Қала қуатының қауқары қандай?

0 113

Астана қарқынмен дамып келе жатқаны соншалық, кейде жылу, электр желілеріне салмақ түсіп кетіп жатады. Елорданы қажетті тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған бірінші және екінші жылу орталықтары кешегі шағын ша­һарға шақталған болатын. Кейін қарыштап өркендеген бас қалада жылу мен жарық жетіспеушілігі байқалмас үшін осы жылу-электр орталықтары кеңейтіліп, қайтадан жаңғыртыла бастады. Мысалы, Астанаға таратылатын электр энер­гиясының 60 пайызға жуығын өн­діріп отырған «Астана-Энергия» АҚ-ның 2-ЖЭО былтыр мөлшері 2 млрд 405 млн кВт/сағ. электр­энергиясын шығарған. Ал жылу энергиясының көлемі – 5 млн 122 мың гигакалорийді құраған. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 30 млн 600 мың кВт/сағ-қа артық көрсеткіш. Кәсіпорын 2009 жылы басталған күрделі жөндеу жұ­мыс­­тарының арқасында осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Сөйтіп, өткен жылу беру маусымы ешқандай кедергісіз өткен еді. Ал қала тұрғындарының пәтер­лерінде 40 градусқа жететін аязды күндердің өзінде жылу температурасы қалыпты сақталған.
Қала әкімдігінің баспасөз қыз­метінің мәліметіне қарағанда, 2-ЖЭО-дағы жөндеу-жаңғырту жұмыстары әрі қарай жалғасып, 2017 жылға дейін біртіндеп төрт бірдей су жылыту қазандығы мен екі турбоагрегат пайдалануға бе­ріледі. Бұл 2016 жылдың өзінде-ақ 240 МВт электр мен 560 Гкал/сағ қуатын қосымша өндіруге мүм­кіндік бермек. Алдағы уақытта осы жылу-электр орталығы ЭКСПО
көрмесі өткізілетін аумақты да жылу қуатымен қамтамасыз ет­пекші. Ол үшін ұзын-ырғасы 26 шақырымды құрайтын жылу магис­тралын салу жоспарланып отыр.
Елорданың 1-ЖЭО-ның да өн­­дірістік қуаты артып келеді. Мұн­дағы 2008 жылы басталған қайта жаңғырту жұмыстарының жобасы жылу энергиясын тарату үшін жұмсалатын жанармайдың шығынын азайтады әрі станса қуат­тылығын арттыратын болады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде былтыр №3 қазан­дық агрегаты орнатылып, іске қосылған. Бұл жоба 2016 жыл­дың алғашқы ширегінде түбе­гей­лі жүзеге асырылады деген болжам бар.
Ал болашақта елордамызда үшінші жылу электр орталығы іске қосылатынынан жұртшылық хабар­дар. 2011 жылдан бері салынып жатқан өндірістің құрылысы кестеге сай жүргізіліп келеді. Ны­санның алғашқы кезеңі 2015 жылы пайдалануға беріліп, 2018 жылы толығымен тапсырылады деп жоспарланған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − five =