©2020 Астана Ақшамы
«Қалалық та, далалық та емеспіз»
Астанада пәтерді жалға беру бизнесі қызып тұр. Жекеменшік баспанасы бар елордалық қожайындардың есіргені сонша, қазір пәтер жалдаушыларды «шекесінен шертіп» таңдайтын болған. Пәтер жалдаушы пақырыңның бас-аяғы түгел «тергеледі». Түр-түсі, мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, жұмысы мен баласының бар-жоқтығы мұқият тексеруден өтеді. Тіпті, нәсіліне, ұлтына да қарап шіренетіндерін қайтерсің. Бара-бара, пәтер жалдаушының ата-тегін де тергейтіндер шықса, таң қалмаспыз.
Жақында бір әріптесіміз жалдайтын пәтер іздеп, әуре-сарсаңға түсті. Бәріміз оған қолдау білдіріп, жан-жаққа телефон шалып жатырмыз. Мен де өзімше көмек қолымды созып, көзіме түскен «пәтер жалдаймын» деген жарнаманың тұсындағы нөмірді тердім. Тұтқаны лып етіп ала қойған бейтаныс әйелге жағдайымызды түсіндіріп жатырмын. Бір кезде оның бізге қойған шартын естіп, жағамды ұстадым: «Маған еуропалық нәсілділер керек. Баласы болмасын. Баланың шуылы керек емес бізге. Отбасы адамдары жұмысына таңертең ерте кетіп, кешке тек қонуға келгені жөн». «Ниетіңіз неткен жаман еді» дегеннен басқа аузыма сөз түспей, телефонды тарс еткізіп қоя салдым. Міне, Астанадағы пәтерін жалға беруші қожайындардың әбден есіргендегі ессіз талаптары – осындай. Олардың бұл бассыздығын жөнге салып жатқан да ешкім жоқ. Жекеменшік үйін жалдауды бизнес көзіне айналдырғандар салықтан жалтарудың да жолын тапқан.
Бүгінде ай сайын шытырлатып 80 мыңды санап берсең да, қаланың қақ ортасынан жалдамалы бір бөлмелі пәтер табу қиын. Жаңалауы былай тұрсын, ескі «хрущевкалардың» өзі қолға түсе бермейді. Ал, Есілдің сол жағалауындағы тұрғын үйлерден пәтер жалдау тіптен қымбат. Мысалы, элиталық пәтерлерін жалдасаңыз, ең арзаны айына – 2500 АҚШ доллары. Әрине, оның аумағы да соған сай. Ал, бизнес класқа жататын үйлердің жалдау құны айына 1500-2500 АҚШ долларын құрайды. Зерттеушілердің айтуынша, тіпті, жалдау құны айына 15 мың АҚШ долларын құрайтын пәтерлер де елордада бар көрінеді. Әрине, мұндай бағасы удай баспананы қарапайым халықтың жалдамасы анық.
Баспана мәселесі – қай жерде де басты мәселе. Халқы күннен-күнге өскен Астана үшін тіптен өзекті. Әсіресе, арман-мақсатын арқалап Астанаға келген жастарға қиын. Бір баспанаға қалайда қол жеткіземін деумен, нағыз жалындаған шағын сарп етеді. Жастыққа тән жарқылдаған энергиясын, қарым-қабілетін осындай тұрмыс тауқыметтің бодауына құрбан етеді. Бір пәтер үшін жүрегі қаламаған жұмысқа байланып жүргендерді де көріп жүрміз. Құрбыларымның бірі: «шіркін-ай, Астанада қаншама әсем ғимараттар салынып жатыр. Бас шаһарымыздың күннен күнге ажарланған әсем келбетіне сүйсінген сайын өзімнің толыққанды астаналық емес екенім есіме түсіп, көңілім түсіп қалады. Иә, мен – елорда тұрғынымын. Жұмысым да осында. Бірақ басыбайлы бас-панам болмағандықтан, өзімді шынайы Астана тұрғыны ретінде сезіне алмаймын» деген еді. Осы құрбым сияқты қаншама жас бір баспанаға зәру болып, Валя, Надя тетяларының неше жылғы иіс сіңген «хрущевкаларында» пәтерші болып жүр! Көпшілігі – асқақ армандарын Астанамен ұштастыруға ауылдан келгендер. Ауылдың санатынан баяғыда кетсе де, қалалықтардың қатарына қосыла алмай жүр.
Әрине, тегін дүние деген жоқ қазір. Бұл қағидатты санамызға сіңіргелі қашан. Күллі әлем қазір несиемен үй алып, мемлекет жалдаған арендалық үйлерде мекен етеді. Дүниежүзінде әбден сүзгіден өткен бұл тәсілге қазақ елі де жүгіне бастады. Елімізде арендалық үйлер көптеп салынбақ. Мұндай мемлекеттік үйлер баспанасын жалға беруді табыс көзіне айналдырып алғандарды да тәубесіне түсірмек. Не десек те, ең бастысы, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы жастарға тұрғын үйлі болудың тиімді жолдарын ұсынып, баспаналы етсе дейміз.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
kymbat-astana@mail.ru