Қалаға қажет орталық

0 10

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары Паралимпиадалық жаттығу орталығында көшпелі кеңес өткізді. Онда паракаратемен айналысатын ерекше қажеттілігі бар спортшылардың ата-аналарынан мәслихатқа келіп түскен шағыммен қатар орталық жұмысына қатысты басқа да маңызды мәселелер қаралды.Ата-аналар арызында жаттығулар дұрыс ұйымдастырылмайтынын, жаттығу кестесі сақталмайтынын, қажетті кейбір спорттық құралдардың жоқтығын, орталық басшылығы тарапынан өтініштер еленбейтінін жазған.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшартына сәйкес орталықта спорт шеберлері, спорт шеберлігіне кандидаттар немесе спорттық білімі бар адамдар жұмыс істеу керек. Қазіргі кезде нысан тиісті мамандармен толығымен қамтылған. Олардың арасында жаттықтырушылар нұсқаушылар, медицина қызметкерлері бар. Барлық мамандар бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейді. Кестеге өзгерістер спорттық жиындар кезінде ғана енгізіледі. Сол кезде бұл туралы ата-аналар мен спортшыларға алдын ала ескертіледі.
Осыны депутаттарға орталық басшылығы мен аталмыш жобаның кураторы, Қалалық ортаны регенерациялау басқармасы сервис бөлімінің басшысы Айым Ешкеева жеткізді.
Орталық жұмысында айтарлықтай мәселелер жоқ. Жаттықтырушылар саны жеткілікті, спортшылардың жаттығуына шаршы метрлер де жетеді. Жалпы бұл нысан күніне 800-ге дейін адамды қабылдауға қауқарлы. Тек қана бейімдік дене шынықтыру мәдениеті бойынша мамандарды дайындау мәселесі бар. Оның себебі, еліміздегі бірде-бір жоғары оқу орнында осындай мамандарды оқытатын бөлімдер жоқ. Сондықтан орталық тиісті курстарды өткізу үшін оларды Ресейден шақыруға мәжбүр. Осыны реттеу мақсатында Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетіне хат жіберілген. Әзірге жауап берілген жоқ. Көшпелі кеңес барысында бұл мәселе қайта көтеріліп, тиісті органдарға хат жіберілетіні айтылды.
– Бұл жобаның маңызы ерекше. Осындай Паралимпиадалық орталық қалаға өте керек. Бұл дау тудырмайды. Бірақ арыз-шағымдарға жол беруге болмайды. Бұған себептер тудырмау қажет, – деп түйіндеді кеңесті мәслихат депутаты Мирас Шекенов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды