«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қала мұрағатына жаңа ғимарат қажет

0 160

Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатындағы құжаттарды электронды нұсқаға көшіру көрсеткіші 1 пайызды ғана құрайды. Оның себебі мекемедегі сканер ескірген. Барлық құжаттарды қамтуға бұл техниканың шамасы келмейді. Жалпы мұрағатта құжаттарды сақтау, пайдалану, штатқа байланысты бірқатар түйткілдер бар. Кеше қалалық мәслихат депутаттары шаһардың мұрағаты мен оған қарасты Алматы және Есіл аудандарының бөлімшелерін аралау барысында аталмыш түйткілдермен танысты.

Қалалық мұрағат директоры Арысбек Көкбастың мәлімдеуінше, құжаттарды электронды нұсқаға көшіруді жылдамдату үшін мекемеге заманауи үлгідегі жаңа сканер керек. «Жақында Петропавлға барып келдім. Сондағы мұрағат өздеріне жақсы сканер сатып алған. Біз 26 миллион теңге тұратын сканерді аламыз деп жоспарлап қойдық. Бұл сканер құжаттарды жылдам көшіреді. Сәйкес тапсырысты өткізіп қойдық. Бірақ әлі нақты шешім шықпай жатыр» дейді мұрағат басшысы.
Оның айтуынша, елімізде құжаттарды электронды нұсқаға көшіруден 3-4 сканері бар Қызылорда қаласының мұрағаты алда келе жатыр. Бұл мекеме құжаттардың 50 пайызын көшіріп үлгерген.
Астаналық мұрағат қоры да толып кеткен. Сол себептен мемлекеттік мекемелерден құжаттарды қабылдау тоқтатылды. Тек қана жұмысын тоқтатқан мекемелердің құжаттары ғана қабылданып жатыр. Соның өзінде құжаттар тығыз орналасқан. Олар сақталатын сөрелер де ескі. Осы тұрғыдан мәслихат депутаты Мәжит Шайдаров заманға сай келетін жылжытылатын сөрелерді сатып алу тиімді болатыны, мұндай сөрелер орынды да кеңейтетіні жайлы пікірін жеткізді.
Жалпы қалалық мұрағатқа аудандардың құжаттарын бір жерде сақтайтын ғимарат қажет. Бүгіндері мекеменің бас ғимаратында Сарыарқа ауданына тие­сілі құжаттар ғана сақтаулы. Алматы мен Есіл аудандарының бөлімшелері Пригородный тұрғын алабында орналасқан. Ал жаңадан ашылған Байқоңыр ауданы бөлімшесіне Ж.Нәжімеденов көшесіндегі 10/2 үйдің бірінші қабатынан орын берілген.
Пригородныйдағы бөлімше орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Автономды жүйе төтенше жағдайға алып келуі мүмкін. Бөлімшеге барған депутаттар осы жағына да назар салып, орталық жылуға қосылу керектігі туралы пікір білдірді. Мұрағат мәселесі бүгін қалалық мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс жөніндегі комиссия отырысында қаралады. Бұл жайлы газетіміздің келесі санында тарқатып жазатын боламыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды