарықтық күн де мойнын
созды шығыстан.
Дегендей осы сұрқың-ай
сенiң кешiккен
Қарасұр аспан қарайды
өңмен ұрысқан.
Иә, адам баласы жаратылысынан әлденені сағынғыш, рахатты дүние­ден тез жалтарғыш һәм шаршағыш келеді ғой. Егер жан иесінің басында төбеге түскен шөкім бұлттай мұң болмаса, ол жалған дүниеден тез безініп кетер ме еді, кім білсін. Мүмкін, сол арзу шығар адамның бақыт пен бақты сезіне алатындығы, түйсіне білетіндігі. Ақынның өлеңдерінен осыны аңғарамыз.
«Ақын образбен ойлайды, ол шындықты дәлелдемейді, оны көзге елестетіп көрсетеді» дейді В.Белинский. Рас сөз. Нұржан ­Қуантайұлының өлеңдерінен оның кейіпкерлерін, күллі әлем көрінісі мен табиғат суреттерін, тіпті тылсым күш иелерінің елестерін көреміз. «Теңіздің дәмі – тамшыдан» дегендей, бұл сөзімізді жоғарыда келтірілген үш өлеңнің үзіндісі дәлелдей алады.
Хош, оның әр жырына тоқталып, шайырлық қуаты мен ерекшелігін, пайым мен парасатын, түйінді темірқазықтай шегендей берлеу сынды қасиеттері жайлы ұзын сонар ойлар желісімен бірталай дүниелер айтуға болар еді. Әйтсе де біз әңгімеміздің ауанын қаламгердің прозадағы белесіне бұрып, содан сыр суыртпақтағанды жөн көріп отырмыз.
«Қараөзек» романы – қазақ әдебиетінің қоржынына олжа салған шығарма. Бұл туындыға 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы арқау болған. Кезінде орыстың ұлы ақыны Пушкин тарихи тақырыптарды игерудегі ой-пікірлерін тұжырымдай келе: «Трагедияда өрістейтін не, оның мақсаты қандай? Бұл – адам мен халық. Адамның тағдыры – халықтың тағдыры» деген екен. Сол айтқандай, «Қараөзек» романында жазықсыз жаза тартқан Хақназар тағдыры арқылы қазақ халқының тағдыры, сондай-ақ қазақ жастарының ерлігі шынайы сипатталады. Аталған роман туралы қабырғалы қаламгер Герольд Бельгер: «Қазақ әдебиетінде бұрын-соңды сондай дәлдікпен, нақтылықпен, шынайы деталь-көріністермен бейнеленген кеңестік дәуірдегі түрме өмірінің қыртыс-қалтарыстарын нанымды және жан-жақты ашып суреттеген көркем шығарманы тұңғыш рет оқығаным. Есіме әрдайым Достоевскийдің «Записки из мертвого дома» деген романы түсіп отырды… «Қараөзек» – қазіргі күрделі өміріміздің бетпердесін жұлып тастап, жан-жақты ашып, айқын суреттеп, ащы шындықтың көріністерін әшкерелеп, тартысты һәм әсерлі бейнелеген роман екеніне көзім жетті. Жас адамның зеректігіне, ойлылығына, байқампаздығына тәнті болдым, сүйсіндім» деп өзінің жүрекжарды пікірін білдірді.
Былтыр «Қазақ әде­биеті» газетінде жарияланған Нұржан Қуантайұлының «Үрейлі үш күн» әңгімесі қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелді. Біле білсек, бұл – ұлттық әдебиетіміздің зор табысы.
– Антиутопия көптеген қазақ қаламгерлерінің тісі батпай жүрген қиын жанр еді. Өйткені оның табиғаты магиялық реализмнен де күрделі, – дейді белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы. – Кезінде бәріміз де ағылшын жазушысы Джордж Оруэлдің «1984», жапон қаламгері Кобо Абэнің «Баса-көктеп кіргендер», орыс жазушысы Евгений Замятиннің «Біз» шығармаларын сүйсініп оқыған болатынбыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Нобель сыйлығын еншілеген Кадзуо Исигуроның ең мықты шығармасы да оның «Қол үзбе менен» деп аталатын антиутопиялық романы. Нұржанның мына әңгімесі – дәл бүгінгі таңдағы қазақ прозасы үшін үлкен жаңалық.
Иә, жалынды жазуымен жылуы қашқан талай сарысүйекті қыздырып, қатқан буынды босатып, жүректі шымырлатқан, зерделі оқырманның дүниетанымын зау биікке ұмсындырып, зеңгірдей кеңейте түскен қалам иесінің соңғы шығармалары – қордалы туындылар. Сөз құдіретіне сана жетелете алсақ, осы бір шығарма қазақ руханиятына, оның ішінде әдебиетіне орасан зор үлес қосқан дүние.
Тағы бір айта кетерлігі, Нұржан Қуантайұлы «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингін басқарған тұста заман талабына сай еңбек етіп, қанатын кеңге жайды, өрісін кеңейтті. Атап айтар болсақ, аймақтық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттерінің сапасы жақсарып, мазмұны артты, таралымы өсті. Тіпті Ақпарат және мәдениет министрлігінің мониторингі бойынша еліміздегі облыстық газеттердің ішінде «Дидар» газеті бірінші орынды еншіледі. Ал «Рудный Алтай» газеті Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын иеленді. Сонымен қатар оның жетекшілігімен Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілінде ақпарат тарататын «Аltaynews.kz» сайты ашылып, «Отүкен» әдеби-көркем журналы жарыққа шықты. Таяуда ғана «TENGE MONITOR» респуб­ликалық басылымының тізгінін ұстаған әріптесімізге ізденіс ілгерілей берсін деп тілек қосамыз.
Сөз соңында айтарымыз, Нұржан Қуантайұлы – әлі де жазғанынан жазары, бергенінен берері көп қаламгер. Сондықтан ол алдағы уақытта қазақ әдебиетінің өсіп-өркен­деуіне сүбелі үлес қосады деп сенеміз.
Жаза бер, жасай бер, әріптес!

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар ­одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × five =