Қала қауіпсіздігі күшейеді

0 74

Батырлан Есенбаев, Астана қаласы ІІД бастығының орынбасары

 – Жақында департамент күзет фирмаларының өкілдерімен кездесті. Жиында қандай мәселе көтерілді?

– Талқыға түскен негізгі тақырып – тұрғын үй қауіпсіздігі мәселелері жөнінде тұрғындар арасында жүргізілетін түсіндіру жұмыстарын жандандыру. Сонымен қатар қаладағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге Астананың күзет мекемелерін тарту.

– Елорданың қанша күзет мекемесі бар?

– Бүгінгі таңда Астанада пульттік күзет қызметін көрсететін 18 ұйым жұмыс істейді. Олар пәтерлер мен жеке үйлердегі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

– Ұрлық мәселесі азайған шығар?

– Осы күзет ұйымдарының бақылауындағы пәтерлерге ұры көп түспейді. Тіпті, ұрлық жасауға талпынғандардың талайын күзет қызметкерлері мен полиция өкілдері дер кезінде ұстайды. Қала аумағында күн сайын олардың елу автопатрулі қылмыстың алдын алуға жұмылдырылады.

– Құқықтық тәртіп орнатуда күзет ұйымдарымен қандай келісімге келдіңіздер?

– Заманауи талапқа сай зияткерлік қауіпсіздік жүйесін енгізу жөніндегі Президенттің тапсырмасын іске асыру бойынша тәжірибелік-ұйымдастыру шаралар кешенін қабылдау қажет екені белгілі. Осыған орай Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов күзет ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеудің жаңа үлгілерін қарауды тапсырды. Осы тапсырмаға байланысты тұрғындарға тұрғын үй қауіпсіздігі мәселелері, ұрлықты азайту жөнінде түсіндіру жұмыстарын жандандыру қолға алынды. Күзет фирмаларының басшылары ұрлықтың алдын алу мәселесі бойынша полициямен тығыз байланыста жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.

– Алайда күзет қондырғыларын орнатуды халықтың қалтасы көтере бермейді. Бұл мәселе қалай шешілмек?

– Жиында пәтерлер мен коттедж­дерге күзет қондырғыларын орнату бағасы айтылды. Атап айтқанда, күзет сигнал беру жүйесін монтаждау мен абоненттік төлем құны төңірегінде әңгіме өрбіді. Қазіргі уақытта абоненттік төлемнің құны айына бес мыңнан он мыңға дейін жетеді. Сондықтан абоненттік төлемнің құнын отыз пайызға дейін арзандату туралы келісім жасалды. Жалпы, қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күзет фирмалары мен полиция қызметкерлері бірлесіп жұмыс істейтін болады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 5 =