Қалаға керек нысандар

0 27

Елорда әкімдігі 2017-2020 жылдар аралығында мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік аясында 12 келісімшарт жасады. Бұл қатарда үш балабақшаның құрылысы, «Сергек» жүйесін құру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Тарлан» паралимпиада орталығының қызметін ұйымдастыру, ақылы тұрақ кеңістігін құру және пайдалану, т. б. осы сияқты бірқатар жобалар бар. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары кезекті сессия­ға дайындық барысында сондай бірнеше нысанның жұмысымен танысты.

Соның ішінде «Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС, 360 орындық балабақша құрылысы аумағына, «Эфференттік терапия және гемокоррекция» орталығына және қауіпті қалдықтарды қалдықсыз өңдейтін шағын зауытқа барды.
«Эфференттік терапия және гемокоррекция» орталығы жұмысына депутаттардың көңілі толды. №1 қалалық аурухана базасында жұ­мыс істейтін орталық қан құра­мын тексеру, жасанды бүйрек ап­па­раттары сынды заманауи қон­дырғылармен жабдықталған. Ор­талық емделушілерінің денсаулығы жағдайына үздіксіз мониторинг жүргізіледі. Нысан тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда бүйрегі ауыратын науқастарға қызмет көрсетіледі. Қазіргі кезде тиісті емге 68 науқас жүгініп отыр.
Қауіпті қалдықтарды қалдықсыз өңдейтін шағын зауыт құрамында сынапты және резеңке-техникалық бұйымдарды өндейді. Инвестордың айтуынша, бұл – қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірегей жоба. Қала үшін де әлеуметтік және экологиялық маңызы ересен.
Ақылы тұрақ кеңістігінің жұмысы мәслихат депутаттарын ерекше қызықтырды. Қазіргі таңда бұл жобаға Сарыарқа ауданында – 1373 орын, «Нұржол» желекжолы аумағында – 487 орын, Алматы ауданында – 1570 орын және Сығанақ-Сарайшық көшелері мен Мәңгілік ел-Тұран даңғылдары маңайында 1423 орын бөлінген.
Ал жаңа балабақша №29 және №36 көшелері аумағында бой көтерді. Балабақшаны аралау барысында мәслихат депутаттары ғимараттың техникалық жай-күйімен, балалар бөлмелерінің орналасуымен танысты. Қорытындысында аталған нысандар қалаға керек екенін, тиімділігін көрсеткен жобалар екенін атап өтті. Бірқатар ұсыныстарын да айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − six =