«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қалаға қосымша өрт сөндіру депосы керек

0 181

Кеше 2018-2020 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылау бойынша Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин қатысты.

Астана қаласына республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер ретінде 26 млрд 465 млн теңге көлемінде қосымша қаржы бөлу қарастырылды. Соның 24 млрд 697,7 млн теңгесі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Бұл қаржы 3 мектеп пен 4 қосымша ғимаратты салуға, 3-ЖЭО құрылысын жалғастыруға, №1 Индустриалды парктің инфрақұрылымы мен бірқатар көшелерді салуға, Ботаникалық бақты аяқтауға жұмсалады.
Сессияда осылай деп баяндаған Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Расул Оразғұлов жергілікті бағдарламалар әкімшілеріне бюджеттен бөлінген қосымша қаржыдан да хабар берді. Соның ішінде үш өрт сөндіру депосының жобасын әзірлеуге 15 млн теңге бөлінетінін жеткізді. Бұл деполар «Үркер» тұрғын алабында, № 28 және Көктал көшелерінде орналасатын болады.
Сессиядан бір күн бұрын өткен қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының біріккен отырысында бюджет біраз талқыланды. «Білуімше, №1 Индустриалды парктің инфрақұрылымын салуға бөлініп отырған 1,7 млрд теңге жеткіліксіз. Оған 6,7-8 млрд теңге керек. Бұл мәселе көп жылға созылып кетті. Парктегі нысандардың көбісі жылумен қамтамасыз етілмеген» деді депутат Аман Аюпов.
«Барыс Арена» сарайын ұстауға қосымша 300 млн теңге бөлінген екен. «Бекітілген бюджетте аталмыш спорт нысанын ұстауға 1 млрд 200 млн теңге қаржы қарастырғанбыз. Қосымша қаржы неге қажет болды? Жалпы бұл нысанды ұстау­ға жылына қанша қаржы керек?» деген сұрақтарды қойды қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейі­сов. Оған спорт сарайы жаңадан салынғандықтан өзін-өзі әлі ақтамай тұрғаны, нысан басшылығының қазіргі мақсаты кірісті көбейтіп, шығысты азайту болып отырғаны, жалпы бұл қаладағы бірегей нысандардың бірі болғаннан кейін оны ұстау да қымбатқа түсетіні айтылып, депутаттарға сарайға экскурсия жасау ұсынылды.
Сейсенбі күні қалалық қоғамдық кеңестің отырысында да нақтыланған бюджет таныстырылды. Кеңес мүшесі Сәрсенбай Мыңбаев жаңа ашылған Байқоңыр ауданына көбірек көңіл бөлуді сұрады. «Бұл ауданға 751,7 млн теңге бөлінді. Байқоңырдың басшылығы 1,5 млрд теңге сұраған еді. Бірақ бюджет мүмкіндігіне қарап қаржы бөлдік» деді Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Расул Оразғұлов.
Қоғамдық кеңес мүшелері орта мектептердің жағдайын, жаңадан салынған медициналық нысандарды ұстаудың, қаланы газдандырудың жайын көтерді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды