Қала қуатының қайнаркөзі

0 109

Жылу мен жарық –  қала тіршілігінің негізгі қан тамырлары. Осы екеуінсіз шаһар тірлігін елестету мүмкін емес. Елордаға таратылатын электр энергиясының 60 пайызға жуығы «Астана-Энергия» АҚ-ның 2-Жылу электр орталығында өндіріледі. Күндіз-түні тыным таппайтын кәсіпорынның ішкі ахуалына біз де үңіліп көрдік.

Қуаты артқан өндіріс

Тәулік бойы көк түтін будақтап, алыстан «менмұндалайтын» 2-ЖЭО ғимараты астаналықтарға жақсы таныс. 1979 жылы іске қосылған жылу стан­сасының жалпы электрлік қуаты саға­тына 360 МВт болса, жылу энер­гиясының күші сағатына – 1021 Гкал-ды құрайды. «Астана – Энергия» АҚ басқарма төр­ағасының бірінші орынбасары Олег Уткиннің айтуынша, 2-ЖЭО былтыр мөлшері 2 млрд 405 млн кВт/сағ электр­энергиясын өндірген. Ал жылу энергиясының көлемі – 5 млн 122 мың гигакалорий. Бұл 2011 жылмен салыс­тырғанда 30 млн 600 мың кВт/сағ артық көрсеткіш екен.

– Мұндай нәтижеге №4 турбоагрегат күрделі жөндеуден өткеннен кейін қол жеткіздік. Бұл қондырғы за­уыттық қуатына қайта оралып, электр­энергиясын сағатына 120-125 МВт көлемінде өндіріп отыруға мүмкіндік береді, – дейді Олег Вальеревич.

Елбасының тапсырмасымен іске қосылған 4 су жылытқыш қазан­дықтың арқасында жылу энергиясы да алдыңғы жылдармен салыстырғанда, 472 мың Гкал артығымен өндірілген.

Жарық пен жылудың мөлшерін көбейтіп, ЖЭО-ның қуаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстар келешекте де жалғасын таба бермек. Бүгінде «ЖЭО-2-ні кеңейту және қайта жаңғырту» жобасы шеңберінде 7-ші және 8-ші қа­зан­дықтар іске қосылмақ. 2016 жылға қарай екі ірі энергетикалық қа­зандық агрегатын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл қа­зандықтар электр сүзгісі мен күкірт тазалағышы бар заманауи қондырғы болмақшы.

Ал биыл жыл соңына қарай қуаттылығы 120 МВт 5-ші турбоагрегат, келесі жылы сағатына 120 МВт болатын №6 турбоагрегатын да пайдалануға беру жоспарланып отыр.  Жаңа қондырғыларды орнатып, қолда бар құрылғыларға жөндеу жұмыстарын тиянақты жүргізген ЖЭО ұжымы 2012-2013 жылдарға арналған жылу беру маусымын ойдағыдай атқарыпты.

Алып «темірлердің» әлеуеті

Әкімшілік отыратын ғимаратпен жапсарлас орналасқан негізгі өндіріс орнына қарай бет алдық. Дәлізден өтіп, үлкен темір есікті ашқанымыз сол, гүрілдеген дауыстан құлағымыз тұнып кетті. Ғимараттың іші де қапырық екен. Жылу өндіретін кәсіпорын екенін айтқызбай-ақ ұғындырып тұр. Айналаның бәрі «темір-терсек».
Өндіріс табалдырығын аттамай жатып-ақ, гүріл мен дірілден есі­міз шығып тұрған біздің түрі­міз жанымызда еріп жүрген Се­німділік және техникалық қа­уіп­­­сіздік қызметінің басшысы Уә­­лихан Асқарбековке қызық көрінді білем, жымиып қойды.

– Біздің даусымыз да осы гү­ріл­дектен кем түспейді. Егер айқайлап сөйлеп бара жатқан адамды көрсеңіз, жылу энергетика орталығында жұмыс істейді деп ойлай беріңіз, – деп әзілдеп қойды ол.

Уәлихан Дайрашұлымен ілесіп, орталық жылу басқару орнына келдік. Мұнда екі қазандық пен екі турбоагрегатты басқарып отырған машинистер отырады екен. Олардың алдында қап­та­ған пернесі мен тетігі бар тех­ника тұр. Қабырғадағы сағат тә­різдес құрылғылардың саны да одан қалыспайды. Уәлихан Дайрашұлының айтуынша, бұл су мен будың қысымын, атомос­ферасын, ток пен кернеудің кө­ле­мін, қуат шығынын есептеп тұратын өлшегіш құралдар екен. Олардың жұмысын машинистер мүлт жібермей бақылап отырады. Машинистер демекші, жылу орталығында осы мамандар ерекше бағаланады. Оларға үлкен жа­уапкершілік жүктеледі. Осында машинист болу үшін энергетика саласының майда-шүйдесіне дейін жетік меңгеріп, өндірістің төрт сатысынан өту керек. Алдымен күлді сумен шы­ғаруды бақы­лайтын маман жұ­мысын игеру керек. Бұдан кейін көмірді балғалап, майдалау қондырғысын бақы­лауды үйрену қажет. Осыдан ке­йін қазандықтың төменгі бө­лі­гіндегі қосымша қондыр­ғы­ларды бақылаушы, төртінші, қа­зандықтың жоғары жағында тұрған қондырғыларды бақы­лау­шы қызметінен өтіп, әбден шыңдалу керек. Осы төрт саланы меңгеріп, емтиханнан мүдірмей өткен маман ғана қазандықтың «құлағын» ұстайды.

Жылу электр орталығының кө­здің қарашығындай сақтайтын қазандығы – біз білетін кәдімгі қазан емес. Оның сыртқы пішіні құбырға ұқсайды. Жылу мен жа­рықты өндіру осы қазандықтағы суды жылытудан басталады. Алдымен қоймадағы көмір бульдозермен конвейерге тиеледі де, қазандықтардың бункерлеріне, сосын көмірді майдалап үгетін балғалы диірменге жеткізіледі. Содан кейін көмір қазандық пеш­теріне келіп түседі.

Пешке тамызық ретінде бірінші мазут жағылады. ЖЭО-ның бетон мұржасынан кейде қою қара түтін шығып тұратынын байқаған боларсыз. Бұл – мазут жағылып жатыр деген сөз.

Қазандықтар әбден қызып, температурасы – 555 градус, қысымы 140-қа жеткенде, мазут жағу тоқ­татылып, оның орнына пешке әбден ұнтақталған көмір салына бастайды. Сол кезде мұржаның түтіні де ағарады. Қазандық 3,5 сағат қыздырылғаннан кейін барып, өзінің зауыттық параметріне келеді екен.

Әбден қызған қазандық қайнап, суды буға айналдырады. Одан са­ғатына 420 тонналық ыстық бу шығады. Бу қатты қысымның күшімен турбоагрегаттарға жi­бе­рiледi. Жоғарғы қысымды бу алдымен турбинаны және онымен бiр бiлікте орнатылған электр генераторын айналдырады.

Генератордан энергия бөлiнедi. Ток кернеуі – 10 500 вольтті құрайды. Пайда болған қуат көзі генераторлардан кернеуді жо­ға­рылататын трансформаторға бе­ріледі. Осы жерден 110 мың вольт мөлшеріне дейін күшейген кернеулер Ақмола аумақтық электр желілерімен қалаға жет­кізі­леді. Ал жарықты елор­далық тұтынушыларға тарататын – «Ас­тана – РЭК» АҚ (бұрынғы «Қалалық электр желілері»).

Әрине, мұның бәрі ауызбен айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе, жарық пен жылу энергиясы өндіріліп шық­қанша, олардың қысымы, кө­лемі, кернеуі қалыпты мөлшерде болып, тепе-теңдігін ұстап тұруын қадағалау – оңай жұмыс емес. Мы­­салы, турбинадағы қысым қа­лыптағыдан асып кетсе, онда ми­нутына 3 мың айналым жасай­тын алып «темір» айналаны әп-сәтте күл-талқан етуі мүмкін.  Турбогенераторда пайда­ла­нылғаннан кейін бу турбина конденсаторына түсіп, салқындап, қайтадан суға айналады. Конденсаторды салқындататын су градирняда суиды. ЖЭО екенін айғақтап тұратын үш үлкен мұнараны білетін боларсыз? Градирня, яғни су салқындатқышыңыз осы. Егер қысымы мен температурасы төмендеген буды тез арада суға айналдырмаса, онда турбина айналмай, кептеліп қалады екен.

Бұдан өзге, температурасы тө­мендеген суды ысытатын қазан­дықтар да бар. Елбасының қа­ты­­суымен тұсауы кесілген осы қондырғылардың қыстан қы­сылмай шығуға көмегі көп болған екен.

Қазандықтар компьютермен басқарылады

«Астана-Энергия» АҚ-да 1278 адам жұмыс істейді. Соның 800-дейі – екінші Жылу электр орталығында. Өндірістік мекеменің қазан­дығында – 30, турбинасында 20 машинист бар. Оларды бір-бір аға маман бақылайды. Басқа сала секілді, жылу электр орталығы да соңғы үлгідегі тың технологиялармен жабдықтала бастапты. Біз барған екінші ор­талық жылу басқару бөліміндегі кейбір қазандық пен турбоагрегат компьютермен басқарылады екен.

Әрине, 1979 жылдан бастап орнатылып, 1984 жылы аяқта­лып біткен бұрынғы басқару пульт­­теріне өкпе жоқ. Бұл техника әлі күнге дейін мүлтіксіз жұ­­мыс істейді. Ал жаңа техно­ло­гия­­ның артықшылығы – ың­ғайлы. Адам күшін көп қажет етпейді. Қон­дырғылардың жұ­мысын монитордан бақылап оты­­расыз. Енді бірнеше жылда қолда бар қазан­дықтар мен тур­бо­агре­гат­тардың түгелі авто­мат­тан­ды­рылған басқару жүйесіне кө­шетін болады, – дейді Уәлихан Асқарбеков. Монитор алдында жайғасқан жігітті әңгімеге тарттық. Өзін 6-шы қазандықтың машинисі Аманболат Жұмашев деп таныс­тырған ол жылу беру маусымы аяқталуына байланысты ЖЭО-2-дегі алты қазандықтың тек үшеуі жұмыс істеп тұрғанын айтты.

– Әзірше үш қазандықтың өзі қаланы тегіс жарықпен қамтуға жеткілікті болып отыр. Ал қыста қазандықтың алтауы да жұмыс істейді. Егер аумақтық диспет­черлік орталықтан жарықты көбейту тұралы сұраныс түс­се, онда резервте тұрған қазан­дық­тарды іске қосамыз, – дейді машинист.

Кезінде жылу энергетика орта­лықтарында маман тап­шы­лығы байқалған екен. Ал қазір еліміздің ірі қалаларындағы оқу орындарда энергетика маман­дықтары көптеп ашылғалы сұра­ныс әжептәуір азайыпты. Дегенмен де білікті ма­мандардың бұл салаға артық бол­майтыны анық.

Түтін де тазартылады

ЖЭО – 2-де орталық жылу бас­­қару бөлімдерінен басқа, көп­­­­­теген цехтар бар. Атап айт­қанда, электр, отын тасымалдау, құрылыс-жөндеу, жылу автоматикасы және өлшегіш цехтары, химия және автокөлік цехтары. Соның ішінде қоршаған ортаны қорғау зертханасына айрықша тоқтала кеткеніміз жөн. Өйткені жылу энергетикалық орталығынан шығатын қалдықтардың қоршаған ортаға қаншалықты әсер ететіні кім-кімді де толғандырары анық. Аталған зертхана осы мәселемен айналысады. Мұндағы зертхана­шылар өндіріс орнынан шы­ғып жатқан түтінді арнайы тек­се­рістен өткізеді екен. Егер түтін құрамындағы азот қыш­қылы, кө­міртегі, басқа да заттар ша­ма­­дан тыс көбейіп кетсе, дереу мамандарға хабарлап, шара қол­дануды талап етеді.

Қазіргі таңда түтінді тазалауға эмульгатор қондырғысы қол­да­нылады екен. Осы қондырғыға қосымша су берген кезде түтіннің күлдері суланып ішке түседі де тек таза газы ғана көкке көтеріледі. Оның құрамындағы азот қыш­қы­лы (NOx) белгіленген мөл­шерден аспайды. Демек, қоршаған ортаға да зияны жоқ.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + 3 =