Қала құрылысы бір сәт те тоқтамайды

Сәрсембек ЖҮНІСОВ, "Астана бас жоспары" ҒЗЖИ" ЖШС директоры

0 435

Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Халықаралық сәулет академиясының академигі, Шығыс елдері Халықаралық сәулет академиясының коррес­пондент-мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС директоры Сәрсембек Жүнісов­пен Астананың алғаш құрылған кезінен бастап қаланың даму қарқыны және болашағы туралы сұхбат құрдық. 

ҮШ ЖЫЛДА АСТАНА АТЫНА САЙ БОЛДЫ

– Сәрсембек Ендібайұлы, 20 жыл бұрын астана Алматыдан Арқа төсіне көшірілгенде сіз елорда бас сәулетшісінің орынбасары болдыңыз. Осы кезде сіздерге қандай міндет жүктелді? Әңгіменің әлқиссасын осыдан бастасаңыз.
– Әлбетте, біздің алдымызда үлкен міндеттер тұрды. Ең алдымен Жоғарғы билік тұлғалары мен мемлекеттік органдардың қызметшілерін тұрақты баспанамен, қажетті кеңсемен қамтамасыз етуге, қарапайым облыс орталығын халықаралық стандарттарға сай келетін, қызмет көрсету және абаттандыру деңгейі жоғары қалаға айналдыруға бағытталды. Қала құрылысын жүйелі түрде өзгерту мақсатында қазақстандық сәулетшілер тобы нобай-идеяларды конкурстық іріктеу негізінде 2005 жылға дейінгі кезеңде елорданы дамыту бас жоспарын әзірледі. Барынша қысқа мерзім ішінде әзірленген бас жоспарда кезек күттірмейтін шұғыл міндеттерді шешу жолдары анықталды. Бұл тұрғыда қолданыстағы ғимараттарды күрделі жөндеу­ден өткізіп, үкіметтік мекемелер мен қала қыз­меттерінің кеңсесі етіп бейімдеу жағына ерекше көңіл бөлінді. Қаланың орталық бөлігіндегі ғимараттардың сәулеттік келбетін қайта жаңартуға және абаттандыруға бар күш жұмсалды. Босалқы жерлерге жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлер салына бастады. Үш жылдың ішінде бас жоспарға сәйкес, ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, орталық көшелердің сәулеті қатты өзгеріп, қала келбеті елордалық талаптарға сай болды. 1999 жылы ЮНЕС­КО шешімімен «Әлем қаласы» құрметті атағының берілуі – Астананың халықаралық деңгейдегі лайықты бағасы деп білеміз.
– Сол кезде бас жоспарды әзірлеуге арналған халықаралық конкурс қалай өтті? Мемлекет басшысы неліктен жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның жобасын таңдады? Оның тұжырымдамасының ерекшелігі неде?
– Заманауи сәулеттің жетістіктері негізінде Астананың қала құрылысын әрі қарай дамыту үшін 1998 жылы Астана қаласын 2030 жылға дейін дамыту нобай-идеясын әзірлеуге халықаралық конкурс жарияланды. Оны әлемге әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава жеңіп алып, Астана қаласының бас жоспарын әзірлеу құқығына ие болды. Кисе Курокава әзірлеген бас жоспарды Қазақстан Рес­публикасының Үкіметі 2001 жылғы 15 тамызда бекітті. Жапон сәулетшісі ұсынған тұжырымдама «симбиоз» және «метаболизм» танымдарына негізделді. Қала құрылысының жаңа философия­лық доктринасының мәні – қала мен табиғаттың үйлесім тауып, қатар дамуына қол жеткізу еді. Кисе Курокава қаланы қоршаған ортаға зиян келтірмейтін және сәулеттік келбеті жағынан бірегей әрі мәнерлі, адамдардың өмір сүруі үшін жайлы, жаңа талаптарға сәйкес келетін, қолдан жасалған урбанис­тикалық организм деп қарастырды. Конкурсқа ұсынылған барлық идея­лар ішінде елорда өңірі үшін экологиялық жүйе­ні құлдыраудан және бұзылудан қорғайтын симбиоз принципі ең құнды қала құрылысы идеяларының бірі екенін бағаламау мүмкін емес еді. Болашақта Астана Сарыарқа төсіндегі сартегеш шаһарға, желегі майысқан жасыл қалаға айналуы керек болды. Осы жылдар ішінде 40-тан аса жаңа гүлбақ пен саябақ салынды, қаланың айналасындағы 40 мың гектардан аса жер орманды алқап­қа айналды. Алғашқы жылдары отырғызылған ағаштар қазіргі уақытта 6-10 метр биіктікке жетті. Алдағы уақытта осы орманды алқап елорданы шаң-тозаңнан, қысқы уақытта бораннан қорғап, қалалық ортаның микроклиматының жақсаруына әсер етіп, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған керемет демалыс орындары болады. Осылайша, Кисе Курокава әзірлеген сәулеттегі симбиоз бен метаболизмнің жаңашыл қала құрылысы доктринасы іске асырылуда.

КУРОКАВА ҚАНДАЙ ҚАТЕЛІК ЖІБЕРДІ?

– Бірақ Бас жоспар қабылданғаннан кейін біраз уақыт өткен соң оған түзету енгізіліпті. Оның қай жері дұрыс болмады? Курокава қандай қателік жіберді?
– Астананың өсу және даму қарқыны мен көлемі әлемге әйгілі сәулетшінің барлық батыл болжамдары мен жобалау шешімдерінен асып түсті. Құрылыстың мұндай ауқымы мен экономиканың өсу қарқынын танымал сәулетші де, тәжірибелі сарапшылар да күтпеген еді. Кисе Курокава бас жоспардың негізіне алған халық санына шақталған қала құрылысы көрсеткіштері 2-3 жылдың ішінде орындалды. Мысалы, қала тұрғындарының саны 2002 жылдың басында 2010 жылға болжанған көрсеткіштердің деңгейі­не жетті. Атап айтқанда, 13 жылда елордаға 350 мыңнан аса адам көшіп келді. 2010 жылдың соңына қарай қала халқының саны 700 мыңды құрады. Бұл ретте, Астанаға көшіп келушілердің басым бөлігі еңбекке қабілетті жастар болды. Бас жоспар іске асырыла бастаған ең алғашқы сәттен бастап оның негізгі ережелері қаланы дамытудың іс жүзіндегі көрсеткіштерінен ерекшелене бастады. Көші-қон өсімін дұрыс бағаламау, бала туу деңгейін және өлім-жітімнің азаюын анықтаудағы жаңылыс болжамдар, ең негізгі фактор – елорда халқының келешектегі санын белгілеудегі қателікке алып келді. Ал осы болжамдар бойынша қала аумағында құрылыс салудың маңызды өлшемдері, тіршілікпен қамтамасыз ету жүйе­лерінің қуаттылығы анықталады. Мысалы, халық санының кемітілген есебі, демографиялық құрылымды жасарту себебінен мектеп, балабақша және өзге де әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық мақсаттағы нысандардың қажеттіліктеріндегі сәйкессіздіктер орын алды. Әлбетте, осындай кемітілген болжамды көрсеткіштер негізінде Астананы дамытудың нақты талаптары мен әлеуетті мүмкіндіктеріне сәйкес келетін жобалау шешімдерін әзірлеу мүмкін емес еді. Жапондық зерттеу тобы қабылдаған жобалау шешімдерінің кейбір ерекшеліктері әдістемелік тәртіптің кемшіліктеріне негізделген. Мысалы, бас жоспарды әзірлеу, бірқатар шешімдер бойынша, қала маңы аумақтарын жоспарлауды ұйымдас­тыру және дамыту келешегін кешенді қарау, байланыстыру, өнеркәсіптік-қойма аймағының жоспарлау құрылымының болжамды үлгісін пысықтау ескерілместен әзірленді. Осының салдарынан бас жоспар қоршаған ортамен күрделі функционалдық-жоспарлау өзара байланысының мәнінен үзіліп қалған, қаланың селитебті бөлігінің ғана жобасына айналды. Мұндай жағдайлардан кейін қаланың бекітілген бас жоспарына кезең-кезеңмен өзгерістер енгізуге тура келді.
– Астананың Бас жоспарының бұрынғы кем-кетігіне жергілікті мамандар тарапынан қандай ұсыныстар түсті? Жобаға сіз қандай өзгеріс енгіздіңіз?
– Қалыптасқан жағдайды талдау негізінде қаланы дамыту бас жоспарына түзету енгізу туралы шешім қабылданды. Бас жоспарды қайта қарау және тиісті өзгерістерді енгізу жаңадан құрылған «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтына тапсырылды. «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты қалада құрылыс салуды және жоспарлау құрылымын анықтайтын факторларды зерделеу және талдау, сондай-ақ әлемдік қала құрылысының озық тәжірибесін зерттеу негізінде елордада құрылыс салуды стратегиялық дамытудың жаңа тұжырымдамалық ережелері мен бағыттарын іздестірді. Осы кезеңде тұрғын үй-азаматтық құрылыста қалыптасқан жағдайды талдау, қала аумағын игерудің күнделікті жоспары негізінде жедел мониторинг жүргізу, аумақты дамытудың экономикалық тұрғыда барынша тиімді бағытын уақтылы анықтау, жүргізілген талдау негізінде қала аудандарының инженерлік-көліктік инфрақұрылымын дамыту ұсыныстарын қалыптастыру, экономикалық жағдайды ескере отырып, тұрғын үй-азаматтық құрылыс жоспарларына жедел өзгерістер енгізу сияқты бірқатар маңызды мәселелер шешілді. Президенттің Жарлығымен бірінші кезектегі құрылыс­ты анықтай отырып, Астана қаласын дамытудың 2030 жылға дейінгі бас жоспарының 2008-2011 жылдар аралығындағы 1-кезеңі Үкіметтің қаулысымен 2009 жылдың 28 қаңтарында бекітілді. Ал 2011 жылдың 30 шілдесінде Үкіметтің қаулысымен бас жоспар қайтадан түзетілді. Онда елорданың қала құрылысын дамытудың негізгі қағидаттары анықталды. «ЭКСПО–2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру жөніндегі 2013-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 47-тармағына сәйкес, бас жоспарға тағы да тиісті өзгерістер мен түзетулер енгізіліп, ол 2016 жылдың 23 желтоқсанында бекітілді. Қаланы дамытудың негізгі көрсеткіштері туралы қысқаша айтатын болсақ, 2030 жылға қарай елордада ­1 миллион 200 мың адам тұрады деген болжам бар. Осыған сәйкес, тұрғын үй құрылысын, әлеуметтік, инженерлік және көліктік инфрақұрылымды дамыту жоспарлануда.

ОТАНДЫҚ СӘУЛЕТШІЛЕРДІҢ ҮЛЕСІ ЗОР

– Елордадағы көрнекі ғимараттардың қайсысы отандық сәулетшілердің жобасы бойынша салынды?
– 2000-2005 жылдар аралығында Астананың бас сәулетшісі болған Владимир Лаптев – Қаржы министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғимараттары, «Қазақстан» спорт сарайы, «Солтүстік тәжі», «Арман» тұрғын үй кешендері, Астанадағы коньки тебу стадионы, Қазақстанның тарихи мұражайы тәрізді бірқатар танымал жобалардың авторы. Сол сияқты Сағындық Жанболатовтың барынша танымал жобаларының ішінде ақ рояль іспеттес Қазақ Ұлттық өнер университетінің ғимаратын, «Әзірет Сұлтан» мешітін атап өтуге болады. Ол Астана қаласындағы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы жобасы үшін 2016 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Ал Төлеген Әбділданың төл туындысы – Астана қаласындағы цирк. Ұшатын табақша түріндегі 2000 орынға арналған әсем ғимарат елорда тұрғындары мен қала қонақтарын таң-тамаша етуде. Бұдан бөлек Төлеген Әбділда Астана қаласындағы бірқатар үкіметтік ғимараттар кешені авторларының бірі.
– Ал сіздің қандай жобаларыңыз жүзеге асырылды?
– Қазақ елі монументін қайта жаңарту жобасына қатыстым. Сонымен қатар, Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталықта орналасқан Сулы-нулы желекжол жобасын, осы жаңа әкімшілік орталықтағы Дөңгелек алаң, Бас алаң жобаларын атап өтуге болады.
– Жаңа әкімшілік орталықтағы Министрліктер үйі ғимаратының жобасы алғашында басқаша болған ба?
– Министрліктер үйі, негізінде, тұрғын үй ретінде жобаланған болатын. Қалалық жоспарлаудың талабына сәйкес, әкімшілік ғимараттардың жанында тұрғын үйлердің болуы міндетті. Себебі кешқұрым жұмыс уақыты аяқталып, мекемеде ешкім қалмаған кезде тас қараңғы зәулім ғимараттар қаланың сәнін кетіреді. Сондықтан түнгі уақытта әкімшілік ғимараттардың ортасында шамдары жарқыраған үйлер тұруы тиіс.

Қазіргі Министрліктер үйінің ғимараты Ақорда, Үкімет, Парламент үйі ғимараттарының жанындағы тұрғын үй ретінде салынып, кейіннен Президенттің шешімімен ол Министрліктер үйі болып өзгертілді.

Жалпы, Астанадағы кез келген ғимарат пен тұрғын үй кешендерінің құрылысы басталмас бұрын жобаларды Мемлекет басшысының өзі мұқият қарап, пікірін айтып отырады. «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтына келіп, мұндағы жобалармен танысып, кейбіріне өзгеріс те енгізеді.
– Қазіргі уақытта Астананың ажары туралы шетелдік кәсіби сәулетшілер қандай көзқараста? Бейбітшілік және келісім сарайы мен «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы сәулет жобаларының авторы британдық Норман Фостер мен Астананың Бас жоспарын жасаған жапондық Кисе Курокава кейіннен Астананы көргенде қандай пікір білдірді?
– Әрине, шетелдік сәулетшілер Астананың сәулетін жоғары бағалайды. Норман Фостер мен Кисе Курокава Астанаға келген сайын қаланың аса қарқынмен өсіп жатқанын, өздерінің төл туындыларын көргенде ерекше сезімге бөленіп, толқыныста болып, шаттанып қалатын. Норман Фостер әлі күнге дейін құрметті қонақ ретінде елордаға келіп, мұндағы өзгерістерге шынайы пікірін, тілектестігін білдіріп отырады. Ал Кисе Курокава біраз уақыт бұрын дүние салды. Бірақ оның балаларына да Астана ыстық көрінетін сияқты. Олар да Астанаға сәт сайын келіп тұруды дәстүрге айналдырған.

ІРГЕДЕГІ АУЫЛДАР ІЛГЕРІ БАСАДЫ

– Сәрсембек Ендібайұлы, Астананың шет аумақтарының алдағы дамуы қалай болады? Осыны тарқатып айтып берсеңіз.
– Қаланы тұрақты дамыту үшін Астана агломерациясының өңіраралық схемасы әзірленді. Оның құрамына агломерация өзегі – Астана қаласымен қатар, Ақмола облысының Ақкөл, Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарының 123 елді мекені кіреді, агломерация аумағының жалпы алаңы 2,2 миллион гектарды құрайды. 2030 жылға қарай агломерациядағы халық саны 1 миллион 600 мың адамға жетеді деген болжам бар. Мұндағы негізгі мақсат – қолда бар ресурсты пайдалану арқылы елорда және қала маңы тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыратын бірыңғай қала құрылысы кешенін қалыптастыру. Агломерацияны ондағы тұрғындардың өмір сапасы Астанадағыдан кем түспейтін аумақ тұрғысында қарас­тыру қажет. Бұл ретте елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ететін белдеуді, құрылыс материалдарымен қамтамасыз ететін құрылыс индустриясын, логистикалық және өнеркәсіптік орталықтарды, елорда тұрғындарына қысқа мерзімді демалыс мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін рекреациялық аумақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ауқымды жұмыстардан қарқынды өндірістік, көліктік және мәдени байланыстар бір жүйеге біріктірілген елді мекендердің шоғырлануын қалыптастыру, халықты жұмыспен қамту, экономиканың өсуі күтіледі.

ЖЕТІ ЫҚШАМ АУДАН ПАЙДА БОЛАДЫ

– Астана агломерациясына енген елдімекендерді немесе Астана айналасындағы өзге өңірлерді бір-бірімен байланыстыратын жолдар салына ма?
– Әрине, қазірдің өзінде Астананың сыр­тымен өтетін, «К-1» және «К-2» деп аталатын екі бірдей айналма жол бар. «К-1» жолының ұзындығы – 86 км. Бүгінгі күні оның үштен бір бөлігі пайдалануға берілді. Алдағы уақытта Тілендиев даңғылынан Қорғалжынға, Қорғалжын жақтан бірден Қосшыға шығатын жолды салу жоспарланып отыр. Мысалы, Алматыдан келе жатқан жүк көлігі айналма жол арқылы қала сыртымен Қарағандыға, Көкшетау­ға, Қостанайға өте береді. Ал «К-2» айналма жолының ұзындығы – 40 шақырым. 8 жолақтан тұратын бұл жолда бағдаршам жоқ. Көрші облыстан шыққан жолаушылар Астананың ішіне кірмей-ақ діттеген жеріне жете алады. Бұл белгілі бір деңгейде елорданы көлік түтінінен қорғайды. Бас жоспарға сәйкес, осы айналма жолдардың қиылысында жеті ықшам аудан пайда болады. Сол аудандардың тұрғындары немесе өткінші жолаушылар міндетті түрде елорданың орталығына келуге қажеттілік туындамас үшін барлық жағдай қарастырылады. Мысалы, әр ауданда ірі сауда-ойын-сауық орталықтары, супермаркеттер, саябақтар салынады.
– Дәл қазіргі уақытта Астананың қанша пайы­зы салынды? Құрылыс­ты 100 пайызға аяқтау қашанға жоспарланған?

– Қазіргі уақытта Астананың үштен бір бөлігі салынды. Алайда қай жылы салынып болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Себебі, қала құрылысы ешқашан тоқтамайды.

Мысалы, Мәскеу әлі күнге дейін салынып жатыр. Онда зәулім ғимараттардан бөлек, бұрынғы бесқабатты үйлер бұзылып, орнына 20-25 қабатты тұрғын үй кешендері тұрғызылуда. Сол сияқты Астана құрылысы келешекте де тоқтамайды. Ескі үйлер күреліп, орнына жаңалары пайда болады. Жалпы, 10 жылдан кейін Астана гүлбақтары мен саябаққа бай, жасыл желекке оранған, әсем де жайлы қалаға айналады. Еуразия кеңістігіндегі елдердің мәдени, экономикалық және саяси орталықтарының бірі, ғылым мен білім, өнер мен жоғары технология қаласы және өз еңбегімен елдің мәдени-рухани құндылықтарын арттыратын, бәсекеге қабілетті, бақытты және табысты жандар өмір сүретін қала болады деп нық сеніммен айтуға болады.
– Астананың 20 жылдық мерейтойына орай, елордалықтарға деген жылы лебізіңізді білдірсеңіз.
– «Елорда тойы – ел тойы» дегендей, тек астаналықтарды ғана емес, барша халқымызды еліміздің бас қаласының мерейлі мерекесімен құттықтаймын. Елордамыз жарқырап, жайнай берсін дегім келеді.
Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − 8 =