Қалам қайраткерлері көрмесі

0 49

Ұлттық музейде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай қазақ әдебиетінің классиктері, көрнекті қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығы насихатталды. «Рухты қалам қайраткерлері» атауын алған шараны Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітап­хана, Ұлттық музей, Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасы ұйымдастырды.

«Поэзия алыбы – Мұқағали Мақатаев» атты дөңгелек үстел мәжілісінде ақиық ақынның қазақ әдебиетіндегі орны туралы, әдеби мұрасы жайлы, мұқағалитанудың өзекті мәселелері жайында келелі әңгіме қозғалды. Ақынның көзін көрген, онымен араласқан қаламгерлер естеліктерімен бөлісті.
Шараға жиналғандар Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанқалдыбек Төленбаевтың ақынды сомдауындағы «Мұқағали» поэтикалық драмасынан үзінді тамашалады.
«Рухты қалам қайраткерлері» атты көрме ұйымдастырылып, оның бірінші бөліміне Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай поэзия пайғамбары» кітап инсталляциялары қойылды.
Ал екінші бөлімінен Абай Құнанбайұлы, Сәбит Мұқанов, Кемел Тоқаев, Хамит Ерғалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Әнес Сарай, Мырзатай Жолдасбеков, Шерхан Мұртаза, Хамит Ерғалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Дүкенбай Досжан, Қадыр Мырза Әли, Кеңшілік Мырзабеков, Нұрғожа Ораз, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Оралхан Бөкей, Ақұштап Бақтыгереева, Ханбибі Есенқарақызы, Марал Хасен сынды көрнекті қаламгерлер тұтынған тұрмыстық заттар, қолжазбалар, фотосуреттер, құжаттар, кітаптар орын алды. Көрмеге ақын-жазушылардың жарлары мен ұрпақтары, қаламгерлер қауымы қатысты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + thirteen =