ҚАЛА ҚАЛЫПТЫ ДАМУ ҮСТІНДЕ

0 139

01-25-11

ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ «АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ЖОСПАРЫ» ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ-ЖОБАЛАУ ИНСТИТУТЫНДА БОЛЫП, ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫН ОДАН ӘРІ ЖАҚСАРТУ ЖӘНЕ ЕЛОРДАНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДАРЫН ДАМЫТУ ШАРАЛАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ОЙЛАРЫН ОРТАҒА САЛДЫ.

«Аkorda.kz» сайтының хабарлауынша, Елбасы Астана халқының саны көші-қон үдерісі есебінен 900 мың адамға жақындағанын, олардың санын 2-3 миллионға жеткізу жос­парда жоқтығын, бұл үшін алдымен ин­фрақұрылымдық салада көптеген жо­балар жасалу қажеттілігін айтқан.
Елбасы елорданың маңайы мен қаланың ішіндегі жер телімдері мәсе­лесін көтеріп, кезінде жеке тұл­ғалардың иелігіне өтіп кетіп, әлі күнге игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке кері қайтару мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды про­куратураға тапсырды.
– Біз сол жер телімдерінің иелері кімдер екенін білетін боламыз және дәрежесіне, атақ-шеніне қарамастан, мемлекетке қайтартамыз, – деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында алғашқы жылдары асығыс салынған үйлердің қасбетін жақ­сартуды жалғастыруды тапсырды. Жеңіл рельсті көлікті іске қосу арқылы қаладағы көлік проблемалары да шешілуге тиіс.
Бұдан басқа да мәселелерге тоқ­талған Елбасы:
– Қаланы үздіксіз кеңейте беруге мүмкіндік жоқ. Астана – елі­міздің әкімшілік орталығы. Ол тұр­ғындар үшін ықшам әрі жайлы, қолайлы болуы тиіс. Қала қалыпты даму үстінде. Біз салынатын құры­лыстардың перспективасын зерт­теуді жалғастыруымыз керек және елордаға көшіп келгенде бірден пәтер немесе үй беріледі деп жұрт­шылықты үміттендірмеуіміз қажет. Осы мәселенің толғағы жетті. Мен мұқият дайындалып, арнайы кеңес өткізуді тапсырамын, – деді.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев елорда маңында және қала ішінде «жасыл белдеуді» ұлғайту жұмыс­тарын жалғастыруды тапсырды.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысына елорда архитектурасы мен қала құрылысы саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, жобалық ұсыныстарды назарына ұсынды, сондай-ақ, қабылданған жобалардың іске асырылу барысы жайында хабардар етті.
Соңында Мемлекет басшысы бір­қатар мәселелер жөнінде тиісті мем­лекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + two =