Қаламгерлер ағаш отырғызды

0 24

Елордада Қазақстан халықтарының бірлігі күнінде ақын-жазушылар «Қаламгерлер аллеясына» 25 түп шырша отырғызды. Жазушылармен бірге Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен де қолына күрек алып, игі іске өз үлесін қосты.Шара басында кеше ғана ғұмырдан өткен ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан КСР халық әртісі, белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевты 1 минуттық үнсіздікпен еске алу рәсімі өтті.
– «Бұл өмір – өткен күндер емес, есте қалған күндер» деп бекерге айтылмаған. Қазақ «артыңда мал қалғаша, тал қалсын» дейді. Көгалдандыру, тал егу рухани өсуге байланысты деп ойлаймын. Шынында әрбір қаламгердің өз ағашы болуы, оның бәйтерекке айналуы адамның өмір жолымен тікелей байланысты. Сонымен қатар бұл астанадағы елеулі оқиға деп білемін. Таңнан бері саябақта «Атамекен» әнінің шырқалуы да тегіннен емес. Қазақ эстрадасының, ән өнерінің метрі Ескендір ағамыздың өмірден өткені қабырғамызды қайыс­тырып тұр. «Атамекен» – адами рухпен жүрегімізде бала кезден әнұран секілді жатталып қалған ән. Сондықтан бұл да «еліңді, жеріңді құрметте» деп үлкен бір ізгілікке, адамдыққа, адалдыққа шақырып тұрған сияқты. Бүгін «Атамекен» әнін естіп, жүрегіміз жылап тұрып өз ағаштарымызды отырғызудамыз. Қаламгерлердің жан-дүниесін жарып шыққан шығармалары өлмесін, – деді қаламгер Әкім Ысқақ.
Аталған шараға қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Роза Мұқанова, Серікзат Дүйсенғазы, Егеухан Мұхамадиқызы, Мырзатай Жолдасбеков, Сауытбек Абдрахманов және басқа да белгілі ақын-жазушылар қатысты. Мүшелікке өткен жас буын да ағаларымен бірлесіп, саябақтың сәнін келтірді.
– Қаламызда сенбілік жұмыс­тары дәстүрлі түрде жалғасуда. Өткен аптадағы 5 мыңнан аса адамды қамтыған сенбілік аясында Жазушылар аллеясына 25 ағаш отырғызылса, бүгін саябақ тағы 25 шыршамен толықты. Ендігі мақсат – қаланы көгалдандыру. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен рес­публика бойынша ағаш отырғызу науқаны басталды. Әрбір қала тұрғыны Бірінші экология үшін маңызын түсініп, өз еркімен ағаш отырғызуы керек. Қаламгерлер аллеясын көркейту бойынша аудан әкімдігі тиісті жұмыстарды атқаруда. Бұл маңда дәретхана мәселесі шешілмеген. Себебі оны дұрыстап орнату қажет, жай ғана бірдеңе қоя салмау керек. Дегенмен жақын арада бұл мәселе де шешімін табады, – деді қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.
Ақын-жазушылар өз қолымен отырғызған көшеттің алдындағы тақтайшаға аты-жөні жазылған. Алдағы уақытта тақтайшаларға QR-код бағдарламасы енгізіледі. Тұрғындар кодты суретке түсіріп, қаламгерлердің туындыларымен таныса алады.
– Бүгін қаламды серт еткен жандар қатар-қатар саябақтың Абай көшесіне қараған жағында 25 түп ағаш отырғызды. Жазушыларымыздың ұсынысын қабыл алып, бүгінгі шараны ұйымдас­тырып отырмыз. Жалпы аудан бойынша бүгін 500-ге жуық ағаш отырғызылды, – деді Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Даулыбаев.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − eleven =