«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қалаға жеміс-жидек қайдан келеді?

0 926

Арқада күн салқындап, қыстың келгеніне айға жуық уақыт болып қалды. Базарларда қауын-қарбыз секілді өзіміздің жеміс-жидектер сиреп, сырттан әкелгендері молайып жатыр. Олардың қатарында апельсин, банан, мандарин, жүзім, өрік-мейіз, тағы басқасы бар. Көпшілігі біздің даламызда өспейді. Дегенмен отандық өнімдердің де молынан тұратын жағдайы бар еді, алайда олай болмай отыр. Қазір пайдасы мен зиянын саралайтын жұртты «Жеміс-жидектер біздің базарларымызға қай елден келеді?» деген сауал ойландыратыны белгілі.

Көкөніс – өзіміздікі, жеміс – жат жұрттікі

Осы сауалға жауап іздемек мақсатында Астанадағы бірнеше сауда үйін аралап, саудагерлерімен тілдесіп қайттық. Байқағанымыздай, бақша өсімдіктерінің басым бөлігі берісі Қытай, Өзбекстан, Түркия мемлекеттерінен, ал арысы Африка, Еуропа, тіпті Америка елдерінен жеткізіледі екен.
Сонымен өткен уик-эндті пайдаланып, қала жұртшылығы сауда жасайтын орталықтардың бірі – «Астаналық базарды» бетке алдық. Жексенбі болған соң бұл орталық құмырсқаның илеуі іспеттес, құжынаған жұртта есеп жоқ. Кіреберістен-ақ «Бауырым, не іздедің? Кел, бағасын түсіріп берем. Бәрі сапалы, импортный» деген сөзімен сатушы қарсы алды. Аяңдап келіп, жөн сұрасқанымызда тауарларын, негізінен, көршілес Өзбекстаннан әкеліп отырғанын білдік. «Ала жаздай бау-бақша шаруашылығымен айна­лыстым. Өзіңіз көріп отыр­ған жүзімдер – маңдай терімнің жемісі. Бағалары әртүрлі, қара түстілері, яғни кишмиш сорттысы – 600 теңге, ал сүйегі бар жасыл түстілері 350-450 теңге аралығын құрайды. Қыстағы табысым – жаздағы еңбегімнің арқасы» дейді өзбекстандық жігіт.
Базарды әрі қарай барлап, лимон, апельсин, мандарин сатылатын орынға жақындадық. Мұнда қабығы жұқа лимондардың бір данасы 150 теңгеден саудаланса, апельсин – 500 теңге, ал мандарин 550 теңге тұрады. Саудагердің айтуынша, әрқайсысы әртүрлі елден келеді екен. Мәселен, апельсин мен мандариннің бір бөлігі Түркия мен Мароккодан жеткізілсе, енді бірі іргеміздегі Қытайдың өнімдері көрінеді. Ал лимондары Өзбекстанда өсіріліпті. Сол сияқты кепкен, яғни өрік-мейіз, қақ секілді же­міс те бізге өзбек ағайыннан жетеді екен.
Жалпы, «Астаналық базарда» мандариннің түр-түрі бар. Тиісінше, әрқайсысы – әртүрлі мемлекеттің тауары. Мәселен, жапырағымен бірге саудаланатыны Мароккода пісіпті. Ал тағы бір түрі Ираннан, Грузиядан жеткізіледі. Құны – 450-650 теңге. Сол сияқты күн салқындағанда сөрелерге шығатын құрма мен анар да көршілес өзбек елінен әкелінеді. Ал бағасы жағынан екеуі де 500 теңгенің маңайын төңіректейді. Банан бізге көбіне Африка елдері мен мұхиттың арғы бетіндегі Эквадордан келеді екен, құны – 400-450 теңгеден.
Сауда орнын бір шолып шыққаннан кейін басым бөлігі шетелден келетінін байқадық. Осы орайда «қазақстандық өнімдер қайда?» деген заңды сауал туындары анық. Бір өкініштісі, отандық та­уарлардан тек Алматының апорты мен Меркінің алмұртын ғана табуға болады. Ішкі нарықты шетелдің өнімдері жаулап алғанына көз жеткіздік.
Айтпақшы, жемістің негізгі бөлігі өзге елдерден жеткізілгенмен, көкөніс­тер Қазақстанда өсірілген. Бұған «Шапағат», «Big Шанхай», «Көк базар», «Орталық базар» орындарына барғанда көз жеткіздік. Мәселен, Астанаға пияз – Жамбыл облысы, сәбіз, қызылша – Павлодар, қырыққабат – Қосшы, картоп – Макинка, ал қияр, помидор Сарыағаштан тасымалданады.

Импорттың зияны да аз емес

Қазақстанға келетін шетелдік тауарлардың арасында зияндылары да кездесіп жатады. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша өткен жылдың 6-20 қазан аралығында ел аумағына жоғарғы фитосанитариялық қаупі бар карантинге жатқызылатын өнімдерді әкелу кезінде өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзудың 59 фактісі анықталған. Ал 59 фактінің 47-сі Қыр­ғызстаннан жеткізілген өнімді тексеру кезінде белгілі болған. Оның ішінде 11 жағдайда өнім (93,3 тонна алма мен алмұрт, 21 тонна жүзім, 4 тонна қызылша) міндетті ілеспе фитосанитарлық сертификатсыз әкелінген.
Сонымен қатар қырғыз елінен жеткізілген тауар­лардан зиянкестер табылған. «17 жағдайда 20,6 тонна құрма және анардан, 47,7 тонна алма және алмұрттан, 42,4 тонна кептірілген жемістен, 60,1 тонна жүзімнен, 66,7 тонна картоптан комсток сымыры, шығыс жеміс жемірі, картоптың алтын түстес жұмырқұрты, арам сояулар, азиялық жеміс шыбыны, картоп күйесі атты карантиндік зиянкестер анықталған. 19 жағдайда өнім (10,5 тонна таңқурай және құлпынай, 37,2 тонна алма және алмұрт, 61,2 тонна жүзім, 12 тонна қара өрік, 2,9 тонна анар) таңбалаусыз әкелінген» деп хабарлаған Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Мұндай ескерту Ресейден келген тауар иелеріне де салынды. Мәселен, бұл елден 22 тонна жарма түрі, 83,5 тонна картоп, 20 тонна банан, 74,5 текше метр кесілген ағаш дайындамалары міндетті ілеспе фитосанитариялық сертификатсыз әкелініпті. Осындай тексерістің нәтижесінде былтыр Қазақстан көрші екі елден жеткізілген 600 өнімді кері қайтарған.

Экспорт – пайда көзі

Осы орайда бірнеше ел­­дің жеміс-жидек өнімдерін сыртқа шығару ар­қылы біржылдық табысы қандай болатынын іздеп көрдік. «Анадолы» агенттігінің хабарлауынша, Түркия 2017 жылы осы сала арқылы 2,231 мил­лиард доллар пайда тауыпты. Жеміс-жидек пен көкөніс сарапшылары кеңесінің директоры Али Кавактың айтуынша, бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 13 пайызға артық екен. Яғни екі жыл бұрын Түркия 1,979 млрд доллар табыс тауыпты. Мұндай нәтижеге ұшақ санының артуы үлкен рөл атқарған көрінеді. Turkish Cargo компаниясының Измирдегі филиалының директоры Фаик Дениз қосымша 18 ұшақ қойыл­ғанын мәлім етті. Ал осы жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы табыс 271 млн долларды құрапты. Түркияның тауарлары, негізінен, Германия, Ирак, Румыния, Беларусь, Сауд Арабиясы, Ресей елдеріне импортталады.
Ал көршілес Қытай елі­нің де осы арқылы табысы аз емес. Мәселен, өткен жылы бір ғана алма жемісінің 1,33 млн тоннасын сыртқа шығарып, 1,46 млрд доллар пайда тапқан. Осындай жетістіктің арқасында әлемдегі алма шығаратын елдердің арасында көш бастапты. Қытаймен, негізінен, Бангладеш, Филиппин, Үндістан, Таиланд, Индонезия мемлекеттері сауда жасайды.
Өз өнімдерін сыртқа шы­ғару көрсеткіші бойынша Өзбекстан да қалыс қалмайды. Өзбек елі тауарын әлемнің 80 еліне жеміс-жидектің 180 түрін сатып, пайда тауып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел қазынасына 708,8 млн доллар табыс түсіпті. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп. Ал жоспар бойынша биыл бас-аяғы 2 млрд доллардың өнімі экспортталмақ.
Айта кетерлігі, осы жы­лы Өзбекстан мен Қытай келіссөз жүргізіп, нәтижесінде сауда байланысы нығая түскен. Енді 2018 жылдың соңына дейін Өзбекстан 10 мың тонна шие, 3 мың тонна мейіз және 2 мың тонна грек жаңғағын жеткізуді жоспарлап отыр. Алғашқы партиясынан-ақ өзбек халқы 22,4 млн доллар табыс түсірген.
Қорытындылар болсақ, Қазақстан жеміс-көкөніс өндіріп, әлемдік нарыққа шығаруда кез келген мемлекетпен иық тірестіруге қауқарлы. Экзотикалық, тропикалық жеміс-жидек­терден өзгесін елімізде өсіруге жағдай бар. Мә­селен, бізде жаздыгүні оңтүстіктегі ағайын қауын-қарбызын қайда жіберерін білмей, амалсыздан арзан бағаға сатып жататынына куә боламыз. Сол сияқты суыққа төзімді, қабығы қатты қара қарбыздар да өсіріледі. Міне, жемістің осы бір түрінің шетелге шығарылуына жауапты мекемелер қол ұшын тигізсе, ел қазынасына айтарлықтай пайда түсері анық. Сонымен қатар Алматы апорты қолға алынып, жаһандық нарыққа шығарылса, әлемдік рейтингте Қытайды ығыс­тырып, алғашқы орынға жайғасары анық. Бізде қажеттінің бәрі бар. Алайда…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды