ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҚАЛАУЫ

0 92

Елордалықтардың пікіріне сүйенсек, олар — өз кәсібінің жілігін шағып, майын ішкен майталмандар. Олар дегеніміз — астаналықтар! Осыдан бір жарым ай бұрын бастау алған «Астана таңдауы» байқауы мәресіне жетті. Алғашқы байқаудың алғашқы жеңімпаздарын Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов құттықтап, сый-сияпат табыс етті. Қара халықтың ішінен суырылып шыққан мамандар марапатталған салтанатты жиында біз де болдық.

Елорда әкімдігінің бастамасымен Астана күні қарсаңында өткізілген бұл байқаудың жөні бөлек. Неге десеңіз, ол билік тарапынан ұйымдастырылғанымен, негізгі сөзді бұқара айтады. Яғни, жеңімпазды әкім-қаралар емес, қарапайым халықтың өзі анықтайды. Қалайша? Өте оңай, интернет желісін пайдаланып, қалаған қатысушыға дауыс беру арқылы. Елордалықтар жиырма күн бойы Астана қаласы әкімдігінің сайтына кіріп, онлайн режимінде дауыс берді. Әу баста байқау бес – дәрігер, мұғалім, учаскелік инспектор, қоғамдық көлік жүргізушісі және құрметке лайық қарапайым тұрғын номинациялары бойынша жүргізілді. Бұл байқауды өткізудегі мақсат – бас қала тұрғындарының ішінен өз ісіне адал, еңбегі халықтың көңілінен шыққан жандарды көпшілікке таныту.

Астаналықтар тарапынан таңдамалы болуға 65 адам ұсынылып, жиырма күннің ішінде дауыс беруге 95 мың адам қатысқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашқы байқауға халық тарапынан қызығушылық боларын күтпеген.

Жеңімпаздарды марапаттауға арналған жиында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов әуелгі сөзін «Астана таңдауы» байқауының маңызын тарқатудан бастады.

– Қай қала болмасын, оның ең басты байлығы – адам. Кез келген қаланың экономикалық байлығын еселейтін – адамның еңбегі, мәдениетін алар болсақ, оның өмірге деген көзқарасы, руханияты мен білімі. «Астана таңдауы» – тың бастама, жарқын жобаның нәтижесін көріп отырмыз. Жалпы, әр жарыстың жүйрігі, әр байқаудың үздігі болатыны белгілі. Қазақ «мыңнан жүйрік, жүзден тұлпар» деп бекер айтпаса керек. Халық беткеұстар азаматтарын білгісі келеді. Сондықтан, кез келген маман үшін төккен терді халықтың бағалап, құрмет көрсетіп жатқанын білу бақыт қой деп есептеймін. Себебі, бұл – еңбекпен келген үлкен атақ. Ең қымбат атақтың бірі. «Жас астанамыздың өз саласындағы маңдайалды азаматы» деп аталудың өзі білгенге бір ғанибет, – деді Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов.

Бас қаланың басшысының пікірінше, бұл конкурстың тәрбиелік маңызы зор. Елорда тұрғындары таңдаған жандармен бірге олар қызмет ететін ұжымның да мерейі өсіп, дәрегейі асқақтайды. Елорданың әлеуетін серпілтетін бұл байқау алдағы жылдары жалғасын таппақ. Мемлекеттің басты байлығын дәріптейтін байқау дәстүрлі түрде қала күні қарсаңында өткізілетін болады.

Сонымен, жеңімпаздарға жол берсек, әлемдегі ең қадірлі мамандық ол – ұстаздық. Байқаудың алғашқы аталымы – «Мұғалім» бойынша №10 мектеп-гимназияның бастауыш сыныптар мұғалімі Мария Шоқыбасова жеңімпаз атанды.Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндерді жазу-сызуға үйрететін маманды қолдап, жиырма мыңнан астам адам дауыс берген. Адам жанына араша түсетін дәрігерлер қашан да құрметке лайық. «Дәрігер» аталымнда перинталды орталықтың гинеколог-дәрігері Владимир Калашниковтың аты озық келді. Владимир Калашниковқа сый-сияпат табыстап тұрған әкім: «Сіздердің арқаларыңызда Астанада ай сайын шамамен 1700 сәби дүниеге келеді» деді. Тәртіп сақшыларының арасынан «Учаскелік полицей» болып №24 полиция учаскесінің учаскелік инспекторы Петр Фляг танылды. Ал қоғамдық көлікпен күніне мыңдаған адамды әрі-бері тасымалдайтын «Қоғамдық көлік жүргізушісі» – «№1 автобус паркі» АҚ автобус жүргізушісі Дулат Ахметов. Бұған қосымша үш аталым бойынша байқаудың естелік сыйлығы иесін тапты. Олар: «Құрылысшы» – «Астанақұрылыссервис» ЖШС-дағы ғылыми-техникалық құрылыс сапасын қамтамасыз ету бөлімінің инженері Майдан Құсайынов, «Энергетик» – Астана Аймақтық Электр желілік компаниясы» АҚ-ның желілік қорғау және автоматика қызметінің бастығы Сергей Алексеев және «Жол жөндеуші» – «Ислам KZ» ЖШС атқарушы директоры Ғалым Жасыбаев.

Ал «Құрметке лайық азамат» номинациясы, байқағаныңыздай, табысталған жоқ. Ұйымдастырушылар соңғы сәтте ол аталымды алып тастады. Себебі, елорданың әр азаматы құрмет пен қошеметке лайық деп есептелді. Өйткені, бас қаланың тынымсыз тіршілігін дамыту жолында тер төгіп жүрген азаматтарды бөліп-жарған жөн болмас десе керек.

 Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − 5 =