Қала таза болса, көңіл жарқын

0 10

– Менің көшені абаттандырушы, қар тазалаушы болып еңбек етіп жатқаныма бір жылдан асты. Шымкенттен келгенмін. Отбасылымын. Зейнетке шығуға әлі жасым жеткен жоқ. Бұл жақта ұлымның қолында бәріміз бір бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Ұлым құрылыста істейді, келін бала тәрбиесімен үйде. Әрине, оңай емес, жұмыс ауыр. Аптасына бес күн сегіз сағат бойы далада жүреміз. Қолымыздан күрек түспейді. Кейде сенбі, жексенбі күндері де шақыртып алады. Биыл қар ерекше көп түсті. Бригадада 20 адам бармыз. Көбі мен сияқты зейнет жасын тосып жүрген адамдар. Жас егде тартқан соң, басқа кәсіптің реті келмейді. Біз түгілі, жастардың өзіне жұмыс табу қиын. Жанымдағы келіншектердің ішінде 14-15 жыл «Астана-Зеленстрой»-да жұмыс істеп жатқандары бар.
Бұған дейін көше тазалаушылар 50-60 мың теңге еңбекақы алатын, былтырдан бастап 100 мың теңгеге көтерді. Дегенмен жалақыны әлі көбейте түссе дейміз. Арамызда пәтер жалдап тұратындар көп, ал тапқан табысым пәтер құнын жабуға да жетпейді. Әйтеуір, ұлымның айлығы бар, балаларға алатын жәрдемақы бар, соның арқасында күн көріп отырмыз.
Адамның проблемасы таусылған ба? Өздеріңді көрген соң, айтып жатқан базынамызда, әйтпесе, ешкімге ренішіміз жоқ. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында бізді келіп құттықтап, елеп-­ескеріп жатқандарыңа рахмет! Барлық аналарды, қыз-келіншектерді осынау көктем мерекесімен құттықтаймын. Осы тілекті әріптес келіншектерге де арнаймын. Бала-шағаларының, немерелерінің қызығын көрсін! Отбасыларынан қуаныш-қызық кетпесін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Алдағы күндерден жақсылық күтеміз. Ертеңгі күннен үмітіміз мол.

Гүлзейнеп БОТБАЕВА,
«Астана-Зеленстрой» ЖШС

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды