Қаладағы қалыпты өмірге санитарлық нормаларды сақтай отырып көшеміз

Алтай КӨЛГІНОВ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі

0 160

Елорда өміріне өзгерістер енгізген жаһандық індеттің беті қайта бастаған соң қаланы карантиннен қалыпты өмірге қайта көшіруге шешім қабылданды. Алайда әлі де қауіп толық сейілмегендіктен, босаңсуға болмайды. Жағдайды қайта ушықтырмас үшін тұрғындар қарапайым гигиеналық талаптарды күнделікті әдетіне айналдыра отырып, қалыпты тірліктеріне кірісуі керек. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ «Elorda Aqparat» медиакомпаниясы мен «Astana TV» телеарнасының бірлескен жобасы «Elorda LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында пандемияның қала өміріне әкелген өзгерістері мен елорданың әлеуметтік бағыттағы басқа да мәселелерінің шешімі туралы баяндады.Қатаң тәртіп пен шұғыл шешімдер нәтижесі

– Жер-жаһанға тараған пандемия бізді де айналып өткен жоқ. Бірақ мемлекет тарапынан дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында қауіпті кезеңдегі жағдайды басқара алатындай дәрежеге жеттік. Алдымен ел Президентінің төтенше жағдай енгізу туралы шешімінен соң бірқатар шектеу шараларын қабылдадық. Соған қарамастан дертті жұқ­тыр­ғандар көбейе түсті. Тәулігіне 60 адамнан анықталған кездер болды. Сосын жаппай тес­тілеу басталды. Қазір қалада дерт жұқтырғандар саны 706 адамға жетті. Алайда олардың 45 пайызы аурудан айы­ғып шықты. Қайтыс болғандар да бар. Коронавирус­пен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі зор. Отбасынан жырақ, күні-түні ауру жұқтырғандардың қасында жүру оңай шаруа емес. Олардың осы батыл еңбектерін ынталандырып, қазіргі таңда 2 мыңға жуық медицина маманына 2 млрд теңге қаржы берілді. Бұл күресте полицияның да, әскерилердің де еңбегі күшті. Қоғам болып күресіп жатырмыз. Әрине, пандемия біздің өмірімізге біраз өзгерістер енгізді. Көптеген кәсіпорындар жұмысын тоқтатты. Эпидемиялық ахуал 20 сәуірден бастап жақсара бастады. Сосын біз алдымен құрылыс жүргізу ұйымдарын іске қостық. Себебі ол жақта көп адамдар еңбек етеді және бізде құрылыс жүргізу мерзімі өте қысқа. Олар жоспарға сай әлеуметтік нысандар, жолдар салуы керек. Сәйкесінше, құрылыс дүкендері де жұмыс іс­теуі қажет болды. 27 сәуірде екінші кезең басталып, біз басқа бизнес нысандарды, халыққа қызмет көрсететін орындарды аштық. Сөйтіп тұрғындар жұмысына шыға бастады. Міне, 4 мамырда келесі кезеңі басталып, шаштараздар, ХҚО жұмысына кірісті. Алайда тұрғындарға айтарым, бізге әлі де босаңсуға болмайды. Егер санитарлық талаптар: көшеде, адам көп жерлерде арақашықтық сақтау, маска тағу, антисептик қолдану, қолды жиі жуу сынды қарапайым ғана гигиеналық нормаларды сақтамасақ, ауру қайта асқынуы ғажап емес. Мұның бәрі былай қарасаң оңай нәрсе, бірақ көбіне мән бермей, ұмытып кетіп жатамыз. Сондықтан біз өзімізді, жақындарымызды, үлкендерімізді, балаларымызды сақтау үшін жаңа санитарлық талаптарға сай өмір сүруді үйренуіміз керек, – деді қала әкімі тілшінің алғашқы сұрағына жауап беріп. Ол сонымен қатар карантин кезінде жұмыс тоқтағандықтан, отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету шаралары қабылданғанын еске салды. Елордада бүгінгі таңда 300 мыңға жуық адам ең төменгі жалақы – 42500 теңгені алған. Елбасының тапсырмасымен меценаттар да халықтан көмегін аямауда. «Нұр Отан» партиясының азық-түлік пакеттері көптеген жағдайы төмен отбасыларға көмек болды. Қалада аз қамтылған 42 мың адамның шотына 50 мың теңгеден түсірілді. Еріктілер азық-түлік жеткізіп отырды. Карантин кезінде көлік қозғалысы 50 мыңға дейін азайды. Жалпы, Нұр-Сұлтанда 380 мың көлік тіркелген. Айта кету керек, карантин кезінде қаладағы қылмыс көрсеткіші 40 пайызға, жол-көлік оқиғасы 70 пайызға төмендеді. Әкім карантиннің осындай пайдалы жақтарын да атап өтті.Елорданы газдандыру – тарихи жағдай

– Халықты жылумен қамтамасыз етіп қана қоймай, қаланың экологиялық ахуалына да оң ықпал еткелі отырған газдандыру жұмыстары – елорда үшін өте маңызды тарихи жағдай. Магистралды газ құбыры салынды. Мемлекет басшысының жеке бақылауында тұрған газдандыру жұмыстарын сапалы жүргізу туралы Елбасы да кезекті жиындарда қатаң тапсырған. Өткен жылы бұл жұмыста сәл қиындықтар кездесті.
Қазіргі таңда тарату желілері дайын. Жеке секторды газбен қамту жұмыстарына сай, кестеде бірінші кезекте «Көктал-1», «Көктал-2» тұрғын алаптарына газ беріледі. Қазір ауыл ішіне газ желілері кіріп тұр. Жазда алдымен осындағы әлеуметтік нысандарға газ беруді жоспарлап отырмыз. Жеке сектордан бастап отырған себебіміз – қаланың экологиялық ахуалын жақсарту, яки желсіз күндері жер үйлер от жаққанда қаланы басып қалатын қалың түтіннен құтылу керек. Сол сияқ­ты «Теміржолшылар» тұрғын массивіне де биылғы жылыту маусымына дейін газ беріледі. Бір айта кетерлігі, жоба бойынша біз газ құбырын үйге дейін тартып береміз, ал үйдің ішіне әр тұрғын өзі тартып алады, ал есептеу құрылғыларын өзіміз салып береміз, – деп түсіндірді әкім. Оның айтуынша, елорданың экологиясын нашарлататын үш ластау көзі бар. Олар: бірінші – ЖЭО-лар, екінші – жеке сектор және үшіншісі – автокөліктер. Газдандыру атмосфераға тас­тайтын зиянды қалдықтардың үлесін 40 мың тоннаға дейін қысқартады. Ауаны ластау индексі бойынша елордаға толық газ жүргізілгенде қала ауасы 25 пайызға тазарады деп күтілуде.

Тұрғын үй алап­тарында жол салынады

Бүгінгі таңда қаланың шеткі аймақтарында 16 тұрғын үй алабы бар. Олар, негізінен, жеке сектордан құралған. Мұнда қала халқының 25 пайызы, яғни 300 мың адам тұрады. Әкімнің айтуынша, елорданың кешенді даму жоспарына сай Үкіметте тұрғын үй алаптары мәселесін шешу шаралары қолдау тауып, қаржы бөлінді. Қазіргі жағдайда бюджетте өзгерістер болғанына қарамастан, жергілікті билік осы массивтердің есеп беру кездесулерінде айтылған, басқа да анықталған барлық мәселелерін шешеміз деп отыр.
– Әлеуметтік желіде мониторинг жүргізгенде және халықпен кездесулерде тұрғын үй алаптары тұрғындарын көбіне жол жағдайы, сапасы, инфрақұрылым, инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар, жылы аялдамалар, абаттандыру, автобус бағдарлары, көгалдандыру мәселелері алаңдатады. Мұның бәрі – кешенді жұмыс. «Жұмыспен қамтудың жол картасына» сәйкес, біз 15 мың жұмыс орнын ашуымыз керек. Соның ішінде жол картасы бойынша 150 көшені жөндеуді жоспарладық, оның 100-і – тұрғын үй алабында. Бір жылда мұның бәрі шешіледі демеймін, 100 көшені жөндеу жұмысының көлемі аз емес. 150 көше – 100 км жол. Бұл жұмыстар басталды. Мамыр айының екінші жартысында тұрғын үй алаптарындағы көшелерге кірісеміз, – деді Алтай Көлгінов. Жолдарды жөндеу бірінші кезекте тым нашар және қоғамдық көліктер жүретін жерлерге жүргізіледі. Сонымен қатар инженерлік желі жоқ жерлерге желі тартылып, 150 аула, 35 сквер мен парктер абаттандырылмақ. Спорт кешендері дамытылып, мектептер де салына береді.

Халық саны артты, мектептер көбейеді

Әкімнің айтуынша, мектептерге қатысты шағым көп түседі. Бүгінде қалада үш ауысымды мектептер саны артып барады. Себебі елордада халық саны өсіп келеді, ішкі көші-қон ағыны басым. Елордалықтар саны қазір 1 млн 200 мыңға жетті. Балалар саны көп. Мұның бәрі мектептерге салмақ түсіруде. 10 жыл бұрын бірінші қыркүйекте 9 мың бала мектепке барса, былтыр 25 мың бала мектеп табалдырығын аттаған. Сондықтан жыл сайын кем дегенде 10 мектептен салу көзделуде.
– Биыл біз 12 мектептің құрылысын аяқтаймыз. Оларды жұмыс кестесіне сай жаз мезгілінен бастап желтоқсанға дейін ашуды жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл өзге мектептерге түскен жүктемені жеңілдетеді. 12 мектеп 10 мың орынға, ал екі ауысымда болса 20 мыңға есептелген. Келесі жылы тағы он мектеп салуды, жалпы, 40 мың орын ашуды көздеп отырмыз, себебі бүгінде қалада мектеп жасындағы 180 мың бала бар. Біз ҚР Білім министрлігімен бірлесе осындай кешенді жұмыстар жүргізудеміз, – деді ол.

Үлескерлер мәселесін шешуде ілгерілеу бар

Әкім сұхбатында бұрыннан қордаланып қалған үлескерлер мәселесі ретімен шешіліп жатқанын жеткізді. Былтыр 10 тұрғын үй пайдалануға беріліп, үлескерлер саны 2500-ге азайған. Бұған дейін ол үйлердің жобалық-сметалық құжаты болмаған. Қаржыландырусыз қалған. Құрылысы тоқтап қалғандықтан, кейбір тұрғын үйге су, жарық тартылмастан тұрғындар қоныстанып алған. Ондай мәселелер де біртіндеп шешіліп жатыр.
– Биыл 20 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Егер жұмыс жоспарға сай жүргізілсе, тағы 8 мың үлескер өз пәтерлеріне ие болады. Жалпы, мұндай ірі құрылыстардың мәселелері әртүрлі. Кейбірінің ісі бойынша сот процестері жүргізіліп жатыр. Үлескерлердің ақшасын жымқыр­ған алаяқтар да бар. Олардың көбі абақтыға жабылса, қашып жүргендері де жоқ емес. Кейбір үлескер тарапынан да түсініксіз жағдайлар бар. Мысалы, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар өзара азаматтық келіссөз жүргізіп, жұмыс жоспардағыдай болмаған. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасына сәйкес, қосымша қаржыландыру жүргізіліп жатыр. Бірақ ол – қайтарымды қаржы. Жалпы, мемлекет тарапынан қалған мәселенің тиімді жолдары қарастырылып жатыр. Ол мәселенің бәрі шешіледі. Тек бір жылда емес. Мен бұл туралы былтыр да айтқан болатынмын. Үлескерлер мәселесі жөнінде 5 жылдық жоспарымыз бар. Бұл мәселе нақты жоспар бойынша кезең-кезеңмен шешілетін болады, – деді елорда әкімі.

Жауын суына арналған кәріздер жеткілікті ме?

Елордада жауыннан су жиналып қалатын 37 орын бар. Солардың ішінде қолайсыздық тудыратын жерлердің бірі – Бауыржан Момышұлы көшесі бойында. Сонымен қатар Бараев, Иманов көшелері мен Республика даңғылында, Тұран көшесінде де сондай жерлер бар. Былтыр осындай екі көшенің проблемасы шешілген.
– Нөсер кәрізі – бүкіл қалалардың проблемасы. Әрине, бәрі жер бедеріне байланысты. Біз жазықта орналасқандықтан, су бір орында жиналып қалады. Нөсер кәрізімен айналысатын жеке кәсіпорын құрдық. Сонымен қатар, суды сорып алып кететін қосымша вакуумдық машиналар сатып алдық. Нөсер кәрізін салып бітпейінше осылай жұмыс істейтін боламыз. Мен қарғын сумен күресте қаламыздың коммуналдық қызмет көрсететін мекемелеріне алғыс білдіргім келеді. Оның алдын алуда біз бірлесе өте көп жұмыс атқардық, – деді әкім. Оның айтуынша, келесі жылы Бауыржан Момышұлы, Иманов, Тәшенов көшелері мен Тұран даңғылында жүргізіліп жатқан жұмыстар аяқталады. Былтыр жобалау жұмыстары жүргізілген, қаржы бөлініп, конкурс өткізілген. Жұмысын жүргізетін мердігерлер жұмысты жобаға сай екі жылда аяқтауы керек. Жалпы, тасқын су мәселесінде әкім жаңа технологиялар қолдануды бастайтынын айтты. Қазіргі 2 дана мобильді қар еріткіш бар. Олар үлгермейді. Сондықтан әкімдік енді стационарлы қар еріткіш құрылғыларды іске қосуды жоспарлап отыр. Енді қарды қала сыртындағы 7 полигонға тасудың қажеті жоқ. Сонымен қатар коммуналдық мекеме қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, сыйақылар берілді.
Біз биыл тасқын судың басуына жол бермедік. Бірақ бұдан басқа бізде жүйелі мәселелер бар. Қала үстінен өтетін екі өзен бар: Есіл мен Нұра. Осы өзендер тасыған жағдайда қаланы су басу қаупі бар. Қазіргі таңда өзендердің аңғарларын тегістеу жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Біз Ақмола, Қарағанды облысы әкімдігіндегі әріптестермен тығыз байланыста болып, осы жұмысты бақылауда ұстап отырмыз.

Мерекелік шаралар – онлайн форматта

Карантин кезеңіне тап келген еліміздегі маңызды мерекелер биыл кең ауқымда тойланбай қалғанмен, оларды онлайн форматта өткізуге қатты көңіл бөлініп отыр. Қала басшысы пандемияға байланысты биылғы мерекелік шаралардың барлығы онлайн форматта өтетінін атап өтті.
– Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған барлық шара онлайн түрде өтетін болады. Бізге осындай бейбіт өмірді сыйлаған ардагерлерімізді құттықтап, оларға құрмет көрсету үшін онлайн қозғалыстар болуы мүмкін. Алайда ардагерлердің үйіне бармаймыз. Өйткені олардың көбі – жасы 90-нан асқан қариялар. Сондықтан вирус жұқтыру қаупі жоғары. Сол себепті БАҚ арқылы ардагерлерімізді барынша насихаттайтын боламыз. Сыйлықтар табысталады. Нақты бағдарламаларымыз бар. Келешек ұрпақ батыр ардагерлеріміздің ерлігін, тыл ардагерлерінің еңбегін ешқашан ұмытпауы керек. Оларды мәңгі жадымызда сақтауға тиіспіз. Біздің елімізді, жерімізді сақтап қалған ардагерлерімізге басымыз­ды иеміз, – деді А.Көлгінов.
Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерей­тойына байланысты елордада тұратын ҰОС ардагерлеріне 1 миллион теңгеден сыйақы беріледі. Тыл ардагерлеріне де тиісті төлем­ақы қарастырылған. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының мүгедектерінің қатарына теңестірілген ардагерлер бар – барлығы 200 миллион теңге қаржы бөлінді.

Масамен күреске ертерек қам жасау керек

Әкім жаз келсе, елордалықтардың мазасын алатын масамен күрес жүргізу үшін ертерек қамдану керектігін жеткізді. Сол үшін биыл тиісінше тендер өз уақытымен өткізілді. Конкурсты жеңіп алған компанияларға жұмысшыларды дер кезінде жұмылдырып, оларды қажетті құрал-жабдықтармен кешіктірмей қамтамасыз ету керектігі жөнінде қатаң талаптар қойылды. Жалпы, қалада тәжірибелі компаниялар бар. Олардың тәжірибелілігі – шаһардағы ғылыми негізге сүйене отырып жұмыс істейтіндігінде. Ғылыми негізге сүйенетін болсақ, масамен күрес шарасы су қоймалары, көгалдандыру сияқты орындарда, жертөлелерде, яғни масалардың жұмыртқалайтын жерлерінде басталады.

Қоғамдық көліктер жұмысын жандандырған жөн

Әкімдік мемлекеттік комиссия отырысында 11 мамырда төтенше жағдай аяқталғаннан кейін қаладағы қоғамдық көліктер жұмысын бастауын ұсынуды жоспарлап отыр. А.Көлгіновтің айтуынша, бұл бірақ әлі де келісілетін мәселе. Себебі тәулігіне елордалық 700 мыңға дейін тұрғын қоғамдық көлікті пайдаланады. Олардың өмірін қауіп-қатерге тігуге болмайды.
– Эпидемиологиялық жағдайды бақылап, бәрі жақсы болса, қоғамдық көлікті жүргізу жоспарлануда. Өйткені одан әрі ұстауға да болмайды. Оның үстіне, жолаушылар көлігінде санитарлық талаптар күшейтіледі. Жүргізуші жеке отырады, жолақыны қолма-қол ақшасыз төлеу керек болады. Адамның бет-әлпетін тану арқылы жолақы төлеу қанатқақты жобасын да іске қосу жоспарда бар. Бұған қоса, адамдар медициналық бетперде киюі тиіс болады, – деді әкім.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + 5 =