Қалалық бағдарлама қабылданды

0 88

Астанада әбден тозығы жетiп, қабырғасы әне-мiне құлағалы тұрған үйлердiң саны – 228. Жалпы аумағы 150 мың шаршы метрдi құрайтын мұндай үйлерде  шамамен 3500-ге жуық отбасы өмiр сүруде.  Қаладағы құрылыстың қарқынды жүргізілуіне қарамастан аталмыш салада түйткілдер жоқ емес. Ескі және апатты жағдайдағы үйлерді ысыру мәселесі — күн тәртібіндегі өзекті мәселе. 

Жақында ғана қала басшысы Иман­ғали Тасмағамбетов елорда тұр­­ғын­­да­­рымен болған жүздесуде апатты үйлердің жайына ерекше тоқталды. Бұрын өткен есептік кездесулерде де осы мәселе көтерілген болатын. Қала әкiмдiгiне салмақ салатын ауқымды жұмыстардың бiрi – ескi қаланы жаңалау. Ол үшiн бiрнеше бағыттағы жұмыстар қарастырылмақ. Ең алдымен, қайта қалпына келтiрiлетiн үйлер анықталып, меншiктi мүлiкке сараптама жасау көзделуде. Ескi және құлау алдында тұрған үйлердi бұзу, жаңа үйлердiң жобасын жасау және салу үшiн де жүйелi жоспар қажет. Инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды жобалау және салу өз алдына арнайы уақытты қажет ететiн болса, бұзылған үйлердiң орнына жаңа пәтерлер салып берудi тездету тұрғындардың басты талабы болып отыр.

«Бұл — өте маңызды әрі қиын мәселе. Атал­­мыш проблеманы инвесторлар есебінен шешу мүмкін болмады, өйткені, олар мүдделік танытпай­ отыр. Сондықтан да осындай проб­­ле­ма­­лы нысандардың өте ауыр жағ­­да­йын және қауіпсіздік жағдайын ес­­­­керіп, енді ғана түбегейлі жаңа қа­­ла­­­­лық бағдарлама қабылданды. Бұл мемлекеттегі бүгінгі экономикалық мүмкіндіктердің есебінен жасалған игі қадам болып отыр» дейді шаһар басшысы И.Тасмағамбетов. Оның мәлімдеуінше, алғашқы нысандар құрылысы басталып та кетті. Жыл аяғында алғашқы кезеңде ысырылатын үйлер тұрғындарын көшіру басталмақ.

Өткен ғасырдың 40-60-жылдары қамыстан салынған 2, 3, 4 қабатты үйлер бүгінде жөндеуге мүлдем келмейдi. Халық арасында «хрущевка» және «ленинградтық» деп аталатын бес қабатты үйлердiң де пайдалану мерзiмi 30-50 жылмен шектеледi. Бас қаладағы тұрғын үй қорының техникалық жағдайын тексеру нәтижесiне тоқталсақ, сол кезеңдерде салынған үйлер 70 пайызға дейiн тозып кеткен. Жалпы бұзылуға тиiс үйдiң иелерi осы уақытқа дейін шағым айтып, жергiлiктi басшылардың есiгi мен табалдырығын талай тоздырды. «Осы орайда мынадай бір жағдайды бөле-жара айтқым келеді: пәтер иелеріне құлатылған баспананың ауданына пара-пар пәтер беріледі, үйде қанша адамның тұрғаны есепке алынбайтын болады. Бұл жағдайда ешқандай алдау-арбауға, құйтұрқы әрекетке жол берілмеуге тиіс» деді қала әкімі. Яғни, тұрғындар тарапынан бұрынғыдай артық шаршы метр сұрап, адам санын көптігін алға тартудың қажеті жоқ. Керісінше, тозығы жеткен үйлерімен қоштасып, жаңа баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін қанағат еткені жөн.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + fifteen =