ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҚАЛАУЫ

0 113

үздік

Кеше «Астана таңдауы» байқауында бақ сынап,­ қарапайым қала тұрғындарының көңілінен шыққан үздік ұстаз, дәрігер, инженер, энергетик, құрылысшы және учаскелік инспектор мен жол жөндеушіні Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қабылдап, арнайы кубок пен алғысхатты табыс етті.

– Биыл үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «Астана таңдауы» байқауы – халық өзі тікелей қатысып, жеңімпаздарын өздері таңдайтын жоба. Биыл сайысқа қатысуға ниет еткен азаматтардың саны 200-ге жуықтап, дауыс беру көрсеткіші бұрын-соңды болмаған 164 мыңға жуықтауының өзі конкурстың халықтық сипат алғанын аңғартса керек. Ендеше, осындай айтулы байқауда сіздер қала тұрғындарының ыстық ықыласына, жоғары бағасына ие болып отырсыздар. Сіздерді біз емес, халықтың өзі таңдады. Өздеріңізді танып-білмесе де еңбек­­теріңізді көріп, лайықты бағасын беруге үн қосып отыр. Қара­пайым халық­тың құрметіне бөлену, алғысын алу – ең үлкен қуаныш. Осындай биік мәртебеге қол жеткізіп отырған сіздердей кәсіби мамандар – қала­мыз­дың мақ­танышы. Жастар сіздерге қарап ой түзеп, істеріңізден үлгі алатыны анық. Қаланың көркеюі үшін жасап жатқан істеріңіз алға баса берсін, – деді қала әкімі құттықтау сөзінде.

«Астана таң­дауы» биыл екі кезең бойынша өткізілген. Осы мерзім ішінде байқаудың ұйым­дас­тыру комитетіне 195 үміткерден 250 өтінім келіп түскен. Конкурсқа қатысуға ықылас танытқандардың көпшілігі ұстаздар қауымы екен.

Бұл байқаудың ерекшелігі сол, жеңімпаздарды халықтың өзі дауыс беру арқылы таңдайды. Дауыс беру әділ өту үшін тек бір электронды мекенжайдан бір ғана дауыс қабылданған. Онлайн режимінде жүргізілген дауыс беру жүйесі Астана қаласы әкімдігінің сайт парақшасында автоматты түрде бірден көрініп қана қоймай, қандай қатысушыға қанша дауыс берілгенін тұрғындар да бақылап отырған.

Сонымен, жеті аталым бойынша өткен байқаудың «Үздік мұғалім»аталымында 28 мың дауыс жинаған «Астана дарыны» ғылыми-тәжі­ри­белік орталы­­ғының директоры Майра Құрманбаева жеңім­­паз болды. Мара­паттау рәсі­мін­де ол: «халық 20 күн бойы үздіктерді анықтап, дауыс берсе, бұл мен үшін 20 рет қобалжу, 20 рет қуану әрі 20 жылғы еңбегіме қай­та­дан шолу жасап, тәжірибемді шың­дау болды» деді ағынан жарылып.

Ал, қала тұрғындарының қалауы бойынша, «Ең үздік дәрігер» ретінде №1 қалалық аурухананың жоғары санатты уролог-дәрігері Кирилл Чичеров танылды. «Үздік жол жөндеуші» – «Прогресс KZ» ЖШС инженері Бекзат Мусеев болса, «Үздік учаскелік полиция инспекторы» атағын Алматы аудандық Ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы Бауыржан Таумаханов еншілесе, қалалық Энергетика басқармасының энергиямен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Олжас Ищанов – үздік энергетик, «Бай-Тан компаниясы» ЖШС директоры Еркін Омаров – үздік құрылысшы, «№1 автобус паркі» АҚ-ның автобус жүргізушісі Серік Адаев – үздік қоғамдық көлік жүргізушісі атанды.

Осының алдында ғана бір ай бойы «Астана таңдауы» байқауына қатысушылар туралы КТК телеарнасынан арнайы күнделік әзірленіп, жұртшылыққа жол тартқан болатын. Енді үздік шыққан жеңімпаздардың фотосуреттері қаланың көрнекті жеріндегі билбордтарда ілінетін болады.

Марапаттау рәсімінде елорда әкімі тағы бір жағымды жаңа­лық­ты жеткізді. «Астана таң­дауы­ның» жеңімпаздары бұдан былай мем­ле­кет­тік марапатқа да ұсыныл­мақшы. «Жұртшылықтың өздері сіздерді таңдап отыр. Демек, мемлекеттік сыйлық иегерлерін анықтайтын комиссия мүшелері халықтың бұл қалауына қарсы келе қоймас деп ойлаймын» деді қала әкімі.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 15 =