ҚАЛА ҚЫСҚА ДАЙЫН БА?

0 134

img_2824

Астана қалалық Энергетика басқармасының мәліметіне қарағанда, елордадағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы 90 пайыздан асқан. Енді бір санаулы уақыттан кейін қала қысқа 100 пайыз дайын болады.

Қалада, әсіресе, әлеуметтік нысандарды қысқы маусымға дайындау аса маңызды. Сол себептен оған бірінші кезекте көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта Сарыарқа ауданындағы денсаулық сақтау нысандарының дайындығы 100 пайыз екен. Алматы ауданында 19 денсаулық сақтау нысанының 12-сі қысқа сақадай сай, яғни дайындық 95 пайыз шамасында деген сөз. Сарыарқа ауданында білім беру нысандары да толық дайын екен. Алматы ауданында 76 нысанның 73-і толық дайындықтан өткен. Қалған 3 нысанды бір-екі апта көлемінде аяқтау жоспарланып отыр. Былайша айтқанда, жылыту маусымы басталмай тұрып-ақ бұл ауданда да білім беру нысандары қысқа толық дайын болады.

Астана қаласында 2255 тұрғын үй қоры болса, соның 2135-інде дайындық жұмыстары толық аяқталған. Бұл көрсеткішті аудандарға бөліп қарайтын болсақ, Есіл ауданындағы дайындықтың 88 пайыз шамасында екенін көреміз. Бұл аудандағы 258 нысанның 226-сы жылыту маусымына дайын. Ал Сарыарқа ауданындағы 927 нысанның 908-інде жөндеу жұмыстары тамыз айының 20-сына жетпей аяқталған. Орындалған дайындық жұмысы 98 пайызды құрап отыр. Алматы ауданы – көлемі жағынан елордадағы ең үлкен аудан, мұнда 1070 тұрғын үй нысаны қысқа дайындықтан өткізілуі тиіс. Қазір оның 1012-сі толық дайындықтан өткен. Көріп отырғанымыздай, қаладағы үйлер, әлеуметтік-мәдени нысандарда дайындық жұмыстары толық аяқталуға жақын.
Ал көшедегі үлкен жылу желілерін әзірлеу, жаңарту, жөндеу жұмыстарын «Астана-Теплотранзит» АҚ сәуір айынан бастап атқарып жатыр. Бұл акционерлік қоғам жалпы ұзындығы 583 шақырым болатын жылу желісіне қызмет көрсетеді. Бүгінде 3 698 текше метр жылу құбырының үсті жылу сақтайтын арнайы материалмен оралған, 1,432 шақырым тарату желісі күрделі жөндеуден өткен. Осылайша, бұл кәсіпорын да біртіндеп дайындық жұмыстарын аяқтап келеді. Елорданы жылумен қамтитын екі үлкен жылу электр орталығының (ЖЭО-1, ЖЭО-2) дайындығына келетін болсақ, мұндағы жөндеу, әзірлеу жұмыстары 90 пайыз шамасында орындалған. Энергетика мамандары жылыту маусымы басталғанша барлық энергия кешеніне дайындық паспорты ресімделіп, тұрғын үй қоры мен түрлі нысандарға жылудың мерзімінен кешіктірілмей берілетініне сенімді.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − four =