Қала көркі – қоғамдық кеңістік

0 25

Биыл елорда тұрғындары мен қонақтарына бос уақытын тиімді өткізуге арналған орындар көптеп пайда болып, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов инстаграм парақшасында жазды.

Биыл бас шаһарда 760 мың шаршы метр (76 гектар) жер абаттандырылып, қала тұрғындары серуендеп, спортпен айналысуға арналған бірқатар жайлы орындар пайдалануға берілді.
«Абаттандыру кезінде қаланың ескі бөлігі мен тұрғын алаптарға ерекше назар аударылды. Мысалы, халық тығыз орналасқан аудандардың бірі – Байқоңыр ауданында 53 аула мен 13 ірі қоғамдық кеңістік салынды. «Жастар» ықшам ауданында 50 көппәтерлі тұрғын үй кешені орналасқан. Онда 23 аула абаттандырылды. Көпшіліктің көңілі ауған жұмыстың бірі – көпір асты кеңістіктер болды. Олардың бірі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті маңында орналасқан. Ондағы 3 мың шаршы метр­лік орынға баскетбол, воркаут және скейт-алаңдар, теннис үстелдері орналастырыл­ған» деп жазады қала басшысы.
Сондай-ақ шаһардың шет аймақтарына да ерекше назар аударылды. Мәселен, «Өндіріс» тұрғын алабындағы өткен ғасырдың елуінші жылдарында салынған үйлер сүріліп, оның орнына футбол, баскетбол алаңдары бар шағын саябақтар салынды.
«Қазір Сарыарқа ауданында 40 аула мен 20 қоғамдық кеңістік бар. «Көктал-1» тұрғын алабындағы жаңа саябақтың көлемі 16 гектарды құрайды. Онда спорт пен ойын-сауыққа арналған үлкен аумақтан бөлек, амфи-театр мен жас жұбайлардың неке қию рәсімін өткізуге арналған ротунда орнатылды, итпен серуендеуге арналған арнайы алаң жабдықталды. Сондай-ақ Желтоқсан, І.Есенберлин, Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин көшелері, Бейбітшілік даңғылы бойында орналасқан аулалардың бір бөлігі абаттандырылды» дейді елорда әкімі.
Сонымен қатар Алматы ауданында да 50-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік бар. Қаладағы алғашқы көпір кеңістігінің аумағы 8 мың шаршы метрден асады және Триатлон мен Президенттік саябақтар арасын байланыстырып тұрған артерия болып саналады. Аумақ спорт түрлеріне бөлінген. Қала тұрғындарына теплоходпен жүруі үшін пирстер орнатылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 − two =