Қаламгерлер аллеясына не жетпейді?

0 90

Елордадағы Абай көшесінде орналасқан Қаламгерлер аллеясы «Егемен Қазақстан» газеті көшесіне дейін созылып жатыр. Аллея аумағы 1,2 гектарды қамтиды. Оның 5,7 мың шаршы метріне тас төселіп, 4,2 мың шаршы метрі абаттандырылған. Сонымен бірге 50 шырша егіліп, 428 жарықшам орнатылған. Аллеяға Абай атамыздың сөзі жазылған мәрмәрдан жасалған кітап қойылған. Бірақ әп-әдемі саябақтың бір әттеген-айы жоқ емес… Айтайын дегенім, саябақта сейіл құрған жұрт дәретхана іздеп тентіреп кетеді. Ер-азаматтар сол маңдағы талдар мен қоршауларды төңіректеп бүлдіріп жатса, әйел адамдарға тіпті қиын-ақ…

«Мен бұл саябаққа жақын тұратындықтан, балаларымды ойнатуға жиі келемін. Саябақта серуендегенді ұнатамыз. Десе де, бұл маңда дәретхана көрінбейді. Бізге қиын емес, жақын тұрамыз. Ал басқалар балаларын амалсыздан ағаштардың арасына апаруға мәжбүр болады. Қыста білінбеген еді, енді көктем келіп күн жылынғанда күлімсі иіске шыдап бағу қиын болар. Сонымен қатар кешке қарай жастар да осында жиналады. Ең сорақысы, кейде үлкен дәретке отырып кетеді. Мәселенің шешімі тезірек табылса екен» дейді Айнаш Әбілова есімді қала тұрғыны.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет 2019 жылы аллеяның ашылу салтанатында: «Саябақтың Абай атамыздың көшесінің бойында орналасуы да тегін емес. Бұл көшенің бойындағы Қаламгерлер аллеясында келе жатқан ақынның шабыты тасып, көмейінен өлең төгілері хақ. Аллея Нұр-Сұлтан қаласына нұр қосып, тұрғындардың жүрегіне жыр қоса берсін» деген еді. Сөз жоқ, саябақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналып отыр. Бірақ ең негізгі нысан қоғамдық дәретхана болмаса, саябақта қайдан тазалық болсын.
Тынығуға келгендер тіпті тыныс ала алмайды. Себебі қазірдің өзінде аллеяда орналасқан гараждың арты дәретханаға айналып кеткен. Мүңкіген иісіне шыдау мүмкін емес. Бұл мәселенің шешімі тез арада табылмаса, қаламгерлер түгілі, аллеяның маңынан өтіп бара жатқан қарапайым адамның шабыттануы екіталай, керісінше құты қашар…

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × one =