ҚАЛА ЖОЛДАРЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРАДЫ

0 92

Астанада жол-құрылыс жұмыстары басталды. Ол бойынша ескі қаланың біраз бөлігінде автокөлік инфрақұрылымы жетілдіріліп, коммуникациялық желілер жаңғыртылмақ.

Бас шаһарда былтыр аяқталмай қалған жөнделуге тиіс жолдар да бар. Биыл аталмыш мәселені түбегейлі шешу қарастырылуда. Қосымша 37 шақырым жолды қайта жаңарту және 5 шақырым жолды жөндеу көзделуде.

Астанада жаз маусымы басталған сайын жол жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру – жылдағы дәстүр. Себебі, көліктерді шамадан тыс қабылдайтын кейбір жолдарды қайта жөндеу – кезек күттірмейтін шаруа. Ай сайын аумағы үлкейген елордамызда  жол төсеуді қажет ететін көшелер көп-ақ. Мәселен, баршаға белгілі, Өндіріс тұрғын алабында, Көктал елдімекенінде, Тілендиев даңғылының солтүстік бөлігінде асфальт жоқ. Бұл мәселені қаузаған халық қала әкімдігіне талай рет хат жазып, заманға сай жол төсеуін сұраған. Міне, биылғы жол құрылысы маусымда бірнеше шақырым жол пайдалануға беріледі.

Бүгін елорданың ең маңызды төрт көлік артериясын қайта жаңартуға байланысты кейбір жолдар уақытша жабылды. Жол саласының білікті мамандары Бейбітшілік, Ә.Молдағұлова, Мирзоян көшелерін жөндеуге кірісіп кетті. Есілдің сол жағалауында бой көтерген Опера және балет театры орналасқан Қонаев көшесінде көпірлі жаяу жүргіншілер жолы салынатын болады. Өйткені, келер жылы пайдалануға берілетін нысанның жолын биыл жөндеп қою – жұмысшыларға жүктелген басты міндет.

Әдетте, белгілі бір көшелерді жөндеу жұмыстары басталған кезде, оған жапсарлас жатқан жолдар уақытша жабылуды қажет етеді. Бүгін кешкі 23:00-ден бастап Бейбітшілік көшесінің Бөгенбай батыр даңғылынан бастап Есенберлин көшесіне дейінгі бөлігі жабылады. Жеңіс даңғылынан бастап Республика даңғылына дейін Ә.Молдағұлова көшесі бойынша өтетін көлік қозғалысы шектеледі. 31 тамызға дейін аталмыш жолдармен жүретін автобустардың да бағыты өзгертілмек.

Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Рашид Аманжоловтың айтуынша, Д.Қонаев көшесі ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін жабылады.

Жол қозғалысын бір уақытта жабу қажеттілігі инженерлік желілерді қайта жабдықтауға байланысты туындап отыр. Ауқымды жоба аясында жылу желілері мен сумен қамтамасыз ету мәселесі оңтайлы шешімін табады деп күтілуде. Кәріздерді ауыстырудан бөлек, жолды кеңейту, қосымша автокөлік тұрағын салу, абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру, жаяу жүргіншіге арналған жолдарда жол белгілерін және жол қозғалысын реттейтін басқа да техникалық құрылғыларды орнату жоспарға енгізілген.

Осылайша, екі көшені қайта жаңартуды жүзеге асыру экономикалық және әлеуметтік мәселелерді кешенді шешуге, жалпы алғанда, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғаны айқын.

Жол құрылысы жұмыстарының бірі – Мирзоян көшесін қайта жаңарту жобасы. Аталмыш көшенің инфрақұрылымы жаңаланса, Б.Момышұлы даңғылынан бастап Талғар көшесіне дейінгі учаскеде көлік кептелісі мен сумен қамтамасыз ету мәселесі реттелмек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 2 =