«Қалалық емес, астаналық»

0 109

Біз көп жағдайда қалыптасып қалған көзқарас шеңберінен шыға алмаймыз ғой. Үнемі республикалық басылымдарда қызмет етіп қалған мен де 2007 жылы «Астана ақшамы» газетіне тілші болып қызметке тұрғанда бұл газетті онша менсіне қоймаған едім.
Ар жағымда «бұл бар болғаны қалалық газет қой» деген ой тұрған. Бірақ сол тұста газет редакторы болған Нұртөре Жүсіп ағамыз бір жиналыста «бұл қалалық газет емес, астаналық газет» деп, әлгі ойымның күл-талқанын шығарды.
Расында, ойлап қарасақ, әлемнің көп елінің астаналық газеттері қоғамға абыройлы қызмет етіп, әлемдік журналис­тикадағы айтулы басылымға айналып жатыр екен. Ал біздің елордамыздың негізгі ақпарат көзі – «Астана ақшамы» газеті неге солай болмауы керек?
Осылай еркін, құлшына еңбек еттік. Бас редакторымыз да, редактордың орынбасары, мен үшін қазақ журналис­тикасындағы ерекше тұлға, ұстаз Талғат Батырхан ағамыз да қолымызды қақпады.
Газет бізге маман ретінде журналистік қабілетімізді, жеке тұлға ретінде шығармашылық мүмкіндігімізді жан-жақты сынауға мүмкіндік берді.
Соның арқасында газеттегі әріптес­терім жан сала жұмыс істеп, елордамыз­дың саяси-экономикалық, рухани және мәдени тұрғыда дамуына ықпал етті деп ойлаймын. Қазір де осы редакцияда шығармашылық әлеуеті жоғары, мықты ұжым қызмет етіп отыр.
Өзім «уақытша қызмет етемін» деп кіріп, 12 жыл бойы тапжылмай еңбек еткен бұл редакция бірталай журналистің өмір жолында үлкен бас­тамаларға, ерекше жетістіктерге жол ашып берген. Әлі де солай болады деп ойлаймын.
Қазір Нью-Йоркке келіп, осындағы газет пен сайттарды үнемі бақылап, оқып жүрмін ғой. Айтайын дегенім, қазақ журналистикасы әлемнің озық елдерінің журналистикасынан кем емес.
«Астана ақшамында» да ақпарат көздері ашық, қолжетімді болса, әлемнің озық елдеріндегі мықты журналистермен жарыса жаза алатын талантты журналистер бар. Қоғам, ел дамуы үшін не керегін айтып, сезіп, журналис­терге ой салып отыратын мықты басшылар бар.
Бүгінге қазақ журналистикасындағы бір қарашаңыраққа айналған «Астана ақшамы» газетіне және ондағы әріптес­теріме табысты, абыройлы қызмет тілеймін!

Назира БАЙЫРБЕК,
«Болашақ» бағдарламасының степендиаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 11 =